• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Қаңтар, 2019

Қызылордада кәсіпкерге артық салық салынған

490 рет
көрсетілді

Қызылордада несиеге алған қаржысына мемлекеттік кіріс органының артық салық салғанына назаланған кәсіпкер сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу фронт-офисіне шағымданды.

Кәсіпкер бекер күдіктенбеген екен. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қорынан 16 бас жылқы сатып алу үшін алған несиесіне салық органдары тарапынан салықтық төлем есептелген екен.

- Жеке кәсіпкердің өтініші бойынша зерттеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде кәсіпкердің алған несиесіне салық төлемдерінің заңсыз және негізсіз есептелгені белгілі болды. Анықталған мән-жай бойынша облыстық Мемлекеттік кірістер департаментіне ұсыныс жолданып, кәсіпкерге қатысты есептелінген салық төлемдері жойылды. Жұмыс барысында өрескел кемшіліктерге жол бергені үшін салық органдарының қызметкері сөгіс түріндегі тәртіптік жауапқа тартылған, - деді Қызылорда облыстық Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы Бағдат Ізкенов.

Мемлекеттік кіріс департаменті қызметкерінің бұл ісінен қылмыстық ізін іздеу, әрине, дұрыс емес. Олар мемлекет қазынасын толтыру мақсатында салық төлеушілердің жұмысын бақылауға алып отырады. Уақытында салық төлемейтіндер өте көп. Ал, қазынаға қаржы керек. Бірақ бұл жолы артық сілтеп қойған сияқты.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Egemen Qazaqstan»

Қызылорда облысы