• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Тарих 15 Қаңтар, 2019

Пірдің соңы – Бекет ата

3119 рет
көрсетілді

(Соңы. Басы 7-нөмірде)

2.Тұмар болған тілегі

...Осы аңыз естігенде есімді алған,

Сондай бір ел жадында есім қалған.

Адайлар: «Иә, Бекет» деп сыйын­ғанда,­

Кеңейіп сала берген есіл жалған.

                                               Ғафу Қайырбеков

 1981 жылғы қыркүйек айында Норвегияда болған сапарымда баудай жамырап жатқан субұрқақтардың айдынында жүзген аққуларға қарап, қаланың батыс бетіндегі түркілік нақышта салынған көне қорғанды көріп, Осло деген қала атауының төркінінде түркінің «Асылы» деген сөзі жатқанына қиял жүгірттім. Солтүстік теңізінде жүзіп келе жатқан біздің кеменің үстімен сұңқылдап ұшып өткен аққулар тобына қарап тұрып, туған даламды тебірене еске алғаным бар. Тасқа қашалған түбі түркілік өркениеттің тарихына лек­сикалық-семантикалық сараптама негізінде ғылыми-зерделік көзқарас бағыштаған, тасқа бәдізделген беймәлім сөздердің төркінін түрткен сөзгер ақын Олжас Сүлейменовтің уәжіне жүгінсек – «сөз – ең дәлелді, ең құнды айғақ». Ежел­гі викингтердің арғы түбінде де протүркілік тамыр жатқаны ғылыми дәлелденген. «Аққу» тотемі бізден бар­ған шығар деп, кеудені мақтаныш пен өкініш қатар кернегені әлі есте. Орталық Азиядан барған аққу тотемінің Бекет атаның аққуына да қатысы бар шығар деп қиялдасақ, жұртымыз жазғыра қоймас. Киелі құстың адалдық ұстанымындай сопылық жол Бекет атаның есімін ға­сырдан-ғасырға әз күйінде алып келе жатыр. Бұл жолды Пайғамбар (с.а.с) жолы деп тану арқылы діни сенімнің маржани мазһабын көреміз.

Тура мағынасында жол жөнінде айтсақ, батысында Сарайшыққа дейін, шығысында Үргенішке дейін, түстігінде Қожа елі – Қоңыратқа дейін, терістігінде бергі Арқаға дейін кең жайылған Кең Жылыой қонысында дүниеге келіп, есімін еліне тәу етер кие, тағзым етер қасиет етіп қалдырған ұлы бабаның Хазар теңізіне ұмтыла жеткен Жем бойын­да жұртының қадірлісіне айналғаны ақиқат. Дешті Қыпшақ атанған алып өңірде ғұмыр кешкен Ноғайлы жұрты «Ел айырылған» еңкілдек заманда бірі Қырымға, бірі Ұрымға кетіп, одан әрі Бұлғар асқан. Қарға бойлы Қазтуғанның атажұртын, Бозтуған ананың келін болып түскенде оң аяқпен аттаған адал табалдырығын ғасырлардың құмы жұт­ты. Бірақ олардың соңында қалған аңыз бен деректің бір ұшы Бекет атаның да өмір сүрген кезеңіне шүлен тартып, аңсар аудартады.

Бекет ата туралы аңыздар мен әф­саналарды ой сарабына салғанда, аттың жалында, түйенің қомында ғұмыр кешіп, алдаспан жастанып, қалқан жамылып, ерулі аттың ертоқымын алмай алаң көңіл болған аламан жұртымыздың білімге сусар арманын жүзеге асыруға ерекше еңбек, ерен пейіл танытқан Бекет атаның қырық жасқа дейінгі жауынгерлік рухы одан кейін рухани сардарлыққа айналып, ең қуатты қару – білім екенін туған жұртына ұқтырудағы іс-әрекеті кемел адамның деңгейін танытады. Әбу Ханафия мазһабының сопылық жолын ұстанған баба ілімі оның пірлік парасатын терең танытып, халқына осы бағыттың дұрыстығын көрсетіп кеткен. Қара жамылып, бетін тұмшалаған діни әсірешілдіктің бізге жат екенін ол өз өмірімен де көрсетіп кеткені аян. Ешбір деректе атаның тұмшалана киініп жүру туралы айтқан сөзі жоқ. Өкініштісі, ілімді – ұққанға, ақылды – жұққанға айту керек деп осындайда айтса керек. Алланың үйін халқына қажетті жерден тұрғызып, сансыз сауап алған пірәдардың парасатын кейде науқанға айналдырып, байыса мешіт салдырып, сонымен көп күнәмізді жоямыз деген пиғылдағы пендешілік кейде бой көрсетіп қалады.

