Әлем енді ешқашан бұрынғыдай болмайды, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасқан жаһандық экономикалық және әлеуметтік-саяси модельдің күйрейтін күні жақын. RIT Capital Partners инвестициялық қорының басшысы, атақты Ротшильдтер үйінің өкілі барон Джейкоб Ротшильд өз клиенттеріне арнаған сөзінде осылай деп атап көрсетіпті.
Сарапшылардың пайымдауынша, «әлемнің тағдырын шешушілер» әулетіне жататын өте беделді қор басшысының пікіріне асыра айтылған сөз деп қарауға болмайды. Өйткені 82 жастағы барон әлемде болып жатқан оқиғаларды өзінің және оның қорында жұмыс істеген көптеген сарапшылардың ұзақ жылдар бойы жинаған тәжірибелеріне сүйеніп айтып отырғаны баршаға белгілі.
Ротшильд әлемнің ең басты қаржы орталығы – АҚШ-та төмен пайызды ставкалардың аяқталғанына назар аударады. Жақын уақытта әлемнің экономикалық бейнесін өзгертетін де осы жағдай болмақ. Қор рыноктарының капиталдануын «күмпитіп» жіберген төмен пайызды ставкалар мен сандық жұмсарту саясаты үстемдік құрған жылдар аяқталып келеді дейді қаржыгер. Әлемнің ең ірі деген орталық банктерінің ақша жұмсау тәсілдерін «тарихтағы ең ірі монетарлық эксперимент» деп атай отырып, оның соңының күтпеген зардаптарға соқтыруы мүмкін екенін қаржыгер бірнеше жыл бұрын-ақ ескерткен болатын.
Енді маятник кері қозғалуда, сөйтіп өз долларын оңға да, солға да үлестіріп келген АҚШ осынау «шексіз байлықты» кері қайтарып алуға тырысуда. Одан бірінші кезекте бұрын-соңды болмаған қисапсыз доллар үлестірудің арқасында аздап жетіліңкіреп қалған дамушы елдер зардап шегеді екен.
Жекелеген елдердегі борыштардың үрейлі деңгейін ескере келгенде, еуроаймақта да проблемалар бас көтермек деп атап көрсетеді Ротшильд. Оның үстіне халықаралық саудада орын алуы мүмкін текетірестер де ахуалды шиеленістіріп, қор рыноктарын қыспаққа ала түспек. Әйгілі қаржыгердің болжамдары мұнымен де шектелмейді.
Оның топшылауынша, дамушы елдерге айтарлықтай соққы болып тиетін қаржы дағдарысы Brexit, КХДР және Таяу Шығыстағы ахуал сияқты ертеден іріңі жазылмай келе жатқан геосаяси проблемаларға да қозғау сала кетуі ықтимал. Ондай күн туа қалса, оның өзі қазіргі дүниені мүлдем өзгертіп жіберуі әбден мүмкін.
2001 жылы 11 қыркүйекте Нью-Йоркте орын алған террорлық актіден кейін және 2008 жылғы дағдарыс кезінде әлемдік державалар бірегей көзқараспен жұмыс істеді. Бүгінде ондай ықпалдастыққа бару қиындап кетті. Ал ол Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін орнаған экономикалық тәртіп пен қауіпсіздікке қатер төндіреді деп түйіндейді тереңнен толғаған ойын барон Ротшильд.
Өз елдерін дамушы елдер санатына жатқызатын ресейлік сарапшылар да әлемдік экономикада орын алып жатқан ахуалға қатысты өз алаңдаушылықтарын жасырмайды. Рубльдің соңғы құлдырауы да Ресей ақшасының әлемде болып жатқан девальвациялық үрдістен сырт қала алмайтынын көрсетіп отыр дейді олар. Олар ставкаларды төмендету ішкі өндірісті қайтадан іске қосады деген тұспалдың да тұрлаусыз болып шыққанын, соның салдарынан инвестициялардың жаппай кері кетіп жатқанын айтып дабыл қағуда. Ол аз десеңіз, Ресей қаржы министрлігінің мұнай экспортын доллардан басқа валютаға ауыстыру жөніндегі шешімі де құптау тауып отырған жоқ. Сарапшылар оны өзіңді әлемдік рыноктың айтарлықтай бөлігінен өз еркіңмен бөліп тастаумен пара-пар әрекет деп бағалап отыр.
Ал еліміздегі жағдайға келер болсақ, бізде теңгенің еркін бағамына көшу саясатының жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Отандық бірқатар қаржыгерлер де мұндай саясатқа қолдау білдіріп отыр. Олардың пайымдауынша, географиялық орналасуы, өз экономикасының көлемі мен оның ашықтығының жоғары деңгейіне байланысты Қазақстан долларға немесе еуроға қатысты ұлттық валютаның шектеулі режімін енгізу ең бір оңтайлы нұсқа болып табылатын елдер санатына жатпайды.
Ұлттық банк таяуда валюта рыногындағы жағдайға егжей-тегжейлі талдау жасай келіп, ең алдымен резидент еместердің (Қазақстанда тіркелмеген заңды немесе жеке тұлғалар) қатысуына баса назар аударған болатын. Өйткені соңғы айларда олардың көлемі теңге бағамына кері сипатта болып отыр. Айталық, былтыр наурыз айында ұлттық валюта бағамы бір долларға шаққанда 318 теңге болып тұрған кезде резидент еместердің Ұлттық банктің ноталарына салымдары ең жоғары шегіне жетіп 453,9 миллиард теңгені құраса, мамыр айынан бастап ондай инвесторлардың үлесі төмендей бастаған.
Қазақстандық қор биржасы басқарма төрағасының орынбасары Андрей Цалюк былтырғы шілде айында теңгенің әлсізденуінің негізгі себептерінің бірін де резидент еместердің кетуі салдарынан деп түсіндіреді. Бұл ретте Ресейге қатысты санкциялардың жаңа пакетінің пайда болу ықтималдығы да жағдайға кері әсерін тигізіп отыр.
Дегенмен, экономист әрі қаржыгер Алмас Чукин қазақстандық құнды қағаздарға инвестициялау мүмкіндігінің пайда болуы принципті тұрғыдан алғанда өте маңызды деп есептейді. Оның пікірінше, ол үшін Ұлттық банк Clearstream (Еуропада орналасқан халықаралық есеп айырысу-клирингтік ұйымы) жүйесін іске қосуы тиіс. Осылайша ол өзінің Фейсбуктегі парақшасында «Енді қазақстандық бүкіл құнды қағаздар халықаралық тауарға айналды» деп атап көрсеткен. Ол біздің борыштық құнды қағаздарымызға инвестиция ретінде елімізге үлкен көлемдегі валютаның келетініне сенімді.
Отандық сарапшылар оқиғаның одан әрі дамуы көптеген жағдайда сапалы заемшылардың пайда болуы мен қазірдің өзінде қаржы институттарының қолында бар триллиондаған теңге өтімділігіне деген сұраныстың туындауы қаржы секторына қаншалықты оң өзгерістер әкеле алатындығына тікелей байланысты болмақ деген көзқарас ұстанады. Қаржы секторындағы реформалар бүтіндей алғанда экономика үшін мүмкіндіктер туғызып отыр, ал оны пайдаланбау үлкен қателік болар еді деп есептейді олар.
Сонымен жаһанда жүріп жатқан жаңғыруларды жақсаруға қарай бетбұрыс деп түсінуге бола ма, жоқ па, ол жағын да сол баяғы сарапшылардың пайымдауларынша, болашақтың еншісіне қалдырған дұрыс сияқты. Біздің қазақ та «үмітсіз – шайтан...» деген сөзді дәл осындай шақта айтса керек...
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»