Есту қабылеті нашар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернат жанынан құрылған «Sensitive» бишілер ансамблі Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен халықаралық би байқауында бас жүлдеге және үш бірінші орынға ие болды.
Біріккен Араб Әмірліктері, Үндістан, Түркия, Италия, Ресей, Қырғызстан мен Қазақстанның өнерлі өрендері бақ сынасқан байқауға 400-ге жуық өнерпаз қатысты. Еуропалық жанрдағы заманауи хореография, латынамерикалық бағдарлама мен «Танго», «Ча-ча-ча» билерін ұсынған жерлестеріміздің өнеріне қазылар алқасы ең жоғары баға берді.
«Әлемнің әр қиырынан кіл мықтылар жиналған айтулы додаға «Sensitive» би ұжымының ересектер тобы бақ сынады. Төрт жүзге жуық өнерпаздың арасынан топ жарып, суырылып шығу оңай болмады. Ел намысын қорғап, жеңіс тұғырынан көріну үшін барымызды салдық. Бізге қаржылық қолдау көрсеткен «Нұр Отан» партиясы мен жергілікті атқарушы билікке айтар алғысымыз шексіз» дейді топтың көркемдік жетекшісі Ольга Ростовщикова.
Барша әлемге танылған би ұжымы арнайы дипломмен марапатталып, Мальдив аралында демалуға жолдама алды.
Ансамбль көктемде Алматы қаласында өтетін би байқауына қатысуды жоспарлап отыр.
Ым арқылы би қимылын жан-жақты меңгеріп, әуенге лайықты қойылымдарды өз көрермендеріне жоғары деңгейде жеткізіп жүрген «Sensitive» бишілер тобы 13 жылдың ішінде осымен 6-шы бас жүлдені иеленіп отыр.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы