Велотректен Қазақстан ұлттық құрамасының үздігі Артем Захаров Олимпиада жолдамасы сарапқа салынатын жарыстар тізбегін бастады. Өткен аптада Джакартадағы Азия чемпионатының екі медалін иеленген ол бұл күндері «Астана» командасы сапында Австралияда жүр. Захаровтың Азия чемпионатындағы көрсеткіші оның рейтингтегі ұпайын толықтыра түспек.
Olympic.kz сайтына сұхбат берген Артем Захаров Азия чемпионатын қорытындылап, олимпиадалық рейтингтегі жағдайды түсіндірді.
- Азия чемпионатынан соң дереу Австралияға кеттім. Tour Down Under веложарысының бірінші кезеңінде сынға түсіп үлгердім. Құрлық чемпионаты жаман өткен жоқ. Әсіресе, араға бірнеше жыл салып командалық сында үздік үштікке енгеніміз қуантады. Топтық сындағы екінші орын да көңілімнен шығады. Бірінші орын алғым келгенін жасырмаймын.
Дегенмен, мен күтпеген жайттар да болды. Омниумда жүлдесіз қалғаным биылғы чемпионаттағы басты өкінішім шығар. Бұл сында жеңіске жетерім сөзсіз еді, алайда, өзге ел спортшылары маған жол бермеді. Шабуылдың барлығы мені тоқтатуға бағытталды.
Олимпиадалық рейтингте бәрі де жақсы. Әлем кубогінің соңғы, алтыншы кезеңінде және әлем чемпионатында үздіктер қатарына енуге тырысу керек. Рейтингте үздік ондыққа кіремін деген ойдамын. Тректегі іріктеу кезеңі осындай нәтижемен аяқталмақ, - дейді Артем Захаров.