Өткен ғасырдың 70-90-жылдары әл-Фараби атындағы университетте қызмет істеп жүрген кезде бірнеше факультет студенттеріне халқымыздың ежелгі әдебиеті тарихынан дәріс оқыдым. Соңыра 1995 жылы соның материалдарының негізінде «Қазақ даласының жұлдыздары» атты кітап шығардым. Ол өткен ғасырдың 70-80-жылдары табылған жазба деректерге сүйеніп жазылған еді. Ол кезде шетелге шыға беруге мүмкіндік болмайтын. Сол себепті керекті көп жазба мағлұматтар қолыма түсе қоймады. Соның өзінде орта ғасырларда Отырардан шыққан 11 ғалым және Мұхаммед Хайдар Дулати (1499-1551) жайлы және жалпы жұрт түгілі ғалымдар да біле бермейтін бірқатар тың да соны материалдар таптым.
Мен Мысыр, Сирия, Иран, Үндістан, Пәкістан, Түркия, Испания, Германия сияқты және т.б. елдерге барған ғылыми, мәдени сапарларымда құрқол қайтпаймын. Еліміздің рухани өмірі мен жазба мұрасына байланысты ғасырлар парағының арасында қалып қойған дала даналарының өмірі мен еңбектері туралы деректерді жинай жүремін. Олардың шығармаларының басым көпшілігі Ислам ғылымы және мәдениетімен тікелей байланысты.
Ислам өркениеті сонау орта ғасырлардың өзінде-ақ техника саласында да жетістіктерге жеткен. Қасиетті Құранның 719 жерінде ғылым-білім туралы айтылады. Яғни, ислам діні – жай қарапайым дін ғана емес, үлкен өркениет, ғылым мен білімге, мәдениетке негізделген дін.
Қазақ жеріндегі ғылым, білім, діни-руханият, мәдени орталықтың үлкені, әрине Фараб (Отырар) еді. Мұнда кезінде бай қоры бар үлкен кітапхана болғаны, бірақ өкінішке қарай оның моңғол шапқыншылығы кезінде жойылып кеткені, аталған шаһардың алғашқы атауы Фараб емес, Отырар екені жазылып та, айтылып та жүр. Ол жайлы деректердің бірі Әбу-л Аббас әл-Балазуридің «Китаб футух әл-булдан» («Жаулап алынған елдер жайлы кітап») атты еңбегінде ұшырасады. Араб жасақтарының қолбасшысы Муслим ибн Құтайба әл-Бахили (т.ж.б. – 715) VIII ғасыр басында Самарқанды келіп қоршайды. Шаһар патшасы Шаш әміршісіне хат жазып көмек сұрағанда оның Тұрарбандта (Тұрар, Тарбанд, Отырар) екендігі айтылады.
Көрнекті шығыстанушы, академик В.В.Бартольд өз еңбектері мен ізденістерінде қазақ даласы қалаларын назардан тыс қалдырмаған. Ол: «Орта, яғни ІХ-ХІІ ғасырлардағы Шығыстағы Талас жазығынан, солтүстік-батыстағы Сауранға дейінгі аралықтың бәрі Исфиджаб (Сайрам) өлкесіне жатқызылған... Осы солтүстік-батыс өңірлерді сөз етер болсақ, Исфиджабтың батыс жағы Кенджид өңірі болатын... Кенджидтен төменіректе, Сырдарияның екі жағына Бараб яки Фараб аймағы жайғасқан-ды... Истахри мен Ибн Хаукал аймақтың бас қаласы деп Кедерді атайды да, оны Сырдария жағасынан ½ фарсах жерде деп көрсетеді. Әл-Мақдисише (Х ғ.) бас қала өңір атымен аталған, ол 70 000 (жетпіс мың) сарбаз шығара алатын-ды, күмбезді мешіт шаһристанда, ал базарлардың бас бөлігі рабатта болатын...» деп жазады.
Ежелден осындай қала мәдениеті болған жұртымыз ислам дінін тек қабылдаушы ғана болып қалған жоқ, ислам өркениетін байытуға да үлес қосты. Қазақ жерінде Отырар, Исфиджаб-Сайрам, Түркістан, Сығанақ, Женд, Тараз, Баласағұн секілді, т.б. мәдени, рухани орталықтар болды. Олардан көптеген көзі ашық, көкірегі ояу перзенттеріміз шықты.
