• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Қазақстан 23 Қаңтар, 2019

Қайырымдылық байқауына іріктеу жалғасып жатыр

672 рет
көрсетілді

Қайырымдылықты дәріптеп, белсенді азаматтық бастамаларды дамыту мақсатында өткен жылдың қараша айында басталған «Қайырымдылық керуені» республикалық байқауы жалғасып жатыр.

Байқауға әлеуметтік, қоғамдық пробле­ма­ларды шешуге және өздерінің жомарт­ты­ғымен басқаларды мейірімділікке ынталан­дыруға үлес қосып жүрген жеке және заңды тұлғалар қатыса алады. Жобаны ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры, Қазақстанның Іскер әйелдер қауымдастығы және «Хабар» агенттігі бірлесіп жүзеге асырып отыр. 

«Біздің мақсатымыз – еліміздегі азаматтық бас­тамаларды қолдап, азаматтық және адамгершілік борышына адал ерекше тұл­ға­ларды таныту және олардың істерін елі­мізге, жастарға насихаттау. Байқау еліміздің бүкіл аумағында өткізіліп жатыр» деді Астана қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен жиында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры атқарушы директорының орынбасары Сұлтан Айтжанов.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, былтыр қарашада басталған байқауға қаты­су­шыларды іріктеу жұмысы осы жылдың ақпан айына дейін жүргізіледі. Жеңімпаздар Алғыс айту күні (1 нау­рыз) мерекесінің қарсаңында белгілі болады.

«Астана қаласындағы іскер әйелдер қауымдастығы «Жас қанаттар» ұйымының көшбасшысы Әсел Қапалова лауреаттар бес аталым бойынша анықталатынын жет­кізді. Атап айтқанда, салт-дәстүрге байланыс­ты қайырымдылық қызмет көрсеткен адам­дарға қолдау көрсетуге бағытталған «Асар» аталымы, білім беру, экология және көріктен­діру саласында туған өлкеге көмек көрсете­тін жандарға тағайындалған «Туған жер» сый­лығы, тегін көмек көрсетіп, игі істер ақ­тарып жүрген жандарға арналған «Мейірім жо­лында» аталымы бар. Сондай-ақ ерлік жасап, жанкештілік танытқан батыр­ларға берілетін «Батыл жүрек» және қайырым­ды­лықты дәріптеген журналистер мен ұжымға берілетін «Қайырымдылық тарихы» аталымы да бар.

Майгүл СҰЛТАН,

«Egemen Qazaqstan»