Бір қызығы, Бекет ата өзінің мешіт­терін Ұлы Жібек жолының бойына салып отырған. Біріншіден, ол әрлі-бер­лі жүрген жолаушылар тоқтап, таны­сып, көріп, сезініп, сеніп кету үшін қолайлылық жағын ойластырған. Екін­шіден, ұзақ жолдан шаршап келе жатқан жолау­шылардың жол бойындағы керуен сарайда болған кезінде олардың жарнамалық-насихаттық рөл атқаруы ескерілген. Үшіншіден, өзі де сапар кешіп келе жатқан сан алуан керуеншілерден керекті жаңалығын естіп, ақпарат алмасып отырған. Төртіншіден, су бо­йын сағалап, Үстірттің әр құдығын жағалап жүріп отыратын өзге елдің жиһангездеріне жолығып, өзі ұстанып, жүргізіп отырған дін жолы туралы мәлімет беріп, халқының өзгеге танылуына септік жасаған.

Жем бойындағы Қарағай деп аталатын жерде кезінде керуен сарайы болған. Оның құм басқан орны әлі де көрер көзге байқалады. Осы жердегі қауым Бақашы әулие аталады. Судағы сан алуан бақа­ларды ұстап, бағып, түрлі ауруларды емдеу­ге қолданған кейуананың есімі ұмы­тылса да, өнегелі ісі ұмытылмай, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатыр. Бір ауызша деректерде ол кетелердің түпанасы Кетебике деген кісі екен деп те аталып қалып жүр. Дәл осылай деп айтуға даққа қалам, бірақ аңыз астарында алғаусыз дән жататыны бар ғой. Тіпті бұл адам Бекет атамен тұстас болып, бір-бірін біліп, қатар ғұмыр кешкен болуы да мүмкін. Дүрлеп жатқан керуен сарайы, дүмеп жатқан керуеншілер, малын пұлдаған жергілікті жұрт, алыс-берістің қозғалысы болған жердің тылсым тілін озған ғасырлар байлап кеткенмен, бір күні тілін тапқан ер табылса, сөйлеп кетер.

Бекет атаның қазақ жерінің әр қиы­рында: Сыр бойында, Жем бойында, Бейнеу бойында, Бозащыда және Оғландыда, жалпы 5 мешіті бар деп жазылып жүр. Белгілі ғалым, әдебиет нұсқаларын зерттеуші Қабиболла Сы­диықовтың 1994 жылы шыққан «Бекет ата» кітабында осының төртеуі аталып өтеді. Мешіттің әр жерде болуы кезінде жас ұрпаққа сопылық ілімнің мән-мақсатын үйреткен атаның ұстаздық ұлағатынан толық хабар береді. Қазір осы мешіттердің бәріне жан-жақтан жұрт шұбырып келіп, зиярат жасап, түнеп, бата тілеп жатады. Жүректі бау­раған сенім, пейілді баураған сезім екеуі астасқан тұста адам жанының жа­ңа энергетикалық қуатқа ие болатыны дәлелденген. Қасиетті адамнан осы күн­ге дейін жеткен сенім шұғыласы кемел адамның кемеңгерлік болмысын білдіреді.

«Бұл қауымның ұраны «Бекет» болып қалыптасқанға дейінгі төл атауы ата (Ада) Ноғайлының құрамында болған тайпа» деп жазады көрнекті қаламгер Әнес Сарай. Жазушының 1982 жылы Мәскеу қаласында шыққан белгілі ғалым Т.Сұлтановтың: «Кочевые племени Приаралье в 15-17 веков» деген ғылыми зерттеуіне сүйенген мақаласында «ад-гу оғлы» және «ад-лу оғлы» деген атау­мен аталып, қазіргі шежіре бо­йынша Құдайке мен Келімберді атанып жүр­ген адайдың негізгі екі арысы екенін дәйек­тейді. Еділ мен Аралдың арасында көшіп-қонып жүрген көне тайпалардың ізі осы еңбекте біршама тиянақталған. Со­лардың арасында Бекет ата да болған. Оның Арал маңында, одан кейін Жем бойында мешіт салуы осы деректің түбінде тарихи негіз жатқанын да біл­дірсе керек. Әйтпесе жалғыз адам жапан далада мешіт салып, бейнетке ұшырамас еді.

«Ұстаздық – ұлы нәрсе» деп сөз зергері Зейнолла Қабдолов жазғандай, Бекет ата, шын мәнінде ұлы ұстаз. Өмірге сәби болып келген және сәбилік таза­лығын ғұмыр бойы сақтай алған сәруар. «Құдай – жүректе» деген имани қағиданы ұстанған Лев Толстой да ислам дінінен тек қана тазалық пен пәктікті түйсінген. Оның ұстанымында ислами бағыттың басым болғаны осыны дәлелдейді. Жүрек тазалығы – сопылық ілімнің ең басты шарты. Жаратқанға мейілінше жақындаудың да басты ережесі осында. Абайдың: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деуінде ұлы тәмсіл жатыр. «Рас сөз ешқашанда жалған бол­мас» деген діни-философиялық тұ­жырым оның абыздық-хакімдік болмысын сомдаған. Бір қарағанда жай ға­на тіркес ретінде естілетін «рас сөз еш­қашанда жалған болмас» деген философиялық тұжырымды талдау үшін терең теологиялық теорияны прак­тикалық парасатпен шендестіру қажет. Бекет ата осы қисынды ілім жү­зінде жү­зеге асырған адам. Атаның ерек­ше қасиеттерінің негізі – оның терең діни білімінде, Алла берген ерен қабі­летінде, тылсым теологиялық танымында, дидактикалық-философиялық әлеуетінде, телепатиялық тылсымын­да, кемелдік келбетінде жатыр. Оның ғажайып қасиеттерін біз тек өз мақ­сатымызға қарай бейімдейміз, алай­да атаның ерекшелігін ғылыми-сарап­тамалық, діни-танымдық жағынан үңі­ле індеткеніміз жоқ. Діндидары мен ділдидарын жүрек айнасында тең ұс­таған тектінің ізіне түсер ізгер келер уақыт болды.

Бекет ата – ел таныған әулие. Неге әулие демеске? Бекет атаның туғанына 260 жыл толуы қарсаңында оның Ақ­мешіттегі кесенесінде шырақшы болып отырған, атаның тікелей ұрпағы Ис­лам қажы Мырзабекұлы көлемі 650 беттік «Бекет ата» атты жинақ шығарды. Сонда атаның әулиелік қасиеті туралы жүздеген мысалдар, аңыз-қисындар, ел аузынан жеткен әңгімелер бар.

«Халық айтса, қалт айтпайды» деген сөзіміз бар. «Мединеде – Мұхам­мед, Түркістанда – Қожа Ахмет, Маң­ғыстауда – Пір Бекет» деген тұрақты тіркесті шығарған да халқымыз. Ислам әлемінің есімдері бір-біріне жалғасқан үш перзентінің әз аттары қазір діни ұғым мен діни ұстанымның түпқазығы секілді қабылданатын болды. Әрине, қазақ даласында ерекше қасиет пен мүмкіндікке ие талай жандар болған. Бірі емші, бірі көреген, бірі дұғашыл, бірі баташыл, бірі болжампаз сол жандардың барлығы дерлік ислам дінінің ата-баба дәстүрімен астасқан бағытын ұстанған. Қажет кезінде қарапайым пенде, қажет кезінде тылсым күшке ие болған олар туралы аңыз-дақпырттар да жеткілікті. Бірақ олардың қай-қайсысы да осы үш­тіктің тұспалды тіркесіне кірген емес. Демек, Бекет атаның әулиелік қа­сиеті, пір деген атағы аса жоғары діни дең­гейдегі жалпыхалықтық титул бол­ға­нын көрсетеді. Пайғамбарлық пен ма­шайықтық секілді аса жоғары жалпы­ис­ламдық діни атаққа жақындаған пірлік атақты қазақта екі адам иеленген. Оның бірі Бекет атадан да бұрын Сыр бойында ғұмыр кешкен руы керейт Мүсірәлі Жәдікұлы деген кісі. Ол Тәуке ханның заманында, 1676 жылы үш жүздің баласы жиналған жиында жалпыхалықтық сайлауға түсіп, кереметін көрсетіп, исі қазақтың пірі атанған. Мүсірәлі осыдан кейін софы әзиз атанған. Ал Бекет ата мұндай сайысқа түспей, өзінің ерен қасиеті мен керемет іс-әрекеті арқылы пір атанған. Мүсірәліден кейін қазақта пір сайланбаған.

Пір деген аса қадірлі атақты халық, уақыт береді. Ата туралы аңыздардың бәрінің астарында ерекше қасиетке иелік басты орында тұрады. Екінші ұстаздық, тәлімгерлік тұрады. Сосын көрегендік пен емшілік қатар теңдеседі. Сөз ора­йында Бекет ата қажет кезінде ұшады екен дегенді тілге тиек еттік. Өзінің ұлы ұстазы, көреген Бақыржан қажы (Фахраддин) ауырып, Алланың аманатын берер сәт жақындағанда: «менің жаназамды Бекет келіп шығарады, асық­пай соны күтіңдер» депті. Қайтыс бол­ғаннан кейін біршама уақыт өтсе керек. Бекет көрінбейді. Пірәдардың сүйегін жер қойнына беруге жиналған жұрт елеңдеп, келер адам келетін емес, не істейміз деп дағдарып, қайта-қайта сыртқа шығып қарай берсе керек. Ұста­зының қайтыс болғанын Бекет ата аян арқылы біліп, жолға шығады. Ауыл адамдары кезекті рет далаға шықса, батыстан дауылдатып үлкен бір қарақұс ұшып келе жатыр екен. Жұрт бір қараса, анадай жерде Бекет жаяу келе жатады. Келіп, жұртшылықты намазға тұрғызып, ұстазының жаназасын шығарып, пәктеп, жер қойнына беріп, кейін аттанады. Бұл жоғарыда айтылғандай, рухтың бір мезгілде бірнеше жерде көрінуі, тылсым телепортация. Көрген ел оны әулие демей қалай тұрсын.

Әулиелі жерде әсерлі әңгіме көп болады. Жалпы, әулиелердің ұстанған бір дәстүрі болған. Ол – ұстазын ерекше құрметтеп, қадірлеуі. Маңғыстау түбегінің түркімен тұсында жатқан Бекет атаның басына барып, сиынып дұға жасап, түнеу үшін әуелі кезінде аян беріп, жол сілтеген рухани ұстазы Шопан атаға барып, дұға жасап, рұқсатын алу керек. Ақтөбенің қасындағы ұлы дөңде жатқан Есет батырға зиярат жасау үшін, әуелі осы өңірдің күнбатысында жат­қан Бекқұлы атаға зиярат жасау керек. Мүмкіндік болса, сол маңда жатқан Ойсылқара әулиеге де зиярат жасап, дұға бағыштау керек деген қағида бар.

Қой атасы – Шопан ата, түйе атасы – Ойсылқара өмірде болған киелі жандар. Тарихи деректерде Қамбар ата, Зеңгі баба, Шекшек (Сексек) атаның да жатқан жерлері де белгілі деп айтылады. Мухлисшілер (ықыластанытушылар) мен мүридтер (діни шәкірттер) аузынан жеткен сөз бойынша Зеңгі Бабаның жатқан жері Шаш (Тәшкен) қаласының маңы. Оның кесенесін Әмір Темір сал­дырған дейді. Қамбар ата Әзірет Әлі­нің атбегісі болған деген аңыз бар. Оның жат­қан жері Сыр бойының Жаңа­да­­­­рия жанындағы Қамбар қорғаны де­ген сөз бар. Шекшек ата өзіміздің Қа­­­зы­ғ­ұрт тауында жатыр деген дерек бар. Тарих тұңғиығына үңілсек, бұл кезең мезолит, неолит дәуірлеріне тар­тады. Демек, аңыз бен ақиқаттың араласып, бір-бірін толықтырып жата­тынын кім теріске шығармақ? Бекет ата: «Егер жер шалғай болып, келуге мүмкіндік бол­май қиналсаң, онда ту­­ған жерім – Ақ­мешіттегі ата-анам жат­қан жер­ге барып, зиярат етіп, тілек тілеу­ле­рің­е болады, оны да біліп, қолдап жатамын» деп өсиет айтып кеткен дейді.

Бұдан сегіз жыл бұрын осы Ақмешітте Бекет атаның туғанына 260 жыл толып, дүбірлі ас, дүлдүл іс-шара болғанын ес­ке алудың да реті келді. Сол ұлан-асыр­да ата сөздің абызы Әбіш Кекілбаев ағам ай маңдайы жарқырап, асқаралы сөз толғап, халқымыздың қадірлі ақын қызы Фариза Оңғарсынова апам жыр бәй­гесіне төрелік жасап еді. Амал нешік, аймаң­дай аға, ақжелең ападан адасып қал­дық. Сонда алыс-жақыннан келген аламан жұрт алаң көңілін айшықты көңіл күйге бөлеп, айбынданып, айдынданып, келер күндерге «Иә, Бекет» деп қуана ат­танып кетіп еді. Алда, Алла қаласа, атаның 270 жылдығы жақындап келеді. Бәрімізді киелі Бекет атаның асыл есімі бір жерге жинаушы еді. Тағы да жинар. Туған жерге қуана келіп, аунап-қунап, жүрек түлеп, тілек тілеп аттанармыз. Ұлы даланың жеті қыры жаңғыра түсер.

Дүние тұрғанша Тәуелсіздігіміз тұ­ғыр­лы, дамуымыз ғұмырлы, даңқымыз дүбірлі, еңсеміз ерен, бауырымыз берен, бақытымыз кенен болуына Бекет ата жар болғай!

Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты