• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 18 Қаңтар, 2019

Инспектор өліміне қатысты күдіктілер анықталды

524 рет
көрсетілді

Еліміздің Ішкі істер министрі Қалмұ­ханбет Қасымов Қарағанды облысында мерт болған қорықшыға шабуылдаған күдіктілердің анықтал­ғанын айтты. Оның айтуынша, оқиға орын алған жерде екі көлік бол­ғаны белгілі болып отыр. «Оқиғаны көр­гендер бар. Олар екі көлікпен жүр­ген. Қылмысты бір көліктегі үш адам жасаған. Екінші көліктегілерді анық­тау арқылы қылмыс жасады деген күдіктілерді анықтадық», дейді Қ.Қасымов.

Алайда журналистерге берген жауабында министр күдіктілердің Қызылорда облы­сының тұрғындары екенін ғана хабарлап, қылмыскерлердің саны қанша екенін айтпады. Жалпы оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің «адам өлтіру» бабымен іс қозға­лып, күдіктілерге іздеу жарияланған.

Қайғылы жағдайдан кейін марқұмның туыстарымен сөйлескен уақытта браконьерлер шабуылынан қаза тапқан инспектор Ерлан Нұрғалиевтің ауруханаға жедел емес, кеш  жеткізілгендігі белгілі болып отыр.

«14 қаңтар күні шамамен кешкі са­ғат 6-да ағама браконьерлер шабуыл жасады деген хабар жетті. Мен дереу бар­лық жедел қызметтерге хабарластым, маған қыл­мыскерлерді ұстау жоспары жария­лан­ғанын айтты.  Ерланның қансырап жат­қан жерін анықтау қиын болды, браконьерлер маши­наның кілті мен GPS құрылғысын алып кеткен. Ерланның қасындағы жұмыс­тасы хабарласты. Ол маңда телефон ұста­майды, бір амалын тауып хабарласқан екен. Біз оларды іздестіруді жеделдету үшін тік­ұшақ ұшыру керек екенін айтып едік, бірақ рұқсат етпеді», дейді марқұмның інісі Нұрлан Нұрғалиев.

Оның айтуынша, санавиация шақырыл­маған. Сол себепті Ерлан Нұрғалиевті реанимациясы бар ауруханаға 12 сағатта әрең жеткізген.

«Біз Қарағанды облысы, Қарақайың кент­інде машинаны күтіп алдық. Ерланның қолын ұстағанымда ол қорылдап жатты, желке тұсынан жараланғанын көрдім. 80 шақырым жердегі Баршино ауылына жеткенше «санавиация шақырыңдаршы» деп жалындым. Бірақ ешкім құлақ аспады, шақырмады. Сөйтіп Қорғалжынға келдік. Жедел жәрдем машинасы да, реанимация да жоқ екен. Сөйтіп Малиновкаға келгенде жедел жәрдемге хабарластық. Олар да «Қалаға кіреберістен ғана алып кете аламыз» деді. Ауруханаға таңғы 6-да жеттік. Арада қанша уақыт өтті!», дейді мерт болған қорықшының бауыры.

Биыл Қарағанды облысында осымен екінші рет заңсыз киік ату фактісі тіркеліп отыр. Айдың басында Ұлытау ауданында полиция қызметкері заңсыз киік аулады деген күдікпен ұсталған болатын.

Мирас АСАН,

«Egemen Qazaqstan»