• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Қаңтар, 2019

Түркістанда электронды мемлекеттік қызмет үлесі - 85%

626 рет
көрсетілді

Түркістан облысы бойынша көрсетілген қызметтердің электронды түрдегі үлесі 85 пайыз болып отыр. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 31 пайызға артып, қызмет алушы мен қызмет берушілер арасындағы тікелей байланыс 2 есеге төмендеген.

Өткен жылы облыстағы мемлекеттік және бюджеттік мекемелерде 1290 «өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы» ашылып, 5 053 информатика пәні мұғалімі оқытылған. Сонымен бірге, 280 мыңнан астам халық үшін 975 оқыту жұмыстары ұйымдастырылса, 92 билборд көрнекі жерлерге ілініп, 54 жәрмеңке өткізіліпті. Сондай-ақ Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаев 2018 жылы атқарылған жұмыстар жөнінде БАҚ өкілдеріне арнаған баспасөз конференциясында Әдеп жөніндегі кеңестің 9 отырысы өткізіліп, онда 114 мәселе қаралғанын атап өтті. Қаралған мәселелердің тең жартысы профилактикалық болса, қалғаны тәртіптік істер. Ғ.Тұрсынбаевтың мәлімдеуінше,  мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы заңнаманың сақталуы қатаң бақылауға алынған. Бұл орайда өткен жылы 67 тексеру жүргізіліп, 2400 бұзушылық анықталған. Сыбайлас жемқорлық профилактикасы бағыты бойынша 917 517 адамды қамтыған 4 204 іс-шара ұйымдастырылыпты.

«Елбасы Жолдауында ұлттың әл-ауқатын, тұрмыс сапасын жақсартуға көп мән бере отырып, 2019 жылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 80 пайызын, ал 2020 жылы кемінде 90 пайызын электронды форматқа көшіруді міндеттеді. Яғни, цифрландыру - мемлекеттік қызмет көрсету жүйесінің перспективалық объектісі болып қалуда. Бұл тұрғыда, департамент тарапынан мемлекеттік қызметшілер мен халық арасында онлайн-сервисті насихаттау жұмыстары жүргізілуде», - деді департамент басшысы. Сондай-ақ, Ғ.Тұрсынбаев облыс көлемінде өткен жылы мемлекеттік қызметшілердің таза ауысымдылығы – 3,2% немесе 232 қызметші өз еркімен жұмыстан кеткенін, 1461 мемлекеттік қызметші оқыту курстарынан өтсе, оның 1114-і біліктілігін арттырып, 347-сі қайта даярланғанын айтып өтті.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

Түркістан облысы