• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
11 Қараша, 2012

Бабалардан қалған жауһар

1019 рет
көрсетілді

Бабалардан қалған жауһар

Жексенбі, 11 қараша 2012 19:52

Еліміз тәуелсіздік алған кезден бері Қазақ елінің тарихына және ғылым-біліміне қосылып жатқан мәдени мұралар халқымыз әлімсақтан жазба өнерін терең меңгергенін нақты дәлелдеуде. Ежелден-ақ еліміздегі ел басқару мен заң шығару, сот ісін әділ жүргізу сынды маңызы зор мемлекеттік билік істерін қоғамдық талаптарға сай мұқият жүргізген тарихи құнды жазба мұралар да табылуда. Оған жарқын мысал – заң ғылымдарының докторы, академик Ғайрат Сапарғалиевтың тыңғылықты зерттеуімен жарыққа шыққан “Төре бітігі – Армяно-кыпшакский судебник 1519-1594” деген кітабы. Биылғы жыл мәдени мұраларды қорғау шараларына арналғанын ескерсек, мемлекетіміздің арқауы – дәстүрлі құқыққа тән заңдар ережесі де өте құнды, қымбат қазына болып саналады.

Жексенбі, 11 қараша 2012 19:52

Еліміз тәуелсіздік алған кезден бері Қазақ елінің тарихына және ғылым-біліміне қосылып жатқан мәдени мұралар халқымыз әлімсақтан жазба өнерін терең меңгергенін нақты дәлелдеуде. Ежелден-ақ еліміздегі ел басқару мен заң шығару, сот ісін әділ жүргізу сынды маңызы зор мемлекеттік билік істерін қоғамдық талаптарға сай мұқият жүргізген тарихи құнды жазба мұралар да табылуда. Оған жарқын мысал – заң ғылымдарының докторы, академик Ғайрат Сапарғалиевтың тыңғылықты зерттеуімен жарыққа шыққан “Төре бітігі – Армяно-кыпшакский судебник 1519-1594” деген кітабы. Биылғы жыл мәдени мұраларды қорғау шараларына арналғанын ескерсек, мемлекетіміздің арқауы – дәстүрлі құқыққа тән заңдар ережесі де өте құнды, қымбат қазына болып саналады.

Орта ғасыр дәуірінде Дешті Қыпшақ мемлекетінің қуаты, оның жүргізген саяси билігі бүгінде Еуразия құрлығында түтін түтетіп отырған талай мемлекеттің ел басқарудағы мемлекеттік құрылым жүйесіне арқау болғаны тарихи шындық. Қолымызға тиген “Төре бітігі – Армян-қыпшақ сот ісін жүргізу кодексі” сондай тағылымы терең құқықтық заңнаманың бірегейі. Олай дейтініміз, еліміздің жазба мұрағатының тарихында, оның ішінде мемлекеттік сот билігі құқығына қатысты бас-аяғы түгел мұндай заңнама кездескен емес. Халқымызда “Іздеген жетер мұратқа” деген ғибраты мол аталы сөз бар. Осындай іргелі еңбекті ұзақ жыл ізденіп жүріп халқымызбен қайта қауыштырған академик, белгілі заңгер Ғайрат Сапарғалиевтің жансебіл еңбегінің арқасында  Қазақ елінің елдік мүддесіне қызмет көрсеткен заңнамалардың ғұмыры бес ғасырға ұзарғанына куә болдық. Бұл – елімізде құқықтық жазбаша заң ережелері ерте дәуірде-ақ қалыптасқанын, өзге іргелі елдердің зерттеуші ғалым­дарына іркілмей дәлелдеп беретін, әрі бұлтартпайтын құнды дерек.

Еліміздің заң ғылымын жетілдіруге сүбелі үлес қосып жүрген Ғайрекең, орта ғасыр дәуірінде бүкіл Дешті Қыпшақ мемлекетіне және оның құрамына кірген өзге де үлкенді-кішілі ұлыстардың құқықтық заң жарғысына айналған, толық атауы: “Армян Төре бітігінің қыпшақ-поляк версиясы және армян-қыпшақ іс жүргізу кодексі” (Львов, Каменец-Подольский, 1519-1594) деген бұл жазба мұра туралы бұдан жиырма бес жыл бұрын естіп-білісімен, оны терең тұрғыдан зерттеп шығуға ынтазар болады. Алғаш рет 1980 жылы Арменияның көне кітаптар қоймасында, яғни Ереван Матенадараны көне қолжазбалар институтында сақталған бұл мұраны қолына ұстап көрудің өзі мұң болады. Өйткені, қыпшақ тіліне қатысы бар ұлт өкілдерін мұнда жіберуге мүлдем рұқсат жоқ еді.

Тәуелсіздіктің таңы атысымен бұл істі жан-тәнімен қолға алған ғалым түркі тілі жазба мұраларын терең зерттеген, қазақ тілінің нағыз жанашыры, филология ғылымдарының докторы А.Гаркавецпен қоян-қолтық араласып, айтулы еңбекті қазақ және орыс тілдеріне сәтті аударып, еліміздің сот құқық тарихына теңдесі жоқ үлес қосты. Ұзақ уақыт құқықтық сараптау мен ғылыми зерттеуден өткізген соң, бұл құнды мұра оқырмандар қолына тиді. Осылайша, орта ғасыр дәуірінде қыпшақ тілінде сот ісін жүргізген кодекс қазақ тілді туысымен бес ғасырдан кейін қайтадан қауышты. Бұл құнды жәдігер бүгінде халқымыздың көзайымына айналып, ұлт мерейін өсіруде. Қазақ елінің сот тарихына жаңаша ғылыми көзқарас тудырып, дәстүрлі құқық нормаларын одан сайын кемелдендіруге зор үлес қосуда. Әсіресе, заң саласында білім алып жатқан шәкірттерге және ұлтымызға тән құқық тарихын, заңдарын зерттеп жүрген ізденуші заңгерлердің ынта-ықыласын ерекше аударатыны сөзсіз.

Академик Ғ.Сапарғалиев осы кітапқа жазған алғысөзінде: “…Көлем жағынан аса зор армян әліппесімен 1519-1689 жылдарда жазылған Төрелер жинағын, Іс жүргізу Кодексін, кәсіптік және қоғамдық ұйымдардың жарғыларын, діни және азаматтық өзін-өзі басқару актілерін қамтитын бір топ қыпшақша заңи ескерт­кіш­терінің маңызы ерекше құнды”, – деп баға бергені, бүгінгі заң­гер­лерді талай тың ойларға, ғылыми ізденістерге жетелейді деп білемін.

Енді, осындай құнды жазба мұра атасы бөлек армян жұртшылығында қалай сақталған? Олардың мемлекеттік құқық жүйесіне нендей себептермен қызмет атқарған? Өзге елде қыпшақ тілінің мәртебесі неге ерекше болған деген маңызды сауалдарға тоқталайық.

Тарихи жазба деректерге қарағанда ХІ-ХІІ ғасырдан бастап Дешті Қыпшақ мемлекетінің беделі Еуразия құрлығын мекендеген елдер арасында мәртебесі биік болған. Расында, қазіргі орталық Қазақстаннан бастап, Дунай өңіріне дейін қанатын жайған Дешті Қыпшақ мемлекеті өз заманында талай елдерге үстемдігін жүргізіп, ұлыс аралық мемлекеттік тіл – қыпшақ тілі болуына негіз қалаған. Біздің бұл ойымызды “Төре бітігін” жан-жақты зерттеген Ғ.Сапарғалиев пен А.Гаркавецтің осы кітаптағы көптеген деректері растай түседі. Екі ғалымның деректері бойынша 16-17 ғасырдан бері Каменец-Подольск армян сотына қатысты жалпы түркі тілінде, армян әрпімен жазылған құжаттардағы армян сот хаттамаларының артықшылығын білдіретін және басқа да діни жазбалар мен жылнамалардан тұратын, тұтас 32 кітап сақталған екен (кітаптағы 758-бет). Онда еліміздің сот-құқық тарихына ғана емес, филология, мәдениет, көркем әдебиетке қатысты тың деректер молынан ұшырасатыны айтылған. Бұл – еліміздің жазба мәдениеті мен тарихына, дәстүр-салтына қосылар тың дерек көздері.

Дешті Қыпшақ мемлекеті кезінде өзінің қол астына Шығыс Еуропаның көптеген елдерін қаратқаны тарихи шындық. Бүгіндері мемлекетін Хунгария деп атайтын Венгрия-Мажарстан елінің құрамындағы негізгі халық мадиярлар өздерін қазақтың тоқсан екі баулы қыпшақ руынан тарайтын ұрпақпыз деп, мақтанышпен айтуында көп сыр жатса керек. Дегенмен, Шығыс Еуропаға үстемдік жүргізген қыпшақтардың ел басқарудағы билік істері өзге елдің ұлттық ерекшелігіне, сот құқық ісіне, басқа да дәстүр-салтына нұқсан келтірмегені байқалады. Содан да болар, ел билеудегі бұл үрдіс бертінге дейін сақталып келгені аңғарылады. Бұл жайлы және мемлекеттік сот ісін жүргізуге байланысты кітапта қызықты деректер көп ұшырасады.

Соның ішінде: “Окончательное юридически закрепленное самоуправление каменецкие армяне получили в 1496 году, когда Ян І Ольбрахт королевской грамотой позволил армянам Каменца судиться по собственным законам перед своим войтом и старейшинами, не подчиняясь иной юрисдикции”, – дей келе, – “Судились они в соответствии с местной кыпчакско-польской версией “Судебника” Мхитара Гоша (12 в.) (Из истории кыпчакоязычных армян, 761-бет), – деп сот құқық тарихының қалыптасуы мен дамуынан мол мағлұмат берген автор, оның бұдан кейінгі өркендеуіне де тиянақты түрде зерттеу жүргізген.

Армян-қыпшақ жазба мұрасының ауқымы өте кең, тақырыбы сан-салалы. Оған бір-екі ғалымның күші келе қоймасы да анық. Сондықтан мұндай тағылымы терең мол мұраны жаппай ізденіп зерттеу – ғылымның әр саласына зейін қойған маман-ғалымдардың ынтымақтаса кірісетін іргелі ісі. Мұны айтып отырған себебім, жоғарыдағы 32 кітаптың ішінде біздің Қазақ елінің өткеніне қатысты небір құнды жәдігерлердің жатуы әбден мүмкін ғой.

Өйткені, қыпшақ тілді армяндардың жазба деректерін саралап шық­қан А.Гаркавец оның өте кең, көлемді, әртүрлі екенін айтады. Қа­зірдің өзінде тақырыпты жүйе бойынша олар: 1. тарихи хроника­лар; 2. құқықтық кодекстер мен заң құжаттары; 3. филологиялық еңбектер; 4. мәдениетке қатысты әдебиеттер; 5. әдеби көркем туындылар; 6. нақты әдебиеттер деп сараланған. Енді қыпшақ тілінің мәртебесінің биік болғаны туралы мына бір дерекке тоқталайық.

Осы кітаптың 760-бетінде: “…Что касается языка, то киевские ар­мя­не, как и каменецкие, судя по данным актовых книг, тоже были кыпчакоязычны и переселяясь в Каменец, перед местным армянским судом принимали присягу на подданство на кыпчакском языке.

На Подолию и в Галицию армяне прибывали из Молдавии и Валихии, где их главными поселениями были Аккерман, Серет, Сучава, Хотин, Яссы, и из Кырыма” (А.Гаркавец: “Кыпчакоязычные армяне и армяно-кыпчакское письменное наследие ХVІ-ХVІІ веков”, кітаптағы 760-бет), – деген ғылыми тұжырым қыпшақ тілінің көптеген ұлыстар мен ұлттарға бір жүйеде сөйлейтін мемлекеттік тіл болғанын растап тұр.

Армян және поляк тіліне алма кезек аударылып, сол елдердің жазба жәдігеріне айналған бұл көлемді еңбек неге “Төре бітігі” деп аталған? Көне түркі тілінде бұл сөздің ұғымы да, мағынасы да, құқықтық нормадағы қамтыған ауқымы да кең болған. Төре, төрелік айту – сот ісін жүргізу, судьялық ету, заң және құқық, әділдік деген сан қырлы ұғымға әкеп саяды. Бір сәт тарихи деректерге көз жүгіртіп көрелік.

ХІ ғасырдан ХІІІ ғасыр аралығында Дешті Қыпшақ мемлекетіне, одан кейін Түркі-Моңғолдар құрған Алтын Орда хандығына қараған ұлыстар мемлекеттік билікке қатысты хан Жарлықтарын, өзге де заң ережелерін бірауыздан мақұлдап, қоғамдағы құқықтық қарым-қатынастың бұлжымас тәртібі деп ұққан. Бұны автор: “Осы ескерткіштердің арасындағы түбегейлісі 1519 жылы армян тілінен латын тіліне аударылып, поляк королі бекіткен, содан кейін Львов қыпшақ тілімен сөйлейтін армяндардың ана тіліне аударылған Заңдар жинағы – “Төре бітігі” болып саналады”, – деп түсіндірген (кітаптың 520-беті).

Енді, осы көне қыпшақ тіліндегі “Төре бітігін” қазақ тіліне ұғынықты, заң терминдері мен ұғымдарына дәл сәйкестендіріп, жатық аударып шыққан заң ғылымдарының докторы, академик Ғайрат Сапарғалиевтың “Армян Төре бітігінің Қыпшақ версиясының аудармасындағы” сот ісін қарау, әділ билік айтуға қатысты жазбалардан бірнеше мысалдар келтірсек.

Көне түркі заманынан бері қалыптасқан ұғым бойынша сот әділдігін жүргізуде “жарғы” және “жарғышы” деген сөздің мәні; бүгінгі тілмен айтқанда “жарғы – шешім”, “жарғышы – судья”, сондай-ақ “төре – төрелік” сөзі де сотқа және сот әділдігіне қатысты заңи ұғымда қатар қолданылып келген. Мәселен, Қазақстан Республикасы Конституциясының “Соттар және сот төрелігі” бөліміндегі 75-баптың 1-тармағында: “Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады” деген сөйлем, біз сөз етіп отырған “Төре бітігімен” тікелей астасып жатқанын байқаймыз.

“Төре бітігіндегі”: “Тағы да жарғы деген не, кімдерге жарғышылық жүктеледі және кімдерге жарғышылық етуді тапсыруға болады” деген 5-бабында: “Жарғы – барша істерді тергеу…, жарғышы сауатты, дана, ақылды болу керек, діни жазбаның күшін жақсы білуі керек, барша адамдардың мінезін біліп, жарғыны әділ шығару керек…, Тәңіріге лайықты білімділік қажет. Себебі жарғышылық ету – Тәңірінің ісі”, – деп оның пәрменін құдайдың құдіретімен тең қарастырады. Осы бапта: “…Хандарға және ұлы билерге де жарғы жаруға (шығаруға) тура келетін. Бізде де солай болсын …, егер ұлыста христиан ханы немесе ұлы би болса, алдына келген өмірдегі істі әділдікпен шешетін болсын” (кітаптағы 643-644-беттер), – деген сот әділдігіне қатысты шынайылық нақты көрсетілген.

“Төре бітігінде” адамдар арасындағы құқықтық қатынастарды әділ реттеу, сот ісін белгіленген заң қағидаларына сай біліктілікпен дұрыс түсінісіп жүргізу жайлы да аз жазылмаған. Осыдан бес ғасыр бұрын жазылған мына заң талаптары бүгінгі кездегі сот реформа­сын дамытуда үнемі айтылып келе жатқан жайттармен сарындас екені қайран қалдырады. Енді жазба мұраның осы бабында айтылған сотқа және судьяларға тән айтылған бірнеше қағидаларға тоқталып, оны бүгінгі күнгі талаптармен салыстырып көрелік.

“…Жарғышы төрелікті жалғыз атқармасын, көпшілікпен атқарсын, егер мүмкін болмаса, екі немесе үш жақсы және білімді адамдармен төрелік етсін. Төреге келгендерге екі немесе үш куә керек болғандай, төрелік дұрыс болу үшін жарғышыларға да сенімді адамдардың куәлігі керек… Жарғышы тек бір жағын тыңдамасын, айыптаушыны немесе айыпталушыны, екі жақты бетпе бет қоюы керек. Арыздарының шындығын тергесін, содан кейін екі немесе үш куәден шындықты айқындау үшін төре бойынша жауап алынсын, себебі кез келген іс екі және үш куәдан жауап алумен аяқталады. Ал кімнің куәсі болмаса, бір жағынан, кімге түссе, ант алумен шешім қабылдансын” (645-бет), – деген сот ісін жүргізуге байланысты айтылған “төрелік” бүгінгі соттар мен судьяларға қойылып отырған талап деңгейінен еш кемдігі жоқ. Келешекте ерекше маңызды деген істерді 4-6 алқа билердің қатысуымен қарау тәжірибесі де осы мақсатты көздейді.

Осыдан бес ғасыр бұрын жазылған бұл жәдігерлерде жарғышылардың, яғни судьялардың білімі мен біліктілігін үнемі жетілдіріп, замана талабына сай туындап жататын заң ережелері мен құқықтық актілерді үнемі қадағалап оқып, үйрену керектігі туралы және судьялар сот ісін жүргізгенде әдептілікке сай иманды, ұстамды болуы жайлы айтылған принциптер бүгінгі судьяларға қойылар талаптан алшақ кетпейді. Оқып көріңіз:

“Жарғышылар ертеден кешке дейін Ескі мен Жаңа Төрені және Төре бітігін оқуға тиіс, сонымен қатар барлық халықтардың және дана адамдардың жазғандарын ақылға салулары қажет”, – дей келе мінез-құлық, әдепке байланысты, – “Жарғышылар барлық жағынан өнегелі, жақсы мінезді болып, төрені (әділдікті дегені – Қ.М.) сақтасын, ешқашан жарғы барысында ашуланбасын және мінезімен қызғаншақтық көрсетпесін, әсіресе жарғылық барысында, себебі жарғылыққа келгендер ызаланып, ойламасын: жарғышылардың қызғаншақтығынан немесе өштескендігінен жарғы әділ болмады деп. Жарғышылар өте ақылды және сабырлы болулары тиіс. Себебі көп жағдайда жарғыда көп күш қолдануға тура келеді және ол өздігінен болмайды. Сабырлылық көрсетіп, істі кейінге қалдырсын, басқа уақытта жан-жақты тергеп, қайтадан алдарына шақыртып, содан кейін шешім шығарсын” (645-бет), – деген қағидалар қазірдің өзінде заңдылық құндылығын жойған емес деп сеніммен айта аламыз.

Бұл кітаптағы мемлекет билігіне, өзге де құқықтарға және сот ісіне қатысты неше түрлі құқықтық қатынастарды реттеген 124 баптан тұратын “Төре бітігі” және “Іс жүргізу кодексіне” арналған қосымша 99 баптан тұратын заңнама нормаларын тұтас талдап шығу – үлкен ғылыми еңбектің жүгі. Сондықтан, тек сотқа тікелей қатысы бар баптардың мәнін аша кетуді жөн көрдім. Әсіресе, бүгінгі тілмен айтқандай конституциялық заң күші бар заңдармен шендесе алатын “Төре бітігіндегі” баптардың бірнешеуіне ғана тоқталайық. Мәселен, аталған кітаптың 654-655-бетіндегі: “Төрелердің, хандардың, ұлы билердің және барша жарғышылардың зайырлы төрелерінің бастауы, сонымен қатар хандардың және олардың қол астындағылардың төрелері” деген бапта мемлекеттік билік ісіндегі хандар мен ұлы билер туралы:

“Алдымен діни төресін жаздық та, онда төрешілердің түсімін белгіледік, себебі олар ең алғашқы және ұлы төре. Ал екіншіден соған ұқсас қылып хандардың, ұлы билердің және басқа қара халықтың төрелерін түздік.

Жалпыға белгілі, көктегі Тәңірі Иеміз Хан болады, ал бұл дүниенің хандары Тәңірінің атағын алып жүр, бірақ Тәңірі сияқты нағыз шынайы емес. Әрине хандар деп қол астына билігін жүргізетін, бағынған түрлі халықтар мен ұлыстар және де салық алып тұратын биліктіктері барларды айтады”, – деп сипаттама бере келе, ең ауыр қылмыс – кісі өлтіру, оны жасаушыны жазалауда ұлы билер мен хандардың әділ болуын қадап айтады. – “…Христиан хандарының барлық істері және шешімдері төреге сәйкес болсын және олар ешкімді қиянат жасап, жәбірлемесін…, егер христиан дінсізді қасақана өлтірсе, жазылғандай қан құнын төлесін; ал егер абайсызда өлтірсе, жартысын төлесін, бірақ қан құны хандыққа (қазынаға) болсын, оның үштен бір үлесі өлген кісінің туғандарына берілсін. Егер христиан христианды қасақана өлтірсе, қанның құнын туысқандарына төлесін, ал хандыққа әлі келгенше айып берсін. Өлім жазасына лайық болса да, айыбын беріп опық жесін. Мұндай ауыр төрелікті хан шығарсын, ал басқа төрелік жарғышыларға берілсін. Ұлы билер хан бұйрығынсыз өлім жазасына лайықтыларды өлімге кеспесін, бірақ ұлы би ұрылардың жарғысын шығарсын, ал кіші билер ұлы билердің рұқсатынсыз ұрының жарғысын шығармасын” (кітаптағы 656-657-беттер), – делінген.

Осы айтылғандарды бүгінгі білікті заңгерлер мен сауатты судьялар ешқандай түсіндірмесіз-ақ ұғына алады деп ойлаймын.

Академик Ғайрат Сапарғалиев бұл үлкен заң жинағын ұзақ жылдар зерттеп, армян әліппесімен жазылған “Армян заңдар жинағының қыпшақи версиясында қолданылған сөздерді” көне қыпшақ тілінен қазіргі қазақ тіліне дәлме-дәл аударып, оның мағынасын, дыбысталуын нақты ажыратып беруі – заң ғылымына қосылған үлкен олжа. Енді, ғалымның еңбегінен, кітаптың соңғы бөлігін құраған аудармадан көне қыпшақ тіліндегі тікелей сот ісіне қатысты бірнеше заң терминдерінен, тұрақты тіркестерден мысалдар келтірейін. Жоғарыда “жарғы”, “жарғышы” сөзінің сот ісіне қаншалықты қатысы барын айтқандықтан оған тоқталмай-ақ, бұл еңбектегі осы сөзден туындайтын бірнеше сөз және сөз тіркестерін келтірейін. Кітаптың 726-727-беттеріндегі:

“1. Йарғұ – заң; йарғұсұна көрә – олардың заңы бойынша; 2. құқық, құқықтық нормалардың, заңдардың, ережелердің жүйесі, жиынтығы: 3. құқықтар, бостандықтар, жеңілдіктер. Йарғұны, йарғұны айа – құқығын шектеу; 4. сот, мекеме, инстанция; йарғұнұң алнына – соттың алдында; йарғұ алнына кел – сот алдына келу; йарғұға бар – сотқа сөз салу; йарғұға тұр – сот алдына келу, тұру; 5. әділ сот, сот тәртібі, сот ісін жүргізу, сот жұмысы, сот тәжірибесі; йарғұларыны ет – сот ісін жүргізу; йарғұнұ тогрұ ет – әділ сот жүргізу; йарғы тап – сот шешімін шығару, сот дауын шешу; йарғұнұң иши – сот ісі, сот қызметі; йарғұдан өгүтләнмәх керәк – сот арқылы жазалану керек. Судьяларға қатысты: 6. йарғұчы, йарғұчұ – судья;йарғұны йар – әділ сотты жүзеге асыру; йарғұчынының мүһүрү – судьяның мөрі; йарғұчылых, йарғұчұлұх – лауазым, судьяның міндеттері, соттау құқығы; йарғұчылыхның бойрұхұ – судьяның құқығы, шешімі. 717-718-беттегі: барча йарғұчының күчиниң күчи – барлық судьялардың шешімінің жоғары күші; анттан башха ұч ет – ант тағайындамай сот шешімін шығарғызу. 720-721-беттердегі: бұйрұхұндан төрәсиниң – соттың шешімі бойынша; бий йарғұчы – судья мырза; ұлұ бий – ұлы князь, ұлы би”  деген қыпшақша сөздер қазақша өте ұғынықты, қазіргі сот ісін жүргізу тіліне тым жақын екені анық сезіліп тұр. Міне, бұл іргелі еңбектен Қазақ елінің дәстүрлі құқығына және бүгінгі сот ісі тіліне негіз болып қаланған терминдер көптеп кездеседі.

Тәуке хан тұсында ұлы билеріміз – Төле, Қаздауысты Қазыбек, Әйтеке жазған, содан бері Қазақ хандығының Ата заңы іспетті мемлекеттік зор құқықтық беделге ие болған “Жеті Жарғы” атауының неліктен осылай аталғаны баршаға енді түсінікті болған шығар. Бұған қоса айтарым ата-тегіміз бір Түрік елі өздерінің Жоғарғы Сотын “Жарғытай Соты” деп атайды екен.

Бүгінгі судьялардың сот ісін әділ жүргізуде, олардың имандылығы мен кісілігін, әділдігін танытатын, халқымыздың “Қара қылды қақ жарған” деген даналыққа толы қанатты сөзі де, сол Дешті Қыпшақ заманынан келе жатқанын аңғартады. Жоғарыда мысалға келтірген “Хандарға және ұлы билерге де жарғы жаруға (шығаруға) тура келеді” деген сөйлемдегі “жаруға” сөзі бұл ойымызға толық дәлел болса керек. Қара қыл – өте жіңішке, оны екі жағына артық-кем жібермей тең жарып беру – ең әділ бидің ғана қолынан келер имандылық ісі.

Сондықтан да, еліміздің сот тарихына ерекше үлес қосқан бұл ғажап еңбек әлі талай қырынан зерттеліп, заң ғылымын, оның ішінде мемлекеттік құқық тарихын одан сайын кемелдендіруде нұр үстіне нұр болары сөзсіз.

Қайрат МӘМИ,заң ғылымдарының докторы.

АСТАНА.

2 маусым, 2004 жыл.