Астаналық бір мектептегі 2-сыныптың үздік оқушысы «Сенің сүйікті әнің қандай?» деген сұраққа: «Астанада жоқ-жоқ» деп басталатын ән ұнайды», деп жауап жазыпты. Енді бірі «Аспанға қарап, жұлдызды санайды» екен. Соңғысы тіпті сорақы: «Чип-чип», дейді. Тілге тиек еткен үш әннің де түпкі мағынасы махаббат жайында, тоқетері, сүйгеніне арналған туындылар. Балалардың сүйікті әндері сүю туралы. Неге?
Жаңа жыл мерекесі де жетті, өтті. Жан-жақтағы туыстарымыз кішкентайлардың тәтті тілін қызықтап, балаларының ертеңгіліктер мен концерттердегі ән айтқан видеоларын жолдай жөнелді. Көбі біз түгілі ата-аналарымыздың бала кезіндегі ескі әндер. Бір ғана мысал, «В лесу родилась ёлочка» – 115 жыл бұрынғы ән. «Балалар әндері жаңармай ма?» деген сауалға Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаментінің басқарма басшысы Ғани Мұратұлы: «Ескі әндерді алмастыратын жаңа әндер көп, композиторлар жазған, жазып та жүр. Сазгерлерге арналған байқауларды да жыл сайын ұйымдастырамыз. Серік пен Әліби Әбдінұровтар, Ерлан Ташев, т.б. көптеген композиторлардың балаларға арналған шығармалары бар. Мәселе – оны тарату, жеткізу. Ол сол білім мекемелеріндегі мамандардың міндеті», деп жауап берді.
Ал өз кезегінде балалар композиторы, «Апатайым − анашым» әнінің авторы Сауранбек Елеуов көкейкесті мәселелердің көбі көркемдік кеңестің жоқтығынан туындағанын айтады. «Арзан әннің, сылдыр сөздің сахнаға шығуы жоғары деңгейде әділ сараптайтын орынның болмағанынан. Ол деген елек қой. Ал қазір қалтасы көтеретіндер музыка жазып, мемлекеттік қолдау көрсететін жерге жақын жүргендердің жұмысы өтімді болып тұр. Байқасаңыз, бүгінгі әндер ырғағының өзі шетелге ауып кеткен», дейді сазгер. Оның айтуынша, балалар байқаулары бар, бірақ жас ерекшелігі ескерілмейді. 5-15 жастағы балаларға бір байқау өтеді, олардың аражігін ажырату керек, себебі әр жас деңгейіне қойылатын талап та түрліше болуы тиіс. Ибрагим Нүсіпбаев, Марат Ілиясов, Бексұлтан Байкенжеевтің балаларға арналған әндері көп, алайда айтылмайды.
Өткен мереке кезінде сауда орталығына барып, онда бір баланың «Бұл өмірде жетісіп жүрген ешкім жоқ» деп әндетіп жатқанын естіп, пұшайман болғанымызды әлеуметтік желіге жазып едік. Сонда Алматыдағы №168 мектептің 10-сынып оқушысы, әуесқой әнші Әсел Тұрсыналы: «Алтын Маханбетова, Бота Бейсенова, Мақсат Жәутіковтің балаларға арналған әндерімен өстік», деді.
Балалар үшін еңбектеніп жүрген шығармашылық иелері де, әндер де бар екен. Бірақ балдырғанды бойжеткенше киіндіріп, тойларда махаббат туралы ән салдырып жүрген ата-аналардың әрекетінен не түюге болады?
Жеті жасар балақай алып мейрамхананың ашық сахнасында:
– Бiр сұлуды ұнатып,
Дедім оған: «Теңім бол!»
«Жігітім-ау», деді ол,
«Әрі ойна!» – деп ән салады.
Тағы бірі тойда көңілді ән айтады, бірақ ел алдындағы сахналық образы көңіліңді түсіреді. Оның боянған, жылтыр, денесіне жабыстыра киінген кейпіне қарап, видеоға пікір қалдырған қолданушының: «Ол кішкентай қырықтағы әйел сияқты», дегеніне келіспеске лаж жоқ. Шынында оның образы қырыққа келіп қалған әлдебір әншінің әлпеті мен әрекетін еске түсіреді. Бұл ұқсап бағу ма, әлде табыс табу ма?
Ал бір қазақтың тойында балауса биші костюмін лақтырып жіберіп, поп музыка королінің қимылын қайталап билейді. Оған бәрі қол шапалақтайды, қолпаштағанының бір белгісі ретінде жұрт қалтасына ақша қыстырып кетеді. Балалардың Майкл Джексонға ұқсаған қимылына күліп, құптаған сыңай танытамыз. Бұл тәрбие ме? Ол әлемді мойындатқан өнер иесі, дауымыз жоқ, бірақ біздің менталитетке сай ма? Қабылдауда саралау деген болмай ма? Бәрін өзімізге тели беретін болсақ, болмысымызды жоғалтып алмаймыз ба?
Жоғарыда пікір білдірген еркін ойлы оқушы Ә. Тұрсыналы жасына сай әндерді таңдауда ата-анасы мен мұғалімдерінің бағыт бергенін айтады. Осыдан келіп екінші тараптың талабындағы әлсіздік, болмаса кәсібиліктің жетіспеушілігі қылаң береді. Себебі мұнда ата-аналардың ғана емес, үйірмелерде, өнер мектебі мен орталықтарда дәріс беретін мұғалімдердің де «қолтаңбасы» бар ғой.
Алматыдағы №2 балалар музыка мектебінің директоры, сазгер Алтын Маханбетова: «Балалар тек балалар әндерін шырқау керектігін айтып жүргеніме 17 жыл болды», дейді. Ол «Балалар әндері жоқ» дегенге мүлде келіспейтінін жеткізді. Оның ойынша, жоғарыда аталған мағынасыз әндерді бала ұнатқаннан айтпайды. «Бір әнді күніне 5 рет тыңдасаңыз, сіз де жаттап аласыз. Телеарна, радио, әлеуметтік желіде де арзан әндерді насихаттайды, өйткені оның ақшасы төленген. Тіпті сауда орталықтары мен базарларда да сол. Әндерді топтастырдық, жаздық, жинақ етіп шығардық, тараттық, концерт те бердік. Бірақ оның бәрі осы Алматының айналасынан әрі аса алмай жатыр. Ең маңызды себебі сол – насихат кемдігі», дейді ол.
Әнші Сәкен Майғазиев: «Әрі сазгер, әрі педагог маман А.Маханбетова айтқандай, ғаламтор әлемінде арзан әндерді насихаттау «науқаны» толастамай тұр. Әлеуметтік желіде «ғашықтық әуенін әуелеткен» балдырғандар видеосынан аяқ алып жүре алмайсыз. Мысалы, «Төлеген іздемей, табыла ма?» дейді ойын баласы.
Енді бірі: «Менің жаныма, менің көзіме жаңбыр жауғызып, сен қайда жүрсің?», дейді, ал желіні шулатқан қос балдырғанның қылығы күлдіреді, сосын бүлдіреді, болмаса:
− Əзір бойдақ, басымыз бос...
− Бос орынға гүл егіңіз!» − деп әндетуші ме еді?..» дейді.
Таралымы тіпті телекеңістікті басып озған әлеуметтік желілердегі арзан насихатты қолданушының санасы мен өресіне қалдырасың. Себебі әр парақшаның иесі – соның өзі.
Өмір онсыз да есеюден тұрады. Кішкентайлардың ересектерге еліктейтіні табиғи құбылыс. Бірақ баланың балалығына сүйсінгің келеді. Бесіктен белі шықпай Мәжнүннің күйін кешіп, жасына жетпей қартаймаса екен дейсің ғой. Кінәні көп іздейміз, ал жауапкершілікті жоқтап жатқан адам аз. Әліптің арты, мәселенің түп-төркіні осында жатса керек-ті.
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»