Инвестиция және даму министрлігінің және Ұлттық экономика және қаржы министрліктерінің бұйрығымен қара және түсті металдардың сынығы мен қалдықтарын шетелге шығаруға екі жыл мерзімге тыйым салынатын болды.
Ақтөбе облысында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында Қазақстан мен Ресей мемлеттік шекаралары арасындағы даулы жағдайлардың орын алуының алдын-алу және экспорттық бақылауға жататын көлік жүргізушілері мен жүк иелеріне ақпарат беру мақсатында дөңгелек үстел өткізілді.
Қазақстан Республикасы аумағынан автокөлікпен мынадай металл түрлерін шығаруға тыйым салынады: қара және түрлі түсті металл қалдықтары (ТН ВЭД ЕАЭС 7204, 7404 00, 7602 00, 8548 10 210 0, 8548 10 290 0, 8548 10 910 0 кодты), сондай-ақ пайдаланылған және істен шыққан құбырлар, рельстер, теміржол төсемдері мен жылжымалы құрамы (коды - ТН ВЭД ЕАЭС 7302, 7303, 7304, 7305, 7306, 8607).
Алайда тыйым салу қосындыланған және коррозияға төзімді болатқа (EAU EEU 7204 21 1 00 0, 7204 21 900 0 кодтары) және басқа (ТН ВЭД ЕАЭС 7204 29000 0 кодты) металл қалдықтарына қолданылмайды.
Жиынға шақырылған Ақтөбе облысы ҰҚҚ Шекара қызметі және облыстың Мемлекеттік кіріс департаментінің лауазымды тұлғаларының айтуынша, тыйым салу ішкі нарықты шикізатпен қамтамасыз ету және «көлеңкелі айналымды» болдырмау мақсатында жасалып отыр. Өңірдегі металл саудасымен айналысатын кәсіпкерлер болса, қолданысқа енгізілген заң актісінің бизнеске кедергі келтіретін бірнеше мәселелердің туындататынын айтты. Атап айтқанда, кәсіпкерлердің алдын-ала дайындалып қойылған металл ломдарын шығауға тыйым салынғандықтан, айтарлықтай шығынға ұшырауы және тыйым салу автокөлік тасымалына ғана салынатындықтан, темір жол көлігімен тасудың қиындықтары болып отыр. Сонымен қатар, кәсіпкерлер металлды сынамадан өткізу жұмыстарының қолайсыздықтары туралы да айтып өтті.
«Кәсіпкерлер металл сынамаларын анықтау үшін Мемлекеттік кіріс департаментіне келіп, өтініш берсе болады. Бұл үшін бізде арнайы бөлім жұмыс істейді. Анықтама арқылы кез-келген кеден орнынан өте беруге болады»,-деді МКД Басқармасы сарапшылық бақылау бөлімінің басшысы Оразғали Дәрібаев. Айта кетелік, елімізде қара және түрлі-түсті металды шетелге шығаруға тыйым салу бұдан бұрын да енгізіліп келген. Алайда, олардың мерзімі 6 айдан аспаған. Кәсіпкерлер палатасының мамандары тыйым салуға байланысты кәсіпкерлердің жекелеген мәселелері бойынша құқықтық кеңес берді.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы