• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Қаңтар, 2019

Электронды қызмет – заманауи міндет

2474 рет
көрсетілді

Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Электронды үкімет» және мемлекеттік қызметтер көрсетуді дамыту мәселесі қаралды. Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында мемлекеттік қызметтердің 2020 жылы кемінде 90 пайызын электронды форматқа көшіру туралы тапсырма берген болатын.

64 жаңа мемлекеттік қызмет электронды форматқа көшірілді 

Бүгінде мемлекеттік қызмет  тізілімінің 741 атауы бар. Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың айтуынша 454-і немесе 61 пайызы элек­тронды форматта қолжетімді. Ал 165 мемлекеттік қызмет тек қана электронды түрде көрсетіледі. Оның жартысына жуығы – лицен­зиялар мен рұқсат құжаттары, сон­дай-ақ кәсіпкерлікті субсидиялау қызметтері. Бұл  жұмыстардың бар­лығы бизнесті дамытуда әкімшілік ке­дергілерді жою үшін қолға алын­ған. Өткен жылы 64 жаңа мем­лекеттік қызмет электронды фор­матқа көшірілді.

Электронды мемлекеттік қыз­мет көрсетудің негізгі құралы – электронды үкімет порталы. Бү­гінгі таңда e-GOV-қа 8,5 млн-нан астам пайдаланушы тіркелген. 2018 жылдың өзінде осы портал арқылы 30 млн мемлекеттік қыз­мет көрсетілді. Оңтайлануы тиіс 588 мемлекеттік қызмет анық­талды. Оларды электронды фор­мат­қа ауыстыру тұстары жан-жақ­ты қарастырылды. Сондай-ақ ре­сімдеу уақытын, құжаттар тізбегін қыс­қартуды, композиттік немесе проактивті формада анықтама беру тәсілдерін, артық ресімдер мен келісімдерді қысқарту жайы да то­лық пысықталды. Осы жұмыстың қо­ры­тындысы бойынша 141 мемле­кет­тік қызметті электронды фор­матқа көшіру жоспарланып отыр. Ал 447 мемлекеттік қызмет түрінің кейбір құжаттары мен мерзімін қысқарту қарастырылған. Бұл азаматтардың уақытын үнемдейді.   

Мәселен, еңбекке жарам­сыз­дығы туралы берілетін парақты элек­тронды форматқа көшіру көз­делген. Ыңғайлы болуымен қатар, бұл ұлт денсаулығы жөніндегі деректерді бір электронды базаға топтастыруға жол ашады. «Big Data» технологиясының көмегімен жиналған деректерді денсаулық сақтау мен фармакология саласында тиімді пайдалану жоспарланып отыр. Бұдан өзге, «Баланы патронаттық тәрбиеге беру» мен «Патронаттық тәрбиелеушілерге қаржы бөлу» сияқты екі мемлекеттік қызмет біріктірілді.

Ақпарат және коммуникация­лар минис­трлігінің ақпаратына сәйкес көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді түгел автоматтандыру мүмкін емес. Өйткені тиісті маманның қатысуынсыз жүзеге аспайтын да қызмет түрлері бар. Мәселен, мүмкіндігі шектеулі ба­лаларды тексеру мен оларға медициналық-педагогикалық кө­мек көрсету қызметі. Осындай ба­ғыттағы қызметтердің процестері мен мерзімдерін неғұрлым оңтай­ландыру үшін тиісті шаралар атқарылып жатыр.

Үкімет жанындағы ведом­ство­аралық комиссияның барлық ұсыныстарын жүзеге асыру үшін 486 жол картасы бекітілді. Ал 2018 жылдың қорытындысы бойын­ша 76 мем­лекеттік қызмет оңтай­ландырылды.

2018 жылдың қорытындысы бо­йынша келесі ресімдер жеңіл­детілді.

Біріншіден, жүргізуші куәлігін алу мен көлік құралын тіркеу элек­тронды өтінім ар­қылы қабыл­данады. Қазіргі уақытқа дейін бұл қызмет түрі 23 мыңнан астам рет пай­даланылған. Бұған дейін бір көлікті тіркеу 6 сағатқа созылса, қазір 2 сағаттан аса уақыт қана жұмсалады. Көлікті сату немесе сатып алуға 20 минут уақыт жеткілікті. Қағаз жүзіндегі құжаттар қажет емес. «Қазпошта» арқылы дайын құжат пен көлік нөмірін жеткізіп беру мүмкіндігі бар.

