Жыл басынан бері Қызылорда облысында қызылша ауруының екі жағдайы тіркелгендігін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова айтты.
- Науқастанғандардың бірі 1 жасқа толмаған сәби. Екіншісі 33 жастағы ересек адам. Жүргізілген эпидзерттеу нәтижесінде екі жағдайда ауруды жұқтыру кезеңінде Астана қаласында қызылшамен ауырғандармен қарым-қатынаста болғандығы анықталды, - деді Әлия Әбдіқайымова.
Науқастанған сәби қызылшаға қарсы егілмеген екен. Себебі, егу жұмыстары бір жастан бастап жүргізіледі. Ал, ересек азаматтың егу статусы белгісіз.
Аталған екі жағдайға байланысты ауру ошағында індетке қарсы және профилактикалық іс шаралар өткізілді.
Былтыр қызылша ауруымен ауырған науқастар саны тіркелген жоқ.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Egemen Qazaqstan»
Қызылорда облысы