• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 22 Қаңтар, 2019

Суретшіні өнері өлтіре жаздады

567 рет
көрсетілді

Канадалық суретші Гиллиан Гензер 15 жыл бойы Адам атаның мүсінін жасап келген. Ерекшелігі сол, мүсінді қашауға даладан, теңіз жағасынан теріп алған әртүрлі қауашақ, тас, түрлі жан-жануардың сүйегі сияқты заттарды пайдаланған. Ал бір күні жұмыс уағында суретшінің жағдайы кенеттен нашарлап, емханаға түседі. 

Жер бетіндегі алғашқы адамның мүсінін жасау Гиллиан Гензерге тосыннан келген ой емес. Бұрын 1998 жылы еврей әпсанасындағы алғашқы әйел Лилиттің мүсінін жұмыртқаның қабығынан жасап шыққан соң, кезекті жұмысының жалғасы Адам атаның құрметіне арналуы керек деп білді. Көп ұзамай оған қажетті материалды оңай тапты. Торонтодағы қытай ауданындағы базар­дан мидия қауашақтарын арты­ғымен сатып алады. «Адамның аяқ­талуға жақын мүсініне қарама-қарсы отыр­дым да, өмірмен қош айтыс­тым. Әбден қалжыраған едім. Су­рет­ші тудырған дүниеге қарағанда, та­биғаттың жаратқаны әлдеқайда сұлу. Мидия (ұлу) қауашақтарының құры­лымы Адам атаның бұлшық еттерін бей­нелеуге тура келетін», деп еске ала­ды суретші.

Бірте-бірте суретшінің заттармен жұмыс істеуі қиындап, қауашақтарды керекті жерге жабыстыра алмайтын күйге жетеді. Ауыр күйде емханаға түс­кен Гиллианға деменцияның (ақыл-ой кемістігі, ми қызметінің бұ­з­ы­луы) асқынған түрі деген диагноз қойылды. Дәрігерлер суретшіге ауыр ме­талдардан уланған деген қоры­тын­ды шығарған, ал Гиллиан болса неден улан­ғанын білмей, тек табиғи заттармен жұмыс істейтінін айтып бағумен бол­ды.

Уланудың себебі көп ұзамай анық­талды. Сыртынан тым бейкүнә, мыс­қалдай зияны жоқтай көрінетін мидия қауашақтары теңіз суындағы ауыр металдарды өзіне сіңіретін қасиетке ие болып шыққан. Өміріне қауіп төніп тұрғанына қарамастан, суретші өнер туындысын соңына дейін жеткізуді жөн санаған.

– Шеберханамның есігіне келген сайын уланатынымды ойлап, тұрып қаламын. Ақыры өледі екенмін, ендеше өле-өлгенше мүсінді аяқсыз қал­­дырмай, соңына жеткізейін дедім. Дегенмен қазіргі жұмыстарыма керек материалдарда да токсин қауіпі бар. Енді маған тек сақ болу керек. Өткенді ойлап, қайғырудың еш маңызы жоқ. Қор­шаған ортаны аяусыз бүлдірген адам баласы үшін бұл да бір сабақ, – дейді ол. 

Осылайша 15 жыл бойы арпа­лысқан Адам атаның мүсінін ойдағы­дай аяқтаған Гиллиан ештеңеге қа­­­ра­мастан, өзге шы­ғармашылық жұ­мыстарына кі­рісіп кетті. Бірақ бұл жолы қа­уіп­сіздік шараларын бір кісідей қаперіне ұстамақ.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Egemen Qazaqstan»