• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Қаңтар, 2019

Жастар жылында жақсы істер атқарылмақ

771 рет
көрсетілді

Ақмола облыстық Ішкі саясат басқармасы өңірдегі жастар саясатының жүзеге асырылу барысын талқылау үшін брифинг өткізді. 

Жастар жылына орай, Ішкі саясат басқармасы өткен жылды қорытындылап, ағымдағы жылдың жоспарларымен бөлісті. Өткен жылдың өзінде түрлі мемлекеттік бағдарламалардың аясында 4800 жас еңбекке орналастырылса, оның 300-ге жуығы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша елді мекендерге жол тартқан. Бүгінде 276 адам облыс әкімінің шәкіртақысын алады. Бір жылдың ішінде 50 мың жасты қамтыған 600-ге жуық іс-шара өткізілген.

– Жастар жылы аясында «Ақмола жастары» бағдарламасы бастау алды. Бүгінде облыстағы жастардың саны 150 мыңға жуық. Бұл бағдарлама аясында Көкшетауда 424 отбасына арналған 6 тұрғын үй салынатын болады. Ағымдағы жылы 4 бес қабатты және 2 тоғыз қабатты үйдің құрылысы басталмақ. Бұл үйлерді сатып алатын үміткерлерге қойылатын басты талаптар –  жасы 35-тен аспауы қажет және облыста тұрып, жұмыс істеуі керек. Ең жоғарғы қарыз сомасы 10 миллион теңгені құрайтын болады, – дейді облыстық Ішкі саясат басқармасының бөлім жетекшісі Дамир Іргебаев.    

Бүгінде «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі де жастармен белсенді жұмыс жүргізуде. Жастар жылына орай облыс орталығында Жастар театры құрылатын болады. 20 ақпан күні Достар мәдениет сарайында театрдың алғашқы премьерасы өтеді. Бұдан бөлек, жобалық кеңсе балабақша, мектептермен, жоғары оқу орындарымен де жұмыс жүргізуде.  

– Келесі аптада балабақшаларды аралап, қазақша мультфильмдер жазылған дискті апарып беріп, кейіпкерлерін ойнатып, сол арқылы оларды ұлттық дүниетанымға баулимыз, тартамыз. Одан қала берді жоғары оқу орындарында тіл марафонын өткізбекпіз, – дейді «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Мерген Тоқсанбай.    

Жастар саясатын жүзеге асыруда «Нұр Отан» партиясының жанындағы «Жас Отан» Жастар қанаты да елеулі үлесін қосуда. Мәселен, бүгінгі күні «Жас Отанның» құрамында 9000-ға жуық белсенді бар. Олар 16 мен 29 жас аралығындағы жастар. Жасотандықтар қоғамның барлық саласына белсене араласып, жастарды ынталандыруға, дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асыруда.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Egemen Qazaqstan»

Ақмола облысы