Жансая Әбдімәлік «Cairns Cup 2019» турниріне шақырту алды. Ұйымдастырушылар жас ерекшелігіне қарамастан әлемнің он үздік шахматшысын таңдап, АҚШ-та өтетін негізгі турнирге жеке шақырту жіберген.
«Шынымды айтсам, бұл турнирге шақырту аламын деп ешқашан ойламаған едім. «Saint Louis Chess Club» версиясы бойынша әлемнің үздік ондығына кіру – үлкен мәртебе және мол жауапкершілік» деді Жансая Әбдімәлік.
Биыл бірінші рет өткізілетін «Cairns Cup 2019» турнирі алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізілетін турнирлердің бірі болмақ. Турнир 2 ақпан күні Миссури штаты Сент-Луистегі атақты Chess Club-та басталады.
Турнирдің жүлде қоры - 150 000$. Бұл айнымалы жүйе бойынша өткізілетін әйелдер шахматындағы ең қомақты қаражат. Бірінші орын алған ойыншыға 40 000 және оныншы орын алса - 5 000$ қаражат беріледі.
Айта кетейік, Динара Сәдуақасова да әлемнің ең мықты шахмат турниріне шақырту алған.