Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Электронды үкімет» және мемлекеттік қызметтер көрсетуді дамыту мәселесі қаралды. Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында мемлекеттік қызметтердің 2020 жылы кемінде 90 пайызын электронды форматқа көшіру туралы тапсырма берген болатын.
64 жаңа мемлекеттік қызмет электронды форматқа көшірілді
Бүгінде мемлекеттік қызмет тізілімінің 741 атауы бар. Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың айтуынша 454-і немесе 61 пайызы электронды форматта қолжетімді. Ал 165 мемлекеттік қызмет тек қана электронды түрде көрсетіледі. Оның жартысына жуығы – лицензиялар мен рұқсат құжаттары, сондай-ақ кәсіпкерлікті субсидиялау қызметтері. Бұл жұмыстардың барлығы бизнесті дамытуда әкімшілік кедергілерді жою үшін қолға алынған. Өткен жылы 64 жаңа мемлекеттік қызмет электронды форматқа көшірілді.
Электронды мемлекеттік қызмет көрсетудің негізгі құралы – электронды үкімет порталы. Бүгінгі таңда e-GOV-қа 8,5 млн-нан астам пайдаланушы тіркелген. 2018 жылдың өзінде осы портал арқылы 30 млн мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оңтайлануы тиіс 588 мемлекеттік қызмет анықталды. Оларды электронды форматқа ауыстыру тұстары жан-жақты қарастырылды. Сондай-ақ ресімдеу уақытын, құжаттар тізбегін қысқартуды, композиттік немесе проактивті формада анықтама беру тәсілдерін, артық ресімдер мен келісімдерді қысқарту жайы да толық пысықталды. Осы жұмыстың қорытындысы бойынша 141 мемлекеттік қызметті электронды форматқа көшіру жоспарланып отыр. Ал 447 мемлекеттік қызмет түрінің кейбір құжаттары мен мерзімін қысқарту қарастырылған. Бұл азаматтардың уақытын үнемдейді.
Мәселен, еңбекке жарамсыздығы туралы берілетін парақты электронды форматқа көшіру көзделген. Ыңғайлы болуымен қатар, бұл ұлт денсаулығы жөніндегі деректерді бір электронды базаға топтастыруға жол ашады. «Big Data» технологиясының көмегімен жиналған деректерді денсаулық сақтау мен фармакология саласында тиімді пайдалану жоспарланып отыр. Бұдан өзге, «Баланы патронаттық тәрбиеге беру» мен «Патронаттық тәрбиелеушілерге қаржы бөлу» сияқты екі мемлекеттік қызмет біріктірілді.
Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің ақпаратына сәйкес көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді түгел автоматтандыру мүмкін емес. Өйткені тиісті маманның қатысуынсыз жүзеге аспайтын да қызмет түрлері бар. Мәселен, мүмкіндігі шектеулі балаларды тексеру мен оларға медициналық-педагогикалық көмек көрсету қызметі. Осындай бағыттағы қызметтердің процестері мен мерзімдерін неғұрлым оңтайландыру үшін тиісті шаралар атқарылып жатыр.
Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссияның барлық ұсыныстарын жүзеге асыру үшін 486 жол картасы бекітілді. Ал 2018 жылдың қорытындысы бойынша 76 мемлекеттік қызмет оңтайландырылды.
2018 жылдың қорытындысы бойынша келесі ресімдер жеңілдетілді.
Біріншіден, жүргізуші куәлігін алу мен көлік құралын тіркеу электронды өтінім арқылы қабылданады. Қазіргі уақытқа дейін бұл қызмет түрі 23 мыңнан астам рет пайдаланылған. Бұған дейін бір көлікті тіркеу 6 сағатқа созылса, қазір 2 сағаттан аса уақыт қана жұмсалады. Көлікті сату немесе сатып алуға 20 минут уақыт жеткілікті. Қағаз жүзіндегі құжаттар қажет емес. «Қазпошта» арқылы дайын құжат пен көлік нөмірін жеткізіп беру мүмкіндігі бар.
Сондай-ақ азаматтар өздеріне ұнаған кез келген мемлекеттік көлік нөмірін иемденуге мүмкіндік алды. Екіншіден, әкімшілік айыппұлдардың бар-жоғын дереу тексеріп алуға болады. Үшіншіден, проактивті режімде көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді жалғастыру жоспарланып отыр. Олар: мүгедектікті анықтау, жәрдемақы тағайындау, ақшалай төлемдер, әлеуметтік төлемдер, протез-ортопедиялық көмек және тағы басқаларына байланысты. Мүмкіндігі шектеулі жандарға аталған әлеуметтік көмектерді Халыққа қызмет көрсету орталықтарына келмей-ақ, осылайша кешенді түрде қабылдауға жағдай туып отыр.
Электронды үкіметтің m-Gov мобильді қосымшасын дамыту тұрғысынан бүгінгі таңда 87 қызмет пен сервисті ғана пайдалануға мүмкіндік бар. Бұл қосымшаны қазір 1,3 млн азамат тұтынып отыр. 2018 жылдың өзінде m-Gov арқылы 3,6 млн қызмет көрсетілген.
Нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру аясында 43 заң мен 10 Кодексте 500 түзетуді қарастыратын заң жобасы әзірленді. Аталған заң жобасы 121 мемлекеттік қызметті оңтайландыруға бағытталған бірқатар түзетуден тұрады. Атап айтқанда: некені тіркеу қызметін оңтайландыру (1 айға созылған процесті 3 жұмыс күнінде ресімдеуге мүмкіндік береді), салық төлеушілердің артық төленген сомасын автоматты түрде қайтару, мемлекеттік қызметтер ұсыну тәртібін реттеу бойынша жалпы алғанда 3,5 мыңнан астам стандарт пен регламент өзгереді. Сонымен қатар «қанатқақты жоба» түсінігін енгізу жоспарланып отыр. Осы шаралардың нәтижесінде 2019 жылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы, ал 2020 жылы 90 пайызы автоматтандырылады. Бір жылда қағаз түрінде ұсынылатын 110 млн құжат қысқарады.
Еске сала кетейік, 2018 жылы электронды үкіметтің даму деңгейі бойынша БҰҰ өткізген зерттеулер нәтижесінде, Қазақстан даму қарқыны өте жоғары мемлекеттер арасында 39-орынды иеленді. Қазақстанның электронды үкіметі қазір е-GOV 2.0. сатысында тұр. Қазіргі таңда «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының аясында e-GOV 3.0 сатысына көшу жұмыстары жүргізілуде. Айта кету керек, e-GOV 3.0 сатысы «Жасанды зерде», «Проактивті қызметтер», «Цифрландырылған өмір сәттері», «Заттар интернеті» мен тағы басқа да элементтердің енгізілуімен сипатталады. Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің деректеріне сәйкес, Қазақстанда 2021 жылы е-gov 3.0 сатысына толық көшу көзделген.
741 қызметтің 598-і мемлекеттік корпорация арқылы қолжетімді
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов мемлекеттік қызметтер тізіліміндегі 741 қызметтің 598-і мемлекеттік корпорация арқылы қолжетімді екенін айтты. Оған 325 фронт-офис, Қазақстан бойынша 6 секторы бар 16 мамандандырылған ХҚКО, соның ішінде Алматыда 4 сектор және Түркістан облысында 2 сектор, 70 мобильді ХҚКО және «Қазпошта» АҚ-ның 1656 бөлімшесі қатысады. Сонымен қатар азаматтардың электронды қызметтерді пайдалану деңгейін арттыру мақсатында 60/40 жаңа қағидатына сәйкес, фронт-офистердің кең ауқымды трансформациялануы жүргізіліп жатыр. Бұдан басқа, мемлекеттік қызметтерді алу процесін жеңілдету үшін қызмет алушылардың жеке басын растаудың жаңа тетігі іске қосылды. Енді азаматтар қызметті бет-бейнесі немесе саусақ іздерінің көмегімен ала алады, соның нәтижесінде электронды цифрлық қолтаңба қолдану немесе жеке куәлікті ұсыну қажеттілігі жойылады.
Отырыс барысында мемлекеттік қызметтерді ұсыну сапасын арттыру жұмыстары туралы Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек баяндады.
Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапасын арттыруды тапсырды. Тек 4639 көлік онлайн-тіркеуден өткені, 18 мың адам жүргізуші куәлігін алғаны аталып өтті. Халыққа осы қызметтердің пайдалылығын ескере отырып, көрсеткіштердің төмен болуының себебі – халық арасында түсіндіру жұмыстарының әлі де жеткіліксіз екені айтылды. Б.Сағынтаев мемлекеттік қызмет көрсету секторын цифрландыру туралы түсіндіру жұмыстарын өткізуді, сондай-ақ халықты қажетті цифрлық дағдыларға жүйелі негізде оқытуды тапсырды.
Сонымен қатар мемлекеттік қызметтерді электронды форматта беру жұмысын жетілдіру қажет. Атап айтқанда, mGov мобильдік қосымшасында қолжетімді мемлекеттік қызметтердің санын ЭЦҚ-сыз бір реттік пароль бойынша, бір өтініш негізінде ұлғайту, сондай-ақ қажетті заңнамалық өзгерістерді уақтылы қабылдауды қамтамасыз ету керек. Бұл – халық үшін аса маңызды. Осыған орай, жобалық офис аясында мемлекеттік қызметтерді цифрлы форматқа көшірудің нақты мерзімі мен мақсатты индикаторларын белгілеу тапсырылды.
Б.Сағынтаев мемлекеттік қызметтер саласын дамыту мәселелері Мемлекет басшысының айрықша бақылауында екенін және «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына енгізілгенін атап өтті. Үкімет жыл сайын ел Президентіне есеп береді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстар туралы есеп дайындау қажет. Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне бір ай уақыт ішінде мүдделі мемлекеттік органдармен, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен бірлесіп, биыл электронды форматқа көшіруге тиісті мемлекеттік қызметтердің тізбесін жасау тапсырылды. Барлық орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға аталған тізімді уақтылы іске асыруға қатысты шаралар қабылдап, тиісті Жол карталарын әзірлеу, ведомствоаралық өзара тиімді іс-қимылды қамтамасыз ету және жүйелерді интеграциялау шараларын қабылдау, мемлекеттік қызмет көрсету процестеріне мониторинг пен талдау жасаудың тиімді жүйесін құру жайында тапсырма берілді.
Сондай-ақ Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек техникалық реттеу мәселелері бойынша баяндады.
Оның айтуынша, ішкі нарықта өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен экспортқа жағдай жасау мақсатында қабылданған «Стандарттау туралы» заң Еуропа елдерінің тәжірибесіне негізделген және стандарттаудың халықаралық үлгісіне өтуге жағдай жасайды. Бұл стандарттау бойынша жұмыстардың бірыңғай операторы ретінде Ұлттық стандарттау органын белгілеп, ұлттық стандарттау жүйесін құру, «мемлекет-бизнес-тұтынушы» арасында стандарттарды консенсустық талқылау орталығы ретінде стандарттау жөніндегі техникалық комитеттер мәртебесін арттыру, бірыңғай талаптарды белгілеу мақсатында техникалық ерекшеліктер арқылы мемлекеттік сатып алуда, салалық заңнамада стандарттарды, оның ішінде сапасы бойынша қолдану аясын кеңейту мәселелерін қамтиды.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»