Басқан жердің бәрі тас көмір, қазба байлық Екібастұздың даласы байырғы Бозшакөлімен де жақсы таныс. Қасында осы аттас көлі бар кен орны кеншілер қаласынан 90 шақырым жерде орналасқан. Осы жердегі Төртқұдық ауылының тұрғындары, әсіресе, жастар жұмыс табылып, қолға күрек ұстар кез келді деп үлкен бір компанияның кен орнын игеруге келетінінен хабардар да көрінеді. Қазып ал да, пайдаңа жаратқын деп кен көзі тұнып тұрған осы кең далаға енді “Қазақмыс” сияқты аты әлемге белгілі компанияның көзі түсіп, бет бұрғаны өндірісті облыс үшін, әрине, қуанышты жағдай. Сөйтіп, биыл өңірде тағы бір инвестициялық жаңа жоба – Бозшакөл кен байыту комбинатының құрылысы басталады. Ал, компанияның екінші бір қолға алған жобасы, ол – Екібастұз ГРЭС-1 стансасының өндірістік жүйесін кеңейту жұмыстары болып табылады.
Міне, осындай өндірістік жарқын жаңалықтарымен жуырда облыстық әкімдікте облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен жиылыста “Қазақмыс” корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы В.Ким мәлім етті. Яғни, бұл жердегі кен орнынан мыс өндіруді Кеңес өкіметі кезінде жоспарлағанымен оның нақты нәтижесі бола қоймапты. Ал, қазір қазба байлығы бар қай жерден кен өндіреміз десек те, уақыт талабы, жаңа заман технологиясы бұған мол мүмкіндік тудырып отыр. Кен бар жер игерілмей қалмайды. Енді бұл жобаны “Қазақмыс” корпорациясы жүзеге асыратын болады, деді Владимир Ким. Сөйтіп, облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев басқаратын облыс әкімдігі Елбасы Жолдауында тапсырылған жедел индустрияландырудың жаңа кезеңін осылайша жолға қойып та үлгерді. Бұл енді біраздан соң, биылғы жылы Бозшакөл кен байыту комбинатының құрылысы басталады деген сөз. Жобаның жалпы құны – 2 млрд. теңге. Жоспар бойынша комбинаттың құрылысы 2014 жылы аяқталады. Бұл жобаның ең бір ғаламаты сол, кен байыту комбинатының құрылысына 4500 адам жұмысқа тартылады. Бұл Екібастұз, Павлодар, Ақсу қалаларының, Баянауыл, Май аудандарының жастары мыс комбинатының құрылысын салуға үлес қоса алады деген сөз. Ал, кен орнын әрі қарай игеру барысында 1500 маманға тұрақты жұмыс орны ашылады. Өндіріс мамандары комбинаттың жұмыс жасауына Екібастұз ГРЭС-1 стансасы өндірісі мен Шідерті су қоймасының қоры пайдаланылады деп отыр. Екіншіден, Бозшакөл кен байыту комбинаты алдағы жылдары Жезқазған және Балқаш металлургиялық зауыттарын да шикізатпен қамтамасыз етеді. Болжам бойынша мұндағы мыс пен концентрат 39 жылға жетеді. Үшіншіден, кеніштің әрі қарай қарқынды жұмыс жасауы үшін бұл жерде геологиялық барлау жұмыстары жалғасады.
Қазір “Қазақмыс” корпорациясы өздері өндіретін мыстың 80 пайызын басқа елдерге экспорттайтын көрінеді. Компания Ресей, Қытай, Еуропа елдері рыноктарына белсенді жұмыс жасап келеді. Алдағы уақытта жоспарларына алып отырған Бозшакөл кен байыту комбинатының құрылысы, іске қосылуы облыстың әлеуметтік экономикалық дамуына оң ықпал жасайды. Алып комбинаттың айналасында облыстағы шағын және орта кәсіпкерліктің топтаса алатыны да сөзсіз. Алғашқы жиналыстың өзінде-ақ осыған үлес қосуға ниет танытқан өңірдегі “Казэнергокабель”, “Формат”, басқа да жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері болды. Владимир Ким бұларға қолдау көмектерін беретінін айтып қалды. Яғни, бұл фирмалар енді компанияның тапсырысын орындайды. Бұл Елбасы бастамасына орай қазақстандық үлесті арттыру мәселесі, және биылғы жылы корпорация өздері сатып алатын тауарлармен қызметтер үлесін барынша арттыруды қолдап отыр. Сонымен қатар, “Қазақмыс” корпорациясы алдағы жоспарларына орай өздері қожайындарының бірі болып табылатын Екібастұз ГРЭС-1 стансасының да өндірісін кеңейтуді қолға алды. Қазіргі күндері стансаның энергоблоктарын қалпына келтіру жұмыстары басталды.
Ал Бозшакөлдің кең даласын игеруді құп алғандары үшін облыс басшылығы “Қазақмысқа” алғыстарын білдірді.
Фарида БЫҚАЙ, Павлодар.