Мексикалық Сауль Альварес пен америкалық Дэниэл Джейкобс арасындағы жекпе-жек 2019 жылдың көктеміне жоспарланған.
Қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің бұрынғы қарсыластары – орта салмақтағы Сауль «Канело» Альварес пен IBF титулының иегері Дэниел Джейкобс рингте кездеседі. Жетекші боксшылар арасындағы жекпе-жек 2019 жылдың 4 мамырына жоспарланған.
«Синко Де Майо (5 мамыр) мерекесі қарсаңында болатын жекпе-жегім туралы қуана хабарлаймын. Өзімнің жеңімпаз болатыныма күмәнім жоқ және орта салмақтағы абсолютті әлем чемпионы атағына ие болуыма бір ғана қадам қалды», — деді Сауль «Канело» Альварес.
Өз кезегінде американдық боксшы Дэниел Джейкобс те бұл кездесуді көптен күткенін жеткізіп, өзінің жеңімпаз болатынына сенімділігін білдірді.
«Мен бұл мүмкіндікті көптен күткен едім. Мен әрқашан «Канелоны» жеңе алатынымды білдім және 4 мамыр күні менің оны дәлелдеуге мүмкіндігім болады. Төрт жылға жуық «Канело» АҚШ-тан келген үміткермен жекпе-жекке түскен жоқ. Мұның айтулы оқиға болатынына сенімдімін», — деді Джейкобс.
Бұған дейін екі боксшы да рингте қазақстандық Геннадий Головкинмен кездескен болатын. 2018 жылдың қыркүйек айындағы жекпе-жекте мексикалық Сауль Альварес GGG-ны жеңді.