Бүгінде халықтың арасында айтыс өнері туралы пікір көп. Әрине кешегі Біржан мен Сараның, Сүйінбай мен Қатағанның, Жамбыл мен Құлманбеттің айтысы туралы сөз басқа. Олар бәрібір ұлттың ұлы өнері ретінде тарихтың биік тұғырында тұрған туындылар. Ал бүгінгі айтыс туралы көпшіліктің көңіл тоғайтар пікір айтатыны немесе айтыскерлердің аузынан шыға қалған сөзді сынайтыны да жетерлік.
Расында да бүгінде елдің жеткен жетістігін, көтерілген биігін жырға қосатын да немесе билікті сынайтын, сол арқылы шындық айтылады деп сенген ақындар да, тіпті өзара сөз қақтығысы кезінде бір-бірінің кемшілігін «бетке басатын» ақындар да бар. Осы сияқты дүниелерден халықтың пікірі екіге жарылып тұр. Дегенмен бәрібір айтыс өнерінің халқымыздың ғасырлар бойы сақталып келген асыл қазынасы ретінде өмір сүре беретіні шүбәсіз шындық.
Бүгінде мемлекеттің қолдауымен де, жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен де еліміздің әрбір аймағында үлкенді-кішілі айтыстар ұйымдастырылып келеді. Ал айтыссүйер қауым тағатсыздана күтетін «Алтын домбыра», «Жүрсіннің жүйріктері» сияқты және өзге де айтыстардың жөні бір басқа. Кезінде айтыс өнерінде атын қалыптастырған ақындармен қатар, мұнда еліміздің әрбір өңірінен келген талантты жастар да сөз сайысына түсіп, бір серпіліп қалады. Бір ойлантатыны, үлкен сахналардан сөз қонған, өнер дарыған Әулиеата өңірінен соңғы кездерде айтыс ақындарын көре алмайтын болдық. Кезінде қоңыр үнімен талайды таңдандырған марқұм Әзімбек Жанқұлиев, мақамы ерекше Шорабек Айдаров, талантын талайға танытқан Айтмұханбет Исақов, айтыс әлеміне атой сала келген Мұхамеджан Тазабеков сияқты тарландар туған жерден олардың ізбасарларының да шықпауы мүмкін емес. Бүгінде Әулиеата жерінде жас айтыскерлердің өзі бір шоғыр. Айтыс аламанында ұлы жырау Жамбыл атындағы өңірден сол талантты жастардың жиі көрінбей келе жатуы шынында да ерсі сияқты. Әрине ешкім ақынды қолдан жасай алмайды. Тек барды ұқсату, оларды қолдап отыру елдіктің көрінісі болса керек.
Бұл ретте талай жылдан бері айтыстың аламанын ұйымдастырып келе жатқан ақын, республикалық «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілері одағының» төрағасы Жүрсін Ерман Жамбыл облысының жас айтыскерлерге тиісті көңіл бөлмей келе жатқанын айтты. «Киелі Әулиеата өңірінен Әзімбек Жанқұлиев, Шорабек Айдаров, Айтмұхамбет Исақов, Ахметжан Өзбеков, Күмісай Сәрсенбаева сынды ақындар айтыстың көшін жалғап еді. Ал қазір айтысқа қамқорлық кішкене азайғаннан бері жас ақындар көрінбей қалды. Қазіргі уақытта Жамбыл облысында екі-ақ ақын бар құлағы көрініп келе жатқан. Олар Нұрлыбек Құрманов және Дархан Әбдіманат деген жігіттер. Бұларды үлкен айтысқа қоса алмай отырмыз. Бұлар әлі де біздің талаптарға жауап бере алмай жатыр. Егер Жамбыл облысында еліміздегі басқа өңірлер сияқты Одақтың филиалдары ашылып, ақындар мектебі жұмыс істеп, ақындарды шыңдайтын болса, Әулиеата сияқты қазақтың қазақылығы ұйып отырған жерден неге мықты ақындар шықпасқа. Шыны керек, біз соңғы рет айтыспен Жамбыл өңіріне Қазақ хандығының 550 жылдық тойында барғанбыз. Одан бері үш жыл өтті. Жергілікті жерлерде айтыс өтіп тұрса, ақындар да шыңдалады ғой», дейді Жүрсін Ерман.
Расында кезінде Қазақ хандығының тойына орай Таразда өткен айтыстың соңы ел ішіндегі қызу пікірталасқа ұласқаны шын. Олай дейтініміз, осы айтыста шымкенттік Біржан Байтуов көне шаһардың батыс қақпасындағы «Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың» деген Фирдоуси ғазалын «сынағаны», сол үшін жергілікті биліктің пәрменімен ол сөздің алынып тасталғаны біраз әңгіме болғанын ел жақсы біледі. Сонда осы «сынға» қарсы нақты жауап бере алмаған көптеген ақындар туралы да айтылған. Сонда әлем әдебиетінің данышпандарының өзі құрмет тұтқан шығыс шайырларының бәрінің дерлік Тараз арулары туралы жырлағаны ұмыт қалған.
Осы уақытқа дейін республикалық «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілері одағының» Қызылорда, Батыс Қазақстан, Ақтөбе сияқты бірқатар өңірлерде құрылғаны белгілі. Ал аталған Одақтың Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, белгілі айтыскер ақын Ахметжан Өзбековтің айтуынша, Әулиеата өңірінде бұл тірлік енді қолға алынып, жоспарлар түзіліп жатыр екен. «Бұйырса, алдағы ақпан айында ұлы жырау Жамбыл Жабаевтың туған күніне орай республикалық деңгейдегі айтыс өтеді» деген жақсы хабарды да жеткізді.
Жуырда ғана Астана төрінде халықтың көптен күткен «Алтын домбыра» аламаны өтті. Биылғы «Алтын домбыра» иегері Ақжайықтың аруы Жансая Мусина екені белгілі болды. Мұнда да жамбылдық ақындардың ешқайсысы төбе көрсеткен жоқ. Жүрсін Ерманның айтуынша, бұл аламанға қатысу үшін әрбір ақын республикалық айтыстың жеңімпазы болу керек екен. «Ақындарды «Алтын домбыраға» қатыстыру менің қолымда емес. Оны қазылар алқасы шешеді. Бірақ біраз жылдан бері Жамбылдан ақындардың үлкен аламандарда көрінбей келе жатқаны рас», дейді ол.
Ақындарды қолдау дегеннен шығады, осы уақытқа дейін айтыскер Айтмұханбет Исақовты іздеген ешкім болған жоқ. Оның осы уақытқа дейінгі айтысқа сіңірген еңбегі, Мұхамеджан Тазабеков, Айнұр Тұрсынбаева сияқты танымал ақындарды тәрбиелегені жайлы айтылған жоқ. Жамбыл ауданында елеусіз тірлік кешіп, ескерілмей жатқанын елдің бәрі біледі. Жуырда ғана ардагер ақын Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің қолынан «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» марапатын алды. Бұдан кейін де талай таланттың атамекені болған көне Әулиеата өңірінде руханият өкілдерін қолдау көбейсе деген ой бар. Егер өңірден өнерлі жастарды тәрбиелейтін мектеп ашылып, ол жерде жастарға бағыт беретін мұғалімдер еңбек етсе, тіптен жақсы болар еді. Сонда ғана айтыс әлемінде осы өңірден жаңа жұлдыздардың жарқырай түсетіні сөзсіз.
Хамит ЕСАМАН,
«Egemen Qazaqstan»
Жамбыл облысы