• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Руханият Бүгін, 14:03

Алаш қозғалысы: 12 том құжаттар мен материалдар жинағы толық жарық көрді

30 рет
көрсетілді

Алаш қозғалысының тарихына қатысты архив материалдарының көптен күткен жинағы жарық көрді. Бұл туралы мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.

- Бұл – «Алашорда ісі. 1920-1940 жылдар. Құжаттар мен материалдар» деп аталатын 12 томдық архив құжаттары.

Жаңа басылым – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысы барысында жиналған бірегей архив құжаттарынан тұратын жинақ.

Бұл жинақты дайындауға 30-дан астам тарихшы, архивші және археограф атсалысты. Олардың қатарында ҚР Президенті архивінің, Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қызметкерлері бар.Жобаның ғылыми жетекшісі – ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдиев. Басылымға партиялық-мемлекеттік құрылымдарда және арнаулы мемлекеттік архивтерде арнайы сақталған 3 мыңнан астам материал енді, – деп жазады Қарин.

12 томнан тұратын құжаттар мен деректер жинағында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедов және басқа да Алаш қайраткерлері өмірінің бұрын беймәлім тұстарынан сыр шертетін құжаттар бар.

2 мың данамен жарық көрген жинақ еліміздің оқу орындары мен ғылыми мекемелеріне таратылады. Осылайша, Қазақстан тарихын одан әрі зерделеу және елдің тарихи жадын сақтап, нығайту тұрғысынан өте маңызды және аса құнды бірегей материалдар алғаш рет ғылыми айналымға енгізілді.

- Жалпы, 2020-2023 жылдары жұмыс істеген Мемлекеттік комиссияның қызметіне 425 ғалым, оның ішінде аймақтардан келген 260 зерттеуші жұмылдырылды. Үш жылдың ішінде 60 мемлекеттік және ведомстволық архивтен 700 мыңға жуық іс жиналды, 2.6 миллионға жуық материал мен құжаттың құпиялығы алынып тасталды, саяси-қуғын сүргіннің құрбаны болған 311 мыңнан астам адам ақталды, – деп түйіндеген Ерлан Қарин.