• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Қаңтар, 2019

Солтүстік Қазақстанда жастарға қызмет көрсету орталығы ашылды

719 рет
көрсетілді

  «Жастар жылы» аясында Қызылжар ауданының орталығы – Бескөл ауылында жастарға қызмет көрсету орталығы пайдалануға берілді.

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ғимаратында орналасқан жаңа кеңседе мемлекеттік бағдарламалар, кәсіпкерлік, жұмысқа орналасу, білім алу бағыттары  бойынша ақыл-кеңестер, басқа да мағұлматтар беріледі.  «Қызылжар» жастарға қызмет көрсету орталығының кеңесшісі Гүләсел Хамитованың айтуынша,  былтыр Петропавл қаласында өткен семинарға   Алматы, Талдықорған қалаларындағы жастарға қызмет көрсету орталығының өкілдері келіп, тәжірибе алмасыпты. Кейін  жергілікті билік орындарына орталық ашу туралы ұсыныс білдіріп, қолдау тауыпты. Мұнда аудандық жұмыспен қамту орталығының мамандары еңбекпен қамту, жұмысқа орналасу мәселелері бойынша көмектесіп отырады. «Бастау бизнес» жобасы аясында құқықтық кеңестер алуға болады.

 Кеңсенің ашылуымен жиналғандарды аудан әкімі Жанат Сәдуақасов құттықтады.

 «Қазіргі таңда мыңға жуық қызылжарлық жас университетте, коллеждерде оқып жатыр. Олардың  жүзге жуығы биыл білім ошақтарын тәмамдап, маман иесі атанады. Кейін, жерлестеріміз осы жердегі қызметкерлерге жүгініп «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы жұмысқа орналаса алады. Жалпы, аталған жоба жарияланғалы Қызылжар ауданына 830 жас келіп, еңбекпен қамтылды», деді ол өз сөзінде.

«Қызылжар» жастарға қызмет көрсету орталығы онлайн режимде де жұмыс істейтін болады. Сөйтіп шалғайда орналасқан ауылдармен тікелей  байланысқа шығып, толғандырған сұрақтарға  жауап береді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы