Үстел теннисінен еліміздегі беткеұстар спортшылардың бірі Зәуреш Ақашева ұлттық құрамаға іріктеу турнирінде жеңіліс тапты. Olympic.kz сайтына шағын сұхбат берген ол бұл сәтсіздіктің себебін түсіндірген болатын.
- Жаңа жыл басталған бойда ерлер мен әйелдер арасында ұлттық құрамаға іріктеу турнирі өтті. Өкінішке қарай, екі жарыс күнінде де мен 4-ші орыннан көріндім. Бір сөзбен айтқанда, бұл айтарлықтай жақсы нәтиже емес. Дегенмен, мұнымен тоқтап қалмаймын. Алдағы жарыстарға тыңғылықты түрде дайындаламын. Көпшілік ойлағандай, бізде жаңа маусым енді басталған жоқ. Маусымның шымылдығы сонау күзде ашылды. Бұл тек жалғасы, - дейді теннисші.
Зәуреш Ақашева Ресей суперлигасында ойнаудың артықшылықтары жөнінде де ой бөлісті.
- Біз «Астана» командасы сапында Ресей суперлигасында екі тур ойындарын өткіздік. Қараша мен желтоқсан айларында Орынбор қаласына барып, үздік ресейлік командаларға қарсы ойнадық. Шынымды айтсам, Ресейдегі командалардың да, ойыншылардың да деңгейі бөлек. Бәсекелестік өте жоғары. Кәсіби, шебер спортшыларға қарсы ойнау бізді де шыңдай түсері сөзсіз. Бұл біздің команда үшін үлкен тәжірибе, - дейді Зәуреш.
Қазақстандық спортшы алдағы уақытта ел спартакиадасы мен ТОП-12 сайысында сынға түседі.