«Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес үкіметтік емес ұйымдар жыл сайын 31 наурызға дейін уәкілетті органға, яғни Қоғамдық даму министрлігіне өз қызметі туралы есеп беруге міндетті. Егер есеп бермеген жағдайда, алдымен ескертіледі, одан да нәтиже болмаса, 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады немесе қызметі 3 айға тоқтатылады. Бұл туралы облыстық Ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Зәуре Бәйменова хабардар етті.
«Егер үкіметтік емес ұйымдар уәкілетті органдарға есеп бермеген жағдайда олар гранттар мен сыйақылар үшін өткізілетін конкурстарға қатыстырылмайды. Бүгінде облыста тіркелген 867 үкіметтік емес ұйымның 586-ы ғана жұмыс істейді. Олардың барлығынан да осы үш айда қызу қимыл күтеміз» деді Зәуре Әнуарбекқызы.
Infonpo.kz сайты - үкіметтік емес ұйымдар үшін ақпараттар жинайтын дерекқор ғана емес, ол ұйымдар үшін ақпараттар алмасу, араласу алаңы да. Облыстық «ГрИн» азаматтық альянсы» қоғамдық қорының төрайымы Динара Өтебаеваның айтуынша, облыстағы үкіметтік емес ұйымдардың ресурстық орталығы оларға кеңестер беріп, әдістемелік қолдау көрсетіп отырады. Өткен жылы Дерекқор мәліметтері бағыты бойынша 86 үкіметтік емес ұйымға кеңес берілген еді, биыл осындай көмек алғандар саны 156 болды.
«Дерекқордағы мәліметтер үкіметтік емес ұйымдар арасында байланысты нығайтады, әріптес табуға итермелейді. Мысалы, Дерекқордағы ақпараттардың арқасында Маңғыстау облысындағы әріптестер бізге шықты, үкіметтік емес ұйымдар әлеуетін көтеру үшін қазақ тілінде шара өткізуге ұсыныс жасады» дейді Динара Қайырбекқызы.
Үкіметтік емес ұйымдар өз жұмысы туралы үш айдың ішінде есеп берсе, алда болатын конкурстарға да уақытында қатысады, жұмысы жанданады деген сөз.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай