• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Кино 21 Қаңтар, 2019

«Біздің қаланың кішкентай ханзадасы» – ең үздік балалар фильмі атанды

1106 рет
көрсетілді

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген режиссер Талғат Теменовтің «Біздің қаланың кішкентай ханзадасы»  атты фильмі 9-18 қаңтар аралығында Бангладештің Дакка қаласында өткен ХҮІІ халықаралық кинофестивалінде «Ең үздік балалар фильмі» атанды.

Талғат Теменовтің соңғы түсірген бұл кинотуындысы жалғыздықтан жапа шеккен екі мұңлықтың үлкен қалада жолығысуын, олардың арасында қиындықсыз өрбіген кіршіксіз достық туралы баяндалады. Балалар үйінің адасып кеткен алты жастағы тәрбиеленушісі Бибол мен Қарттар үйінің ардагері Қасымхан ата кездейсоқ танысады. Бірақ бұл кездесу кездейсоқ емес – жеті жасқа қадам басқан бала жетпістегі қарттан Абайдың бейнесін көрсе, қария өмірдің ең кішкентай өкілінен тіршіліктің мағынасын іздейді. Екі буынның өкілі араны жалғап жатқан жылдардың айырмасына қарамастан, бірін-бірі кірпік қаққаннан түсінетін жақын жандарға айналады. Кішкентай бүлдіршіннің жүрегіне мейіріммен жол тапқан қария ендігі жерде бала өмірінің бір бөлшегі іспетті. Қарт музыкант Қасымханмен ересек адамдар секілді қарым-қатынас жасауды үйрене бастаған Бибол адаммен рухани-ізгі қасиеттер арқылы шынайы бақыт табуға болатынын түсінеді.

Фильм оқиғасы Астана қаласы мен Бурабай елді мекенінде өтеді. Бас кейіпкерлердің рөлін Әнуар Төлеуқажы мен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Төлеубек Аралбай ойнайды.

 Сондай-ақ жүлделі фильмнің сценарийін жазуға режиссер Талғат Теменовтің өзі де қатысқан, композиторы – Төлеген Мұхаметжанов, бас продюсер – Асхат Ыбыраев.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