Сондай-ақ азаматтар өздеріне ұнаған кез келген мемлекеттік көлік нөмірін иемденуге мүмкіндік алды. Екіншіден, әкімшілік айыппұлдардың бар-жоғын дереу тексеріп алуға болады. Үшіншіден, проактивті режімде көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді жалғастыру жоспарланып отыр. Олар: мүгедектікті анық­тау, жәрдемақы тағайындау, ақшалай төлемдер, әлеуметтік тө­лемдер, протез-ортопедиялық кө­мек және тағы басқаларына байла­нысты. Мүмкіндігі шектеулі жан­дарға аталған әлеуметтік көмек­терді Халыққа қызмет көрсету ор­та­­лық­тарына келмей-ақ, осылайша кешенді түрде қабылдауға жағдай туып отыр.

Электронды үкіметтің m-Gov м­о­бильді қосымшасын дамыту тұрғысынан бүгінгі таңда 87 қызмет пен сервисті ғана пайдалануға мүмкіндік бар. Бұл қосымшаны қазір 1,3 млн азамат тұтынып отыр. 2018 жылдың өзінде m-Gov арқылы 3,6 млн қызмет көрсетілген.

Нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру аясында 43 заң мен 10 Кодексте 500 түзетуді қарастыратын заң жобасы әзірленді. Аталған заң жобасы 121 мемлекеттік қыз­метті оңтай­лан­дыруға бағытталған бір­қатар түзетуден тұрады. Атап айтқанда: некені тіркеу қызметін оң­тайландыру (1 айға созылған про­цесті 3 жұмыс күнінде ресім­деу­ге мүмкіндік береді), салық төлеу­шілердің артық төленген сомасын автоматты түрде қайтару, мемлекеттік қызметтер ұсыну тәртібін реттеу бойынша жалпы алғанда 3,5 мыңнан астам стандарт пен регламент өзгереді. Сонымен қатар «қанатқақты жоба» түсінігін енгізу жоспарланып отыр. Осы ша­ралардың нәтижесінде 2019 жы­лы көрсетілетін мемлекеттік қыз­меттердің 80 пайызы, ал 2020 жы­лы 90 пайызы автоматтандыры­лады. Бір жылда қағаз түрінде ұсы­нылатын 110 млн құжат қысқарады.

Еске сала кетейік, 2018 жылы электрон­ды үкіметтің даму деңгейі бойынша БҰҰ өткізген зерттеулер нәтижесінде, Қазақстан даму қарқыны өте жоғары мемлекеттер арасында 39-орынды иеленді. Қазақстанның электронды үкіметі қазір е-GOV 2.0. сатысында тұр. Қа­зіргі таңда «Цифрлы Қазақстан» бағ­дарламасының аясында e-GOV 3.0 сатысына көшу жұмыстары жүр­гізілуде. Айта кету керек, e-GOV 3.0 сатысы «Жа­сан­ды зерде», «Проактивті қызметтер», «Цифр­­ландырылған өмір сәттері», «Зат­тар интер­неті» мен тағы басқа да элементтердің ен­гізілуімен си­пат­талады. Ақпарат және ком­му­ни­­ка­циялар министрлігінің дерек­теріне сәйкес, Қазақстанда 2021 жылы е-gov 3.0 сатысына толық көшу көзделген.

741 қызметтің 598-і мемлекеттік корпорация арқылы қол­жетімді

«Азаматтарға арналған үкімет» мемле­кеттік корпорациясы» КеАҚ басқарма төр­ағасы Абылайхан Ос­панов мемлекеттік қыз­меттер тізі­ліміндегі 741 қызметтің 598-і мем­лекеттік корпорация арқылы қол­­жетімді екенін айтты. Оған 325 фронт-офис, Қазақстан бойынша 6 секторы бар 16 мамандандырылған ХҚКО, соның ішінде Алматыда 4 сек­тор және Түркістан облысында 2 сектор, 70 мобильді ХҚКО және «Қазпошта» АҚ-ның 1656 бө­лім­шесі қатысады. Сонымен қатар азаматтардың электронды қыз­меттерді пайдалану деңгейін арт­тыру мақсатында 60/40 жаңа қағи­да­тына сәйкес, фронт-офистердің кең ауқымды трансформацияла­нуы жүргізіліп жатыр. Бұдан бас­қа, мемлекеттік қызметтерді алу процесін жеңіл­дету үшін қыз­мет алушылардың жеке басын рас­таудың жаңа тетігі іске қосылды. Енді азаматтар қызметті бет-бейнесі немесе саусақ іздерінің көмегімен ала алады, соның нәтижесінде электронды цифрлық қолтаңба қол­дану немесе жеке куәлікті ұсыну қажеттілігі жойылады.

