Тоқсан жеті жастағы соғыс ардагері Алтынай Есболатованың есімі Жетісудың еңкейген қарты мен еңбектеген баласына дейін мәшһүр. Жерлестері ол кісіні «Паровоз апа» деп атайды.
Алтынай апа әйгілі Матай стансасында туып-өсті. Бұл стансаны әйгілі деп атауымыздың сыры бар, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Матайдың депосында орыс өнертапқышы Михайл Калашников алғашқы атыс қаруын ойлап тауып, құрастырған болатын. Түрксіб темір жолының негізгі бөлімі ретінде шағын стансада тіршілік көрігі суыған емес. Әсіресе, соғыс жылдарында Орта Азиядан майдан шебіне аттанған составтар легінде сан жоқ еді. Жастайынан теміржолдың тарсылы мен паровоздың ащы даусына құлағының құрышы қанған Алтынай Есболатова он тоғыз жасында машинистің қысқа мерзімді оқуын оқып, паравоздың басқару тізгінін қолына алды. Осылайша, әскери пойыздың машинисі атанған қазақтың жас қызы ауыр составты сүйреген паравоздың кабинасында алғы шепке кете барды. Сталинград түбіндегі майданға әскери техника, адам күші, азық-түлік жеткізіп, кері оралғанда ауыр жараланған жауынгерлерді таситын еді.
Қазір «Паровоз апа» Талдықорған қаласында тұрады. Тек ол күндер туралы әңгімеге қасаң. Жалынға оранған жастығы мен ел күйзелген кезеңді есіне түсіруден бой тартатын болар. Есесіне бүгінгі бақытты ұрпаққа үнемі бата беріп, тәуелсіз елдің тілеуін тілеп отырады.
...Алтынай апамен жолығуға «Қарттар күні» қарсаңында барған едік. Ізімізді ала бір топ оқушы да «Паровоз апаны» құттықтап келе қалыпты. Апа балаларға батасын берді.
– Жақсы оқыңдар, тәрбиелі болыңдар, ата-аналарыңның қуанышы, Отанның тірегі болыңдар. Білім – барлық игіліктің кілті. Балалардың біз көрген қиындықты көрмей, болашақтары жарқын болуын тілеймін! – деді ардагер.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
Алматы облысы