• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Қаңтар, 2019

Қасиетті қамшы

1579 рет
көрсетілді

Қасиет қонған әулие адамдардан қазақ жері кенде емес. Есімінің өзі қиналғанға медет болған Байбақты ата Қармысұлы жайлы да аңызға бергісіз әңгіме көп. Соның ішінде атаның қасиетті қамшысы туралы да әпсаналар бар.

Заманында батыр әрі аруақ­ты адам болған Байбақты ата­ның бір қасиеті – ауырып жат­қан адамды алыстан сезіп, аты­на мініп, шауып кете­ді екен. Бір күні киіз үйді қор­шап, жылап отырған бір топ адамның үстінен түсе­ді. Аң­даса, келіні қайтып, қай­ғы жамылып отырған үй болып шығыпты. Сол кезде Бай­бақты ата он екі өрім дойыр қам­шысымен үйдің сыртынан ұрып, «Тастап кет, әй, тастап кет!» деп айқайлапты. Арада біраз уақыт өткеннен кейін киіз үйдің ішінен әлдебір дауы­с естіледі, барып қараса, екі дүниенің ортасында жатқан келіншекке жан еніпті дейді. «Менің өкпемді бір қызыл ит суырып алып, үлкен көк су­ға қарай шапты. Көк суға жа­қындап қалғанда, ат мінген ақсақалды бір атамыз «Тастап кет, ей ит, тастап кет!» деді. Ма­нағы ит өкпені суға салғанда мен өлетін едім. Қайта айналып келіп, өкпемді орнына салып кетті», депті келін. Ал жорықтарға қамшысын алып жалғыз шыққанда Байбақты ата жаудың көзіне мың адам болып көрінген деседі. Ел аузын­дағы аңыздарда атаның қам­шысы туралы түрлі тылсым жайттар айтылады. Қазір ол қамшы Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақ­таулы. Оны бұл жерге Атырау қаласының тұрғыны Ақжұма Жаңбырова тапсырған. 

«Байбақты атаның қасиетті қамшысы» атты музейде өт­кен шарада Мәдениет қай­раткері Абат Кенжеғалиұлы бүгінде көненің көзіне айналған жәді­гер туралы тағылымды деректер келтірді.

– Кезінде ең жақсы қамшы­ны сыйға ұсыну дәстүрі бол­ған. «Қамшы ұстағаннан жын-шай­тандар қашады» деген тү­сінікте бар. Бұл ретте қамшы емшілердің емдік қаруына да айналған, – дейді Абат Кен­жеғалиұлы. – Бүгінде қамшы өру де ұмытылып ба­рады. Менің атам Ерекен Қал­мұханов Жәңгір ханның ұстаған қамшысын жасаған шебер адам еді. Ол кезде был­ғары илеу техникасының өзі басқаша болатын. Осы дәстүрді қайтадан қолданысқа енгізсек, әр қазақтың төрінде домбыра мен қамшы тұрса, рухани жаңғыру деген – осы.

Қазір облыстық музей қо­рында 20-ға жуық қамшы бар. Солардың арасында талай аңызға арқау болған Байбақты атаның тобылғы сапты қам­шысы көз тартады.

Бақытгүл БАБАШ,

«Egemen Qazagstan»