• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Қаңтар, 2019

Павлодар облысында өткен жылы 1124 спорттық шара өтті

823 рет
көрсетілді

Өңірде жүйелі түрде спортпен айналысатын адамдардың саны бойынша республика көлемінде 4-ші орында тұр. Оңтүстік Кореяда өткен Олимпиадаға 7 жерлесіміз қатысып, 3 шорт-трекші бесінші орын алды. Мамандандырылған олимпиадалық резерв колледжі жаттықтырушыларды дайындауда. Студенттерге әлем чемпиондарының сабақ беруі жоспарланған.

Бұл күндері облыс бойынша 228 мыңға жуық адам бұқаралық спортпен шұғылданады. Облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының мәліметінше, өткен жылғы спорттық шараларға 160 мыңнан астам адам қатысқан. Мектептер мен колледждердегі, жоғары оқу орындарындағы спорт залдарды сабақтан тыс уақытта көпшіліктің де пайдалануына рұқсат. Облыс көлемінде 202 футбол алаңы жұмыс істейді. Олардың 10-ы толық өлшемді алаңдар болса, 192-сі жасанды жамылғылы шағын футбол алаңдары.

Бұл күндері алдағы 5 жылға бұқаралық спортты дамытудың стратегиясы әзірленді. Облыс әкімдігі «Қазақстандық STREET WORKOUT федерациясына», «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы мен «ЕRG» компаниясына көпфунционалдық спорттық алаңдар салуға демеушілік көрсеткендері үшін алғыс білдіреді.

Мысалы, «ЕRG» компаниясының демеушілігімен өңірде 62 көпфунционалды алаң іске қосылған. «Самұрық-Қазына» АҚ 14 спорттық нысанды  пайдалануға берген. Баянауылдағы Мырзашоқы тау-шаңғы базасының құрылысына ERG корпорациясы 300 миллион теңге бөлген. Басқарманың мәліметінше, облыс орталығында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде жабық жеңіл атлетика манежі, жабық футбол манежі, олимпиадалық резерв даярлау орталығы, ескек есуге арналған арнайы орын мен Усолка өзені арнасында триатлон мен биатлон саябағын ашу жобасы әзірленуде.

Былтыр түрлі меншік формасындағы 115 спорттық ғимарат пайдалануға берілді. Ақсу қаласы ауылдық аумағына қарасты Қызылжар ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталды. Бүгінде Железин ауданы мен Павлодарское ауылында денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде.

Көше спортын дамытуда облыс орталығында бірқатар Street Workout алаңдары ашылған еді. Алдағы уақытта бұл жұмыс жалғасады. Облыс  орталығындағы 50 спорт алаңын күтіп, бақылау жұмысы «Ертіс» спорт клубына жүктелген. Жаңадан ашылатын спорт нысандары пәтер иелері кооператив-терінің құзырына беріледі. Жалпы, облыста ашық аспан астындағы спорт алаңдарынан бөлек, 37 аула клубы жұмыс істейді. Мұндағы үйірмелер тегін жүргізіледі.

Басқарманың мәліметінше, С.Торайғыров атындағы мемлекеттік университеті мен мемлекеттік педагогикалық университеті дене шынықтыру пәні мұғалімдерін даярлайды.

 

 Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

ПАВЛОДАР

Суретті түсірген Валерий Бугаев