«Жеті күн жауған жаңбырдан желіп өткен су артық» деген атам қазақ. Мұның өзі қазақ халқының суармалы жер қасиетін ертеден танығандығын білдіреді. Еуразия құрлығының қақ ортасында орналасқан Қазақстан үшін суармалы жердің маңызы өте зор. Суармалы жерсіз құнарлы да сенімді жемшөп базасын жасау мүмкін емес. Ал мұнсыз еліміздің мал шаруашылығы заман талаптарына сәйкес дами алмайды. Суармалы жерлер көкөніс, бақша дақылдарын өсірудің, жеміс-жидек өндірісін дамытудың негізгі көзі болып есептеледі.
Қазіргідей егіншілік технологиялары, жылыжай өнеркәсібі қауырт дамып келе жатқан заманда көкөніс өсіру ісімен әр өңірде шұғылдануға болар еді. Тек бұл үшін суармалы жерлердің болуы қажет. Суармалы жерлердің тағы бір үлкен артықшылығы, суарылмайтын жерлерге қарағанда өнімді бірнеше есе артық бере алады. Яғни экономикалық тиімділігі де орасан зор.
Міне, осындай қасиеттеріне байланысты суармалы жерге инвестиция салу да сенімдірек. Өйткені ондай жерден алынатын өнім көлемін, өзіңіздің кіріс-шығысыңыздың мөлшерін алдын ала жоспарлай аласыз. Яғни жауын-шашынға қараған жердегі секілді аспанға қарап алақаныңызды жайып отырмай сенімді түрде іске кірісе аласыз.
Елбасы Н.Назарбаев ауыл шаруашылығындағы маңызды міндеттердің бірі ретінде суармалы жер көлемін таяудағы уақыттың ішінде 600 мың гектарға арттыру міндетін алға қойып, Үкіметке нақты тапсырма берген болатын. Бұл тапсырма қалай орындалмақ?
Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішевтің айтуынша, Елбасы тапсырмасына сәйкес Суармалы жерлерді дамытудың 2028 жылға дейінгі жоспары әзірленді. Оны министрлік пен Үкімет мақұлдап отыр.
Бағдарламаның басты мақсаты – еліміздегі суармалы жер көлемін 3,5 миллион гектарға жеткізіп, ол жерлерді тұрақты су көздерімен қамтамасыз ету. Бүгінгі таңда суарылатын жерлердің аумағы 1,4 миллион гектарды құрайды. Бұл орайда, айналымнан алынып тасталған, бірақ қажетті суармалы жерлердің 600 мың гектары қайта қалпына келтіріледі және жаңа 1,5 миллион гектар жер суармалы жерлер қатарына жаңадан енгізілмек.
«Бұл бізге не береді? Біз бір адамға шаққандағы еңбек өнімділігін 2,3 млн теңгеден 5,9 млн теңгеге дейін арттыра аламыз. Сонымен қатар 300 мыңға жуық жұмыс орны құрылады деп жоспарлап отырмыз. Бұл ретте 2028 жылға қарай суарылатын жерлердің жалпы түсімінің өсімі 3 триллион 727 миллиард теңгені құрайтын болады», дейді И.Әбішев.
Егер бүгінде суарылатын жерлер бүкіл егіс аумағының 7 пайызын ғана құрап отырса және ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы өнімінің 40 пайызы осы суармалы жерлерде өндірілетін болса, суармалы жерлердің аумағын 3,5 миллион гектарға дейін арттырған жағдайда, жалпы егіс аумағындағы суармалы жерлердің үлесі 15 пайызға дейін жетеді, ал ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы өнімінің 80 пайызын суарылатын жерлер беретін болады. Сонымен қатар суармалы жерлер өнімінің 70 пайызы шетелге экспортталады деп жоспарланып отыр.
Бұған қоса И.Әбішев суармалы жерлерді суаратын сумен қамтамасыз ету тетігі туралы айтып берді.
«Су шаруашылығы инфрақұрылымын қалпына келтіруге соңғы 5 жылда жылына орта есеппен 7 миллиард теңге бағытталды. 3,5 миллион гектар аумақтағы суармалы жерді сумен қамтамасыз ету үшін 1,2 триллион теңге қажет. Егер бұл соманы 7-ге бөлсек, онда мақсатқа қол жеткізу үшін бізге 100 жылдан астам уақыт керек болады. Бірақ мұны уақыт күтпейді. Сондықтан мұндай үлкен мақсатқа қол жеткізу үшін мемлекет-жекешелік әріптестігі қағидатын қолдану қажет. Жаңа бағдарламаның мәні де осында» дейді комитет төрағасы.
Мемлекет-жекешелік әріптестігі тетігін пайдалану тәжірибесі әлемде кеңінен пайдаланылады. Мұны халықаралық қаржы орталықтары, бизнес қауымдастығы мен агросектор өкілдері де қолдайды.
Әрине суармалы жер тұрақты су көзін қажет етеді. Осыған орай су қоймаларының жағдайы да ретке келтірілуде. Мәселен, елімізде 41 су қоймасын жаңғырту қажет болса, соның 7-сі алдыңғы жылы, 8-і былтыр жөнделді. 26-сының жұмысы 2021 жылы аяқталатын болады. Мұның сыртында қосымша 23 су қоймасы жаңадан салынбақ.
Енді осыған қосымша кіші су қоймаларын жаңарту және жаңғырту жұмыстары жергілікті деңгейде де жүріп жатыр. Мәселен, облыс әкімдіктері 48 кіші су қоймасын салмақшы.
Міне, осылайша елімізде су қорларын нығайту және реттеу жұмыстары жүзеге асырылатын болады. Су инфрақұрылымдарын қайта қалыптастыру мәселесі тәуелсіз еліміздің мақсат-мұраттарына сәйкес іске асады. Су қоймаларының салынуы бір есептен қыстағы қар мен көктемде жауған жаңбыр суларын ұстап қалуға, оны тиімді пайдалануға және еліміздің су қорларын нығайта түсуге де қызмет ететін болады.
«Әрине Еуразия секілді алып құрлықтың ортасында орналасқан, аумағының үлкен бөлігін шөл және шөлейтті жерлер алып жатқан ел болғандықтан табиғи факторлардың ықпалы алдағы уақытта да мығым қалпында қала беретіндігі анық. Бірақ біз өз тәуелсіздігіміз өз қолымызға тиіп, дамудың бүкіл жүйелі жоспарларын өз тарихымызда бірінші рет осылайша ұйымдастырып жатқандықтан, алдағы уақытта су тапшылығына жол бермеудің барлық мүмкіндігін қарастыратын боламыз. Ендігі мәселе бар суды тиімді және үнемді пайдалануға келіп тіреледі. Ал бұл бүкіл халық болып бірігіп атқаратын жұмыс» дейді И.Әбішев.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»