• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 18 Қаңтар, 2019

Тікұшақ құрастыру қолға алынады

955 рет
көрсетілді

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Феде­рация­сының Президенті Вла­ди­мир Путиннің уағдалас­тық­тарына сәйкес, еліміздегі №405 Авиажөндеу зауытында Ми-8АМТ/Ми-171 тікұшақтарын ірі тораптық құрастыру жүзеге асырылатын болды.

Бұл бастама аясында Ас­­танада Қор­ғаныс жә­не аэро­ғарыш өнер­кәсібі министрлігіне қарасты «Қазақ­стан инжиниринг» ҰҚ» АҚ, «№405 Авиа­жөн­деу зауыты»  мен «Рос­тех» кор­порация­сына қарасты «Верто­леты Рос­сии» АҚ арасында Ми-8АМТ/Ми-171 тікұшақтарын ірі то­рап­тық құрастыруды Қазақ­станда ұйымдастыру туралы келі­сім­шартқа қол қойылды.

Отандық кәсіпорын Ми-8АМТ/Ми-171 тікұшақтарын жөн­деу, жетілдіру және тех­ника­лық қызмет көрсетуге мүм­кіндік беретін қазақстандық жә­не ха­лықаралық органдардың сер­тификаттарын иеленген. Оның үстіне аталған зауыт тік­ұшақ­тардың осы түрін қауіпсіз пай­далануды қамтамасыз етуге біліктілігі сай келетін Қазақ­стан­дағы бірден-бір кәсіпорын болып отыр. 

Сонымен қатар елімізде ауыр тікұшақтарды құрастыру тех­но­логиясы тұңғыш рет енгі­зі­ле­тіндігі және оның бюд­жеттік инвестицияларды тартпай ұйым­дас­тырылатыны – жоба­ның негізгі басымдығы. Тік­ұшақтарды құ­рас­тыру өндірісі отандық қорғаныс өнеркәсібін, азаматтық тікұшақ индустриясын және оқу-жаттығу базаларын едәуір дамытуға мұ­рындық болады.

Қазір Ми-8АМТ/Ми-171 тік­­ұшақ­­­тарына негізінен мемле­кеттік ме­кемелер мен коммер­циялық әуе компаниялары тарапынан тапсырыс берілуде.

Серік ӘБДІБЕК,

«Egemen Qazaqstan»