Отырыс барысында мемлекеттік қыз­мет­терді ұсыну сапасын арттыру жұмыстары туралы Ақмола об­лы­сының әкімі Мәлік Мырзалин, Шы­ғыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, Қостанай облы­сының әкімі Архимед Мұхамбетов, Астана қала­сының әкімі Бақыт Сұлтанов, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек баяндады.

Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Бақытжан Сағын­таев жұмыс сапасын арттыруды тапсырды. Тек 4639 көлік онлайн-тіркеуден өткені, 18 мың адам жүргізуші куәлігін алғаны аталып өтті. Халыққа осы қызметтердің пайдалылығын ескере отырып, көрсеткіштердің төмен болуының себебі – халық арасында түсіндіру жұмыстарының әлі де жеткіліксіз екені айтылды. Б.Сағынтаев мемле­кеттік қызмет көрсету секторын цифр­ландыру туралы түсіндіру жұ­мыс­тарын өткізуді, сондай-ақ ха­лықты қажетті цифрлық дағдыларға жүйелі негізде оқытуды тапсырды.

Сонымен қатар мемлекеттік қызметтерді электронды форматта беру жұмысын же­тілдіру қажет. Атап айтқанда, mGov мобильдік қосымшасында қолжетімді мем­лекеттік қызметтердің санын ЭЦҚ-сыз бір реттік пароль бойынша, бір өтініш негізінде ұлғайту, сон­дай-ақ қажетті заңнамалық өзге­рістерді уақтылы қабылдауды қам­тамасыз ету керек. Бұл – халық үшін аса маңызды. Осыған орай, жоба­лық офис аясында мемлекеттік қыз­мет­терді цифрлы форматқа көшірудің нақты мерзімі мен мақсатты индикаторларын белгілеу тапсырылды.

Б.Сағынтаев мемлекеттік қыз­меттер саласын дамыту мәселелері Мем­лекет басшысының айрықша бақылауында екенін және «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына ен­гі­зілгенін атап өтті. Үкімет жыл са­йын ел Президентіне есеп береді. Өткен жылдың қорытындысы бо­йынша атқарылған жұмыстар тура­лы есеп дайындау қажет. Ақпа­рат және коммуникациялар ми­нистрлігіне бір ай уақыт ішінде мүдделі мемлекеттік органдар­мен, «Азаматтарға арналған үкі­мет» мемлекеттік корпорация­сымен бір­лесіп, биыл электронды форматқа кө­ші­руге тиісті мемлекеттік қызмет­тердің тізбесін жасау тапсы­рылды. Барлық орталық және жер­гілікті мемлекеттік органдар­ға аталған тізімді уақтылы іске асы­руға қатысты шаралар қабылдап, тиісті Жол карталарын әзірлеу, ве­домствоаралық өзара тиімді іс-қимылды қамтамасыз ету және жү­йелерді интеграциялау шараларын қабылдау, мемлекеттік қызмет көр­сету процестеріне мониторинг пен талдау жасаудың тиімді жүйесін құру жайында тапсырма берілді.

Сондай-ақ Үкімет отыры­сында Ин­дус­трия және инфрақұрылымдық даму мин­истрі Жеңіс Қасымбек техникалық реттеу мә­селелері бо­йынша баяндады.

Оның айтуынша, ішкі нарықта өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен экспортқа жағ­дай жасау мақсатында қабылданған «Стандарттау туралы» заң Еу­ро­па елдерінің тәжірибесіне не­гіз­делген және стандарттаудың халықаралық үлгісіне өтуге жағдай жасайды. Бұл стандарттау бойынша жұмыстардың бірыңғай операторы ретінде Ұлттық стандарттау органын белгілеп, ұлттық стандарттау жүйесін құру, «мемлекет-бизнес-тұтынушы» арасында стандарттарды консенсустық талқылау ор­талығы ретінде стандарттау жө­нін­дегі техникалық комитеттер мәр­тебесін арттыру, бірыңғай талап­тарды белгілеу мақсатында техни­калық ерекшеліктер арқылы мем­лекеттік сатып алуда, салалық заң­намада стандарттарды, оның ішінде сапасы бойынша қолдану аясын кеңейту мәселелерін қамтиды.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан»