• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Қаңтар, 2019

Жетісуда көктемгі су тасқынына дайындық басталды

887 рет
көрсетілді

Биылғы қыс бойы Жетісуда күн райы құбылып тұр. Жұқа жауған қар жылымықтан еріп, тоң болып қатып жатыр. Әдетте, бұл жағдайда көктем ерте келетін өңірге қызыл су жүру қаупін төндіреді. Ылдидағы елді мекендерге су қаптау жағдайы жыл сайын болып тұрады.

Алматы облысының тиісті сала мамандары көктемгі су тасқынының алдын алу шараларына биыл ерте бастан кірісті. Жақында облыс әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашовтың жетекшілігімен селекторлық жиын өтті. Оған төтенше жағдай, азаматтық қорғаныс, селден қорғау мен ауа райын болжау орталығының қызметкерлері қатысты. Жиын барысында көктемгі су тасқынының алдын алу, дайындық шараларын күшейту мен аймақтағы су қоймаларының жағдайы сөз болды.

Жалпы, Алматы облысында жетпістен аса су қоймасы, 85 су реттеу бөгеті бар. Биылғы дейін 8 бөгетке күрделі жөндеу жұмысы жасалды. Кейбір қойманың салынған жылы өте ерте болғандықтан, уақыт өткен сайын жөндеуді қажет ететіндігі анықталған. Төтенше жағдай басқармасы мұндай нысандардың тізімін жасап, жіті қадағалауда ұстап отыр. Ал көктемгі су тасқыны кезінде тәулік бойына кезекшілік ұйымдастырылмақшы.

Сондай-ақ, облыс аумағын су тасқынынан қорғау және апат жағдайын болдырмау мақсатында биыл бюджеттен 560 млн теңгеден аса қаржы бөлінген. Мұнан бөлек, мыңға жуық техника, үш жарым мыңнан аса шұғыл көмек көрсетін қызметкерлер тобы дайындықтарын пысықтап отыр.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