Оңтүстік өлкесіндегі белгілі мәдени, рухани ордалардың бірі Түркістан (Шауғар, Ясы) еді. Шауғарды археологтар Сырдария бойында, Түркістан маңында болған деп есептейді. В.В.Бартольд: «Шауғар Кедерден бір асу жерде, ол ауқымды аймақты, үлкен бекіністі, базар жанында күмбезді мешіті бар қала еді», деп жазды. «Қазақстан тарихында» ол жайлы: «Шауғар Түркістанның батыс шығысында 8 шақырым жерге орналасқан Шойтөбе қаласының орнында болған. Соғд тілінен аударғанда ол «Қара тау» деген мағынаны білдіреді. Қаланың Қаратау етегінде орналасуы Шойтөбенің Шауғарға балануына қосымша дерек бола алады», делінген.
Ортаазиялық көрнекті ғалым Әбу Саъд ас-Самани (1113-1167) Шауғардан көптеген ғалымдар шыққан дей отырып, VIII-IX ғасырлық бірнеше ойшылды атайды:
Әбу-л Хасан Әли аш-Шауғари.
«Ол қазы әрі тамаша оқымысты болған. Әбу-р Рабина әл-Хасан ибн Абд әл-Карим аш-Шимали ас-Сахилиден хадис риуаят еткен [7, 68].
Әбу Мұхаммед Абдалла бин Мұхаммед аш-Шауғари әл-Мустамли.
Ол Әбу Абдалла әл-Хусайын ибн Исмайыл аш-Шайбанидің (749-805) шәкірті еді. Ол туралы хадисші, тарихшы әл-Хаким Абд Абдалла әл-Хафиз (? – 1014) «Тарих-и Нисабур» («Нишапур тарихы») атты еңбегінде: «Әбу Мұхаммед аш-Шауғари бізде, Нишапурда бірнеше жыл тұрды, сонан соң Иракқа кетті. Содан кейін ол жайлы ештеңе естімедім» [7, 689] деп жазған.
Иә, Әл-Хаким ибн әл-Баййи әл-Хафиз деген атпен көбірек мәлім Әбу Абдалла Мұхаммед ибн Абдалла ан-Нишапури (Нисабури) хадистанушы, белгілі тарихшы болатын. Оның «Тарих-и Нашапур» («Нишапур тарихы») атты араб тілінде жазылған еңбегі біздің заманымызға жетпеген. Бірақ Әбу Саъд ас-Самани оны кезінде көп пайдаланған. Әр жылдары Нишапурге келген ортаазиялық 50 ғалым жайлы әңгімелер мен дәйектемелерді осы еңбектен алған. Әуелде «Тарих-и Нишапур» үш томнан тұрса керек. Соңыра парсы тіліне қысқартыла аударылған. Сол нұсқасы біздің заманымызға жетіп, 1961 жылы Теһранда басылып шықты. Олай болса осы кітаптан шауғарлық қана емес, сондай-ақ қазақ жерінің өзге де зиялылары жайлы мәліметтер табуға болатын сияқты.
Әли бин әл-Хасан аш-Шауғари.
Ибн ал-Адим (1191-?) «Би-ғаййату-т талаб фи тарих Халаб» («Ізденушінің Халаб тарихындағы қателігі») [4] атты еңбегінде имам Әли бин әл-Хасан аш-Шауғариді атай отырып, оны «Имам әл-Маджид Әбу ар-Рабиғ ас-Сахили әл-Ямамидің шәкірті еді» [4, 134] деп жазады. Сондай-ақ ол имам Әлидің хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың хадистерімен айналысқанына (риджал ал-хадис ан-набауи аш-шариф) тоқталады. Одан басқа дерек жоқ.
Хамдан бин Ахмад аш-Шауғари.
Ол да хадис ғылымымен айналысқан. Имам Рафиғи «Ат-Тадуин фи ахбар Қазуин» («Қазуин (қаласы жайлы) хабарлар туралы») атты еңбегінде өзінің хадис шәріптерімен айналысқанын, осы орайда Хамдан бин Ахмад аш-Шауғаридің риуаяттарын қаперге салған. Өзге мағлұмат жоқ.
Энциклопедист ғалым Әбу Насыр әл-Фарабиден (870-950) кейін тұрған тағы бір тұлға бар. Ол Қауам ад-дин әл-Итқани әл-Фараби ат-Түркістани (1286-1357). Итқан Оңтүстік Қазақстандағы қазір де бар Иқан қыстағының аты. Ол Түркістанның шығысында 30 шақырым жерде. Сол кентте туып, сонда біраз жыл ғұмыр кешкен Қауам ад-дин баба 31 жасына дейін Отырарда бас имам болған. Кейін Дамаскіге кетіп, соңыра Бағдатта 25 жыл қазы болыпты. Каирде қазір де бар ас-Сургатмишия атты медресеге басшылық жасаған. Кувейт ғалымы сол ғұламамыздың «ат-Табиин» атты 2 томдық еңбегін 1999 жылы шығарды. Қауам ад-диннің Түркияның қолжазбаларынан басқа да шығармалары табылды. Осы Иқаннан Камал Иқани атты да дана шыққанын білгенімізбен, ол жайлы материалдар қолымызға түспей-ақ келеді.
Қазіргі Түркістан Шауғардан соң Ясы деген атауға ие болды. Бұл кезде әлемге Қожа Ахмет Ясауи сынды кемеңгер ойшыл дүниеге келді. Ол халықты имандылыққа, тақуалыққа, адалдыққа, тазалыққа шақырды. Осыған негізделген «Диуана хикмет» атты еңбегін дүниеге келтірді.
Үндістанда болған кезекті бір сапарымда үнді ғалымдарынан өз елдеріне Орталық Азиядан (Түркістаннан да) орта ғасырларда 600-ден астам зиялылар келгенін, олар жұртты ислам дініне уағыздағанын айтып еді. Олардың ұрпақтарының бүгінге дейін өмір сүріп келе жатқанын көзіммен көрдім.
Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен шығармашылығына кіріспес бұрын соңғы жылдары табылған, сопы бабадан бір ғасырдай бұрын ғұмыр кешкен жаңа Ясауи туралы айта кеткен жөн ғой деймін.
Әбу-л Аббас Ахмед бин Мұхаммед әл-Ясауи (? – 1004).
Өз аты – Әбу-л Аббас Ахмед, ал әкесінің есімі – Мұхаммед. Ал әл-Ясауи оның ясылық екенін білдіреді. Оның «ат-Табақат ас-суфия» («Сопылық топтар») атты кітабы болған. Өкінішке қарай ол жайлы өзге мағлұмат жоқ.
Әбу-л Аббас Х ғасырда дүниеге келіп [һижраның] 396, яғни 1004 жылы бақилық болған. Оның есімі Осман тарихшысы Хаджи Халифаның (1609-1657) «Кашф аз-зунун ан асами әл-кутуб уа-л фунун» («Кітаптар мен ғылымдар аттарынан күдікті сейілту») атты шығармасында аталады.
Әбу-л Аббастың ғұмыр кешкен мерзіміне қарағанда ол Қожа Ахмет Ясауиден 90 жылдай бұрын өмір сүрген сияқты.
Енді осы Ясыдан басқа даналар шыққан жоқ па деген сауалға жауап іздеп көрейік. Мен соңғы жылдары бірнеше рет Үндістанның Кашмирінде болғанымды жоғарыда айттым. Осы ел университеті кітапханасы мен қолжазба қорынан бірқатар ясылықтар жайлы мағлұматтар ұшыраттым.
Солардың бірі – Аш-Шейх Шамс ад-Дин ат-Түркімани әл-Банипати.
Онда ол «үлкен шейх Қожа Ахмет әл-Алауи әл-Ясауидің ұрпағы. Ныспысы бойынша Қожа Ахмет әл-Ясауи Мұхаммед ибн Ханафия ибн әл-Имам Әли ибн Әбу Талибке барып тіреледі» [1, 2-том, 50 ] делінген.
Ойшылдың өз аты – Шамс ад-Дин. Әкесінің аты – Ахмед. Бабасының есімі – Абд әл-Муъмин ат-Түркімани. Бұл жерде көңіл аударатын екі мәселе бар. Олар оның есім тізбегінде көрсетілген ат-Түркімани және әл-Бани Пати (Панипати) деген атаулар. Әуелгі ат-Түркімани деген сөз бабамыздың түркі текті екенін және түркімен тайпасынан шыққандығын да көрсете ме деген жайтқа келейік.
