• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Қаңтар, 2019

Басты бағдар – баспана

812 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы жыл қорытындысына байланысты БАҚ өкілдерімен кездесуі кезінде 2019 жылды – Жастар жылы деп жариялағанын айта келіп, оларға қатысты мәселелер мен пробле­малар нақты түрде шешімін табуы керектігін атап көрсеткені мәлім. Соның бірі – баспана.

Осыған орай бүгінде Ақтөбе аймағында нақты іс-шаралар кешені белгіленді. Бұл істің ұйт­қысы Ақтөбе қаласының әкім­дігі мен Ақтөбе облыстық жас­тар саясаты мәселелері басқар­масы болып отыр. Бұл бағытта олар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-тың филиалымен тізе қосып, қоян-қолтық қызмет жасау жоспарын белгілеп, оны іске асыруға кірісті. 

− Мұндағы басты мақсат – жас­тар  мен жас отбасылардың тұр­ғын үймен қамтылуына қол­дау көрсету. Соның ішінде тұ­рақ­­ты үй-жайға қол жеткізе ал­май жүрген жас отбасылар мен жастарға көмек беру. Бұл жө­нінде өңірде арнайы бағдар­лама жасақталды, − деді басқарма басшысы Нұрлан Күнтуов. Жас­тар жетекшісінің айтуынша, бірегей бағдарлама 29 жасқа де­йінгі жұмыс істейтін жастарға шапа­ғ­а­тын тигізе алады. Әрине бұл құжаттың өзіне тән сипаттары мен талаптары да жоқ емес. Со­ған сәйкес бағдарлама шең­бе­рін­де баспанаға ие болуға тілек біл­дірген жастың соңғы бес жыл­да өз атында жеке иелігіндегі үйі болмау керек. Әйтсе де, жас­тар Ақтөбе қаласында тұрақты тіркелуі қажет. Тағы бір критерий − жастардың төлем қабілеті мен аталған банкте есепшотының болуы. Бүгінде осындай шарттар мен талаптарды өзек еткен ресми хат мүдделі ұйымдар тарапынан облыстағы барлық басқарма мен департамент басшылары­ның атына жолданған. Осы арқы­лы мемлекеттік мекемелердің жас­тарды тұрғын үймен қамту жөнін­дегі арнайы бағдарламаға қаты­суына ықпал ету тетіктері қарастырылған. 

Бұдан кейінгі кезекте банк қызмет­керлері үміткерлер жөнін­дегі деректер мен мәліметтерді саралап, тиісті шешім қабылдамақ. Ақтөбе облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бас­шысы Нұрлан Күнтуовтің мә­лім­деуінше бағдарлама ауқы­мы биылғы Жастар жылымен ғана шектелмейді. Бұдан кейінгі кезеңде де бұл іс-шара ықпал ету тетігін жалғастыра бермек. Тек бір ескерер жайт, оның бірінші кезеңінде жастар үшін 15 пәтер жасақтауды жоспарлаған. Екін­шіден, оны биыл аталып өтетін Ақтөбе қаласының 150 жылдығы құрметіне орайлас­тырғанды жөн санайды.

Жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасының тиімділігі туралы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Ақтөбе облыстық филиалы директорының орын­басары Рауан Баяш айтып бер­ді. Оның айтуынша, аумағы 40 шаршы метр пәтерді иеленгісі келетін жастардың есепшотында небәрі 350 мың теңге болса жеткілікті. Тиісінше бұл көлем 55 шаршы метр болатын болса, есепшоттағы сома 450 мың теңге болса жетіп жатыр. Бұл ретте ай сайынғы төлемақы 35 мың теңге тұратыны да жас­тар үшін тиімді екені анық. Ар­найы бағдарлама шеңберінде ұсы­­­ны­латын пәтерлер облыс ор­та­­лығындағы «НұрАқтөбе» тұрғын-үй кешенінде орналасқан. 

Жастарға арналған үй-жай мәселелерін реттеуде ілкімділік танытып отырған ақтөбелік жас­тар ұйымының бастамасы бар­лық өңірге үлгі болса игі. 

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Egemen Qazaqstan» 

АҚТӨБЕ