Облыс орталығындағы Достық үйінде «Отбасы орталығы» және «Татуластыру орталығы» деп аталатын арнайы орындар ашылды. Облыстық соттың бастамасымен жүзеге асқан бұл жобалар дауларды сотқа дейін және соттан тыс реттеу институтын қолдануға, неке бұзу процесінен туындайтын даулар санын азайтуға бағытталған.
Орталықта этномәдени бірлестік өкілдері, кәсіби медиаторлар, психологтар мен қорғаушылар, жұмыспен қамту және дағдарыс орталықтарының өкілдері жұмыс істейді. Татуластыру орталықтарында тегін қызмет көрсетіледі және жүгінген адамдардың өтініштері құпия сақталады.
Облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Манат Көміршинов отбасылық құндылықтарды сақтау және азаматтар арасында берік қарым-қатынасты қалыптастыру мақсатында атқарылып жатқан шараларды атап өтті. «Заңдар уақыт пен жағдайларға байланысты өзгеруі мүмкін болғанымен, отбасылық құндылықтар тұрақты болуы тиіс. Барлық жақсылық атаулы отбасынан бастау алады. Осындай орталықтарды құра отырып, азаматтарға отбасын сақтаулары үшін көмек көрсетуіміз керек, – дейді М.Көміршинов.
Бір өкініштісі, Атырауда ажырасқан отбасылар саны артып отыр. Өткен жылы некеге тұрған бес мыңға жуық жұптың 30 пайызы ажырасқан. Отбасы және татуластыру орталықтары секілді жобалардың өзекті екенін осыдан да аңғаруға болады.
Бақытгүл БАБАШ,
«Egemen Qazaqstan»
Атырау