Елбасының биылғы жылды Жастар жылы деп жариялауына орай, «Egemen Qazaqstan» газеті арнаулы бет шығарып, еліміздегі жастар мәселесін тереңірек талдап жазуды қолға алды. Соған орай кеше газет редакциясы мен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы арасында өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойылды.
Қос тараптың бастамасы негізінде жастар саясатының тиімділігін арттыру, басым бағыттарын модельдеу, жастар саясатының өзекті мәселелері бойынша бірлескен әлеуметтік зерттеулер іске асырылатын болады. «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Талғат Қалиев Елбасы Жарлығымен бекітілген Жастар жылына ақпараттық-әдістемелік қолдау көрсетудің маңызы жоғары екенін атап өтті.
«Қоғамдағы жастар мәселесі - мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі. Қоғам дамуы мен болашағына деген сенімнің қалыптасуы жастардың әлеуметтік-мәдени болмысымен тікелей байланысты екені даусыз» дейді ол. Сондай-ақ бірлесе жүргізілген зерттеулер негізінде жастардың құқықтық біліктілігін арттыру, ақпаратық-кеңес беру бағытында нақты ұсыныстар әзірленетін болады.
Ая ӨМІРТАЙ,
«Egemen Qazaqstan»