Түркімен деген этностық атауға байланысты Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік» («Түркі тілдерінің жинағы») атты еңбегінде: «Түркіман гуз (оғыз) тайпасына жатады. Зұлқарнайын (Александр Македонский) түркілер елінен өтіп бара жатып, түркі тайпасының бір топ кісілерін көріп парсыша: «Түркман анд», яғни «олар түркілерге ұқсайды» деген екен. Содан бері осы атау күні бүгінге дейін (XII ғ.) оларға таңылып, сақталып қалды», дейді [2, 1051-1052].
Шамс ад-Диннің түркі текті және Қожа Ахмет Ясауидің зәузаты екендігін ортаазиялық тарихшы, шежіреші Абд әл-Қадыр (XIX ғ.) «Маджмаға әл-ансаб уа-л ашджар» («Насаб және шежірелердің жиынтығы») [3, 13, 58] деген еңбегінде растайды. Ол оны «Шамс ад-Дин түрк Панипати, Әлилік Саидтар әулетінен, насабы Ахмад Ясауиге жетелейді. Шамс ад-Дин хазраты шейх Махдум-и Алам Ала ад-Дин Әли Амад Сабридің (Алла рахым етсін), ал ол хазіреті шейх Фарид Хаққ уа-д Дин Масуд Аржағанидің (Алла оны есіркесін) мүриді» дей отырып, әрі қарай үнділік чиштийа сопылық тариқатының ізбасарларын тізбектеп кетеді.
Шейх, Мирза Камил бин аш-Шейх Ахмед бин Малик әл-Ясауи.
Ясыда туып, Кашмирде тұрған бабалар туралы Абд әл-Хаий әл-Хасани әл-һиндиден басқа ортағасырлық қаламгер әл-Бабани және Умар Рида Каххала да жазды. Әл-Бабани «һадияту-л арифиин» («Білгірлер сыйы») атты еңбегінде ясылық Шейх Мирза Камил бин аш-Шейх Ахмед бин Малик әл-Ясауиді атайды. Кашмири ныспы оған кейінірек, ол сонда көшіп барған соң берілсе керек. Әл-Бабани оның «Бахр аз-Заман» («Заман теңізі») атты кітабы барын айтады [6-том, 837].
Сонымен ғалымның өз аты – Мырза Камил болса, әкесінің есімі – шейх Ахмед, ал бабасының аты – Малик Мұхаммед әл-Ясауи...
Умар Рида Каххала оның аты-жөнін: «Камил бин Ахмед бин Мұхаммед әл-Ясауи...соңыра әл-Кашмири еді» [9-том, 139] деп жазады. Мұнда жоғарыда Исмаил паша көрсеткен «мырза» деген сөз жоқ. Оған ол Камил деген есімді Хаджи Халифа (1609-1657) қосқан. Ол ясылық данышпанның ныспысын «Аш-Шейх, Мырза Камил бин аш-Шейх Ахмед әл-Ясауи әл-Кашмири» деумен оны да «Түркістан уалаятындағы Ясы қыстағынан шыққан» дейді.
Әл-Хусайни әл-һинди оның бабаларының Кашмирге сол жақтан келгендігіне назар аударды. «Камил содан өле-өлгенше Кашмирдегі пәтуа үйінің меңгерушісі болды» дейді.
Хаджи Халифа оның есімдер тізбегі мен өмірдерегі туралы: «Камил бин Ахмед бин Мұхаммед әл-Ясауи бин Малик Мұхаммед... Сонан соң әл-Кашмири». Һижраның 1131 ж. дүниеден өтті. Оның «Бахр аз-Заман» деген еңбегі бар», деп жазады. Ғалымдар сөйтіп оның аты-жөнін ала-құла етіп көрсеткенімен, ол Мырза Камилдің ғұмырнамасын көп өзгеріске ұшырата қоймаған. Камил [һижраның] 1131 (1718) жылы дүниеден өткен.
Шейх Ахмед ибн Мұстафа әл-Кашмири.
Тақуа, ғалым, шейх Ахмед бин Мұстафа бин әл-Муин ар-Рафики әл-Кашмири Әбу ат-Таййб фақиһ (мұсылман заңгері), хадисші. Ол екі ағайынды. Інісі Мұхаммед бин Мұстафа [һижраның] 1150/1736 жылы дүниеге келген. Аты-жөнінде Ясауи деген сөз болмаса да оның ясылық даналардың ұрпағы екені сөзсіз. Ол қасиетті Құранды жатқа білген. Әуелгі білімді әкесінен, немере ағасынан, әкесінің інісінің балалары, нағашы атасы мен нағашы ағасы Нұр әл-һуда әл-Ясауи әл-Кашмириден алған. Нәтижеде фиқһ, хадис, сира (Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың өмірбаяны), сопылық ілім мен поэзия және өзге де ғылым салалары бойынша керемет білгір атанады. Ол көптеген шайқылар мен ғалымдардан білім алған. Сопылық пен этика іліміне қатты қызыққан. «Хадаиқ әл-Ханафияда» – («Ханафиттер бағында») Ахмед бин Мұстафаның [һижраның] 1219/1803 жылы раджаб айының сегізіне қараған күні қайтыс болғандығы туралы айтылған.
