Ақтауда жеке үй салу үшін жер орнына кезекке тұрғандардың көп жылғы үміті аяқасты болғалы тұр. 2010 жылға дейін жүргізілген жер алу кезегі 70 мыңнан астам адамның арызын арқалаған алып кезекке айналып шыға келді. Бұл – республиканың өзге қалаларында кездесе бермейтін жағдай.
Бір жағы теңіз, бір беті Мұнайлы ауданы, енді бір шеті өндірістік алаңмен астасып жатқан Ақтаудың жалғыз тынысы – көрші Түпқараған ауданының аумағына қарай аунау. Мәселені шешуде Түпқараған ауданы да сараңдық етпей, 4000 гектарға жуық жерді Ақтаудың аумағына қосып бере салды. Бірақ бұл кезектегі жетпіс мың жанның арызын ауыздықтау үшін емес, Ақтауды одан әрі дамыту үшін пайдаланылмақ.
Қазақстан республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 5 қыркүйектегі Қаулысына сәйкес, Ақтау қаласын дамытудың Бас жоспары бекітілген. Жоспар негізінде қала көпқабатты тұрғын үйлер, өндірістік және әлеуметтік нысандар салыну арқылы қанатын кеңге жайып, үлкейе түсуі межеленген. Құзырлы органдардың әр кездегі мәлімдемелеріне қарағанда, бұл аумақтардан жеке үйлер салу қарастырылмаған. Демек, бұл жер орнын алу үшін жылдап кезекте тұрғандардың жоғын түгендеп, кемтігін толтырмайды деген сөз.
Тиісті орындардың мәліметіне сүйенсек, жалпы Маңғыстау облысының жер көлемі 16564,2 мың гектар, оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 5228,0 мың гектарды, елді мекен жерлері 1098,0 мың гектарды, өндіріс, көлік, байланыс, қорғаныс және ауыл шаруашылығы мақсатынан басқа жерлер 245,4 мың гектарды, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар және емдеу-сауықтыру мақсатындағы жерлер 223,4 мың гектарды, орман қоры жерлері 253,2 мың гектар, босалқы жер 9501,9 мың гектарды құрайды.
Төрт жағы құрсанған Ақтауда жер орынның таршылық ететіні түсінікті, алайда әу баста осынша адамды жер теліміне телмірте үміттендіріп, одан бергі уақытта «әне береді, міне бередімен» алдаусыратып уақыт созудың, яғни «көтере алмайтын шоқпарды белге қыстырудың» қажеті бар ма еді?!
Бұдан он шақты жыл бұрын жаңадан Мұнайлы ауданының ашылуы Ақтау қаласындағы қордаланған біраз мәселенің шешілуіне оң әсерін тигізді. Талай үй сұрағандар мен жұмыссыздар жаңа ауданның тұрғындары атанып, иен даладан жаңа ауылдардың бой көтеруіне сеп болды. Бірақ, Ақтау қаласындағы бос жатқан 80 мың гектар жердің жартысынан көбін иемдене бой көтерген жаңа аудан Ақтаудан жер орнын аламыз дегендердің үмітін облыс орталығының мойнына қарыз етіп қалдырды. 70 мың адамның арызын қанағаттандыру үшін барлық коммуникациялық қажеттіліктерімен қамтылған 10 мың гектарға жуық жер керек, бұл жаңа қала тұрғызумен бірдей салмақ түсіреді екен.
70 мыңнан астам арызды қанағаттандырудың мүмкін еместігін білген Ақтау қалалық әкімдігі мен Маңғыстау облыстық Жер қатынастары басқармасы мәселені шешудің жаңа тәсілін ұсынды. Олар Түпқараған ауданының Ақшұқыр, Сайын ауылдарының шығыс бетінен алынған аумақтан типтік жобадағы үйлерді салып, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жер орын үшін кезекте тұрғандарға шаршы метрін 120 мың теңгеден алуды ұсынып отыр.
- Ақтау қаласының бас жоспарында жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскесі қаралмағандықтан бұл мәселе осылай шешілмекші. Шаршы метрі 120 мың теңгеге бағаланатын тұрғын үйді алу-алмау тұрғынның өз құзырында, - дейді Маңғыстау облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысы Есемұрат Дүзмағанбетов.
Ал кезектегілер болса бұл ұсынысты қуана құп ала қойған жоқ. Сан жылдардан бері сарыла күткен кезектерінің соңы сиырқұйымшақтанғанына күйінген олардың реніш реуіштегі пікірлерін іркіп қала алмауы түсінікті. Сонымен, жоқ жерді тауып беру мүмкіндігі мүлдем жоқ құзырлы орындардың ұсынысы үстемдік алып, жер кезегіндегілерге көпқабатты үйден ұсынылған бағамен үй алудан басқа жол жоқ сынды.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.