Алматыда төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында Есентай өзенінің арналарын бекіту жұмыстары жүріп жатыр. Биылғы жаз айларында өзен жағалауындағы тротуарларды, спорт алаңдарын абаттандыру және жарық желілерін жүргізу ісі қолға алынбақ. Мамандардың айтуынша, мұнда 4000 ағаш отырғызу жоспарланған.
Қазіргі кезде ұзындығы 1,8 км болатын аумаққа тірек қабырғаларын орнату, өзен түбіне темірбетон төсеу және техникалық жолдарды абаттандыру жұмыстарының 65 пайызы аяқталған. Атқарылған шаралар учаскеде су ауқымын күнделікті өткізу қуатын 10 есеге дейін ұлғайтпақ.
«Құрылыс жұмыстары барысында «Tokyo Rope Almaty» зауытында шығарылатын отандық өнімдер қолданылуда. Өндіруші әлемдік жоғары сапалы стандартқа сай ауыр габиондарға 50 жылдан астам кепілдік беруде. Мегаполис басшысы селдің алдын алу жұмыстарына ерекше назар аударылатынын атап өтті. Соңғы үш жыл ішінде сел қаупі бар учаскелер 67-ден 12-ге қысқарды, тоғыз өзеннің арналары реконструкцияланды және 300 км арық желілері қайта жасалды. Шаһарды одан әрі дамытудағы басты қағида қауіпсіздік пен таза экология болуы тиіс», – дейді қала әкімдігінің баспасөз қызметінің өкілдері.
Бұлардан өзге, Алматыда «Ақсай» және «Аюсай» жаңа су бөгеттерін салу ісі де жоспарланған. «Мыңжылқы» су бөгетін реконструкциялау жұмыстары аяқталуға жақын. Осыған дейін қала аумағындағы Ерменсай, Кереңқұлақ, Үлкен және Кіші Қарасу сияқты төрт өзеннің арналары бекітілген.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