Шейх Мұхаммед бин Мұстафа Ар-рафики әл-Кашмири.
Шейх, ғалым, тақуа Мұхаммед бин Мұстафа бин әл-Муин ар-Рафиқи әл-Кашмири Әбу ар-Раид Ханафи мазһабы шейхтарының бірі. Ол жоғарыда аталған Ахмед бин Мұстафаның бауыры. «Хадаиқ әл-Ханафия» бойынша ол («Ханафиттер бағында») [һижраның] 1154/1740 жылы Кашмирде туған. Білімді нағашы атасы Нур әл-һуда және атасы Абд әл-Хақ әл-Ясауиден алған. Хадис пен сопылық ілімді әкесі және нағашысы және Ашраф ибн Раидтан алған. Оның сопылық туралы еңбегі бар. Ол [һижраның] 1218/1804 жылы жұмада әл-ахир айының он алтысы, сәрсенбі күні қайтыс болған.
Шейх Таййб бин Ахмед ар-Рафики.
Шейх, ғалым, фақиһ Таййб бин Ахмед бин Мұстафа бин әл-Муин ар-Рафиқи әл-Кашмири сопы шейхтарының бірі. Ахмед бин Мұстафа [һижраның] 1091/1679 жылы дүниеге келген. Қасиетті Құранды Хайр ад-дин бин Әбу-л Бақа әл-Кашмириден оқыған, ал жалпы білімді әкесінің інісі (ағасы), әкесінің бауырларының балалары және Әбу Йусуф Абд әл-Ғафурдан алған. Сопы хиркасын (киімін) өз әкесінен, әл-Кубрауия, әл-Қадария мен аш-Шатирия тариқаттары ілімін Абд әл-Хамидтен үйренген.
Маулана Абд Алла әл-Кашмири.
Шейх, ғалым, тақуа Абд Алла ибн Мұхаммед Фадл әл-Ясауидің өз аты Абд Алла. Ал әкесінің ныспысы – Мұхаммед Фадл әл-Ясауи. Оның ата-бабаларының кейбірі ілгерірек Кашмирге көшіп келсе керек. Ол Молла Мұхаммед Мұхсиннен, шейх Аманулла аш-Шаһиден және басқалардан тағылым алған. Қади шаһтан сопылық тариқатты үйренген. Сонан соң саяхаттап шейхтармен кездесіп, соңыра Кашмирге оралған соң мүфти болып тағайындалған. Одан Мұхаммед Усман Баба Асадулла Молла Абд әл-Мүмин, Мир Мұхит ад-дин және Кашмирдің ірі де тұрғындарынан білім алған. «Хадаиқ әл-Ханафия» – («Ханафиттер бағы») атты кітапта Маулана Абд Алла шаууал айының ортасында [һижраның] 1171/1757 жылы қайтыс болды делінген.
2014 жылы «Халық – тарих толқынында» бағдарламасы бойынша Испанияның Эскуриал кітапханасында іссапарда болғанымда, сол жерден Ала ад-дин ас-Сайрами, Низам ад-дин Йахиа ас-Сайрами, Абд ар-Рахман ибн Низам ад-дин ас-Сайрами атты аталы, балалы, немерелі үш кісі туралы мағлұматтар кездестірдім. Бұлар Мысыр мен Сирияны мамлүктер билеген кезде өмір сүрген. Олар қазір зерттелу үстінде.
Бұлардан басқа да Ясауилер Египетте, Иранда да болуы мүмкін. Бірде Каирде халықаралық конференция кезінде бір кісі келіп өзін Ясауи деп таныстырғаны есімде.
Міне, Ясыда туып, Кашмирде ислам діні мен өркениеті, мәдениетінің өркен жаюына аянбай қызмет еткен кемеңгер бабалар жайлы әлі әзір қолда бар мағлұматтар осылар.
Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ,
Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор