Жұма, 30 қараша 2012 7:45
Тағдырлас Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынас жылдан-жылға нығая түсуде. Жаздың тамылжыған күндерінде Астанада Әзербайжанның мәдениет күндері өтсе, жақында қазақстандықтар Бакуге барып қайтты. Біз осы оқиғаның бел ортасында болған Түркі Академиясының бірінші вице-президенті, философия докторы, академик Досмұхамет Нұр-Ахметке жолығып, әңгімелескен едік.
Жұма, 30 қараша 2012 7:45
Тағдырлас Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынас жылдан-жылға нығая түсуде. Жаздың тамылжыған күндерінде Астанада Әзербайжанның мәдениет күндері өтсе, жақында қазақстандықтар Бакуге барып қайтты. Біз осы оқиғаның бел ортасында болған Түркі Академиясының бірінші вице-президенті, философия докторы, академик Досмұхамет Нұр-Ахметке жолығып, әңгімелескен едік.
– Аға, әдетте, шет мемлекеттерде еліміздің мәдениет күндеріұйымдастырылғанда көбіне делегация құрамына өнер адамдары, БАҚөкілдері тартылып жатушы еді. Бұл жолы Түркі академиясының өкілдеріде қатысқан екен. Сіздер Бакуге қандай мақсатпен бардыңыздар, әзербайжан халқына не ұсындыңыздар?
– Егер мәдениеттің түп-тамырына үңілетін болсақ, оның кең ауқымды ұғым екенін аңғарамыз. Өнер, тіл, ауызша, жазбаша рухани дүниелердің бәрі мәдениет ұғымына кіреді. Ғылым да мәдениеттің бір бөлегі болып табылады. Демек, Жалпытүркілік интеграция үдерісі белең алған шақта осындай шараға ғалымдардың да шақырылуы орынды ғой деймін. Қазақстан мен Әзербайжан бір-біріне тек жақын көрші, дос қана емес, бауырлас елдер. Біз де өз кезегімізде академияның істеген істерін, ол жақтағы ғалымдармен қарым-қатынасымызды, кездескен кездесулерді бәрін-бәрін жүйелеп, хаттап алып бардық.
– Нақты айтқанда?
– Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында түркі тілдес мемлекеттердің екінші саммиті Бішкек қаласында өткенін білесіздер. Сол саммитте «Түркі академиясы халықаралық ұйым боп құрылсын» деген шешім шыққан болатын. Оған түркі тілдес елдердің президенттері қол қойған. Біз Бакуге алдымен сол шешімді орындау үшін бардық.
– Бакуде өткен Қазақстанның мәдениет күндері несімен ерекшеленді депойлайсыз? Бакудің халқы қазақстандықтарды қалай қабылдады?
– Тәуелсіздік алғалы, құдайға шүкір, әлемнің қай түкпірінде, қай елінде болса да өз еліміздің мәдениет күндерін өткізіп, қазақ деген халықтың өнерін, салт-дәстүрін насихаттап жатырмыз ғой. Және оның бәрі бір деңгейде өтпейтіні тағы белгілі. Мысалы, Қазақстан туралы мәліметі аз Голландия, Бельгия сияқты елдерге біз мәдениет күндерін өткізу арқылы өз құндылықтарымызды таныта аламыз. Ал Әзербайжанда мәдениет күндері қазақ халқының құндылықтарын таныту, таныстыру мақсатында өтпейтіні тағы белгілі. Неге десеңіз, әзербайжан халқы біздің мәдениетімізге етене жақын әрі біздің мәдениетімізбен таныс халық. Түркітану ғылымы бойынша қазақтар қыпшақтілді, әзербайжандар оғызтілді болып жіктеледі. Алайда, қазақтың құрамында да ежелгі оғыз рулары бар десек, әзербайжан бауырлардың қанында да қыпшақ қаны тулап жатыр. Сондықтан мәдени күндер екі халықты тонның ішкі бауындай жақындатып әрі бауырмалдық сипатта өтті. Бұл жерде біз екі елдің Мәдениет министрлерінің арасындағы тек ресми емес, азаматтық тұрғыдағы қарым-қатынастың жақсы екенін көрдік. Ол да әсер ететіні ақиқат. Бір сөзбен айтқанда, бұл мәдени күндер естен кетпестей әсерлі, тартымды жағдайда өтті.
Мәдени іс-шаралар басталмай тұрып Әзербайжан Жазушылар одағында болдық. Одақтың төрағасы Анар Рзаевпен біздің Мәдениет министріміз Дархан Мыңбайдың арасында ресмиліктен тыс, ағалы-інілі адамдардай емен-жарқын сұхбат өтті. ТҮРКСОЙ осыдан бір жыл бұрын «Түркі әлемінің жыл адамы» деген атаққа Анар мырзаны ұсынған екен. Ал оны марапаттау рәсімі жуырда ғана Астанада ұйымдастырылды. Анар мырза Астанаға біздің делегациямен бірге келді.
– Жоғарыда бір сөзіңізде әзербайжан халқы біздің мәдениетімізге етенежақын деп айтып қалдыңыз. Соны таратыңқырап баяндай кетсеңіз. Әзербайжан халқының тілі мен дінін айтпағанда, салт-дәстүрінде, әдет-ғұрпында бізге қандай ұқсастықтар бар?
– Тарихқа жүгінсек, оғыздардың алғашқы отаны Жетісу болғандығына айғақтар бар. VІІІ ғасырдың екінші жартысынан бастап қарлұқ тайпаларының күшеюіне байланысты оғыздар Сырдарияның орта және төменгі бойына ауа бастаған. Ал ХІ ғасырдың екінші жартысында күшейген қыпшақтар оғыздарды Сырдариядан, Аралдан біржола ығыстырды деуге болады. Олардың бір бөлігі Еуропаның шығысына, кіші Азияға бет түзесе, кейбір бөліктері Қарахан әулетінің қол астында қалып, біраз бөлігі Хорасан селжұқтарының қол астына кірсе, қалғандары қыпшақтармен сіңісіп кетті. Оғыз тайпалары деп отырғанымыз қазақ, қырғыз, татар, башқұрт, әзербайжан, түрікпен, өзбек, қарақалпақ халықтарын түзуге атсалысқан түркілер еді. Осы айтылғандардың бұлтартпас айғағы ретінде әзербайжандар оғыздың белгілі тарихи тұлғасы Қорқытты ерекше пір тұтады, қадірлейді. Ал қазақтар оның бейітін Сырдың бойында деп ұйғарып, сәулеттік ескерткіш те орнатты. Және бүгінгі қобыз аспабының авторы Қорқыт екеніне де сенімді. Жуырда Әзербайжанға жиі баратын Түркі академиясының вице-президенті Асқар Омаров қобыздың түпкі тегі болатындай аспапқа жолығыпты. Әзербайжандар оны қобызтектес киаманча аспабының арғы тегі дейді екен. Бірақ шанаққа қойдың қарны керілген аспап қазақы қобызға барынша жуық көрінеді. Қалай болғанда да қос халықтың бірінде жоқты екіншісінен табатындай тарихи араластықтың тығыз екендігі айдан анық.
Сол сияқты, әзербайжандардың «айран» деп аталатын сусыны біздің шалабымызға ұқсас. Олардың да тұсаукесер сияқты рәсім жасап, апыл-тапыл басқан баланы «тәй-тәй» сөздерін қайталай отырып жетелейтіні бар. Бұл ғұрып пен «тәй-тәй» сөзі түркі халықтарында тек қазақ пен әзербайжанда сақталғаны түркі ғалымдарының назарын ерекше аударып отыр. Қазақ ауданында тоқылатын кілемдерге қазақтың қошқар мүйіз оюы тән екені де этнографтарды таң қалдыратын жағдай деп есептейміз. Айта берсе, бауырластықтың нышандары көп. Олардың саз аспабына қосылып айтатын жырлары қазақтың термесінен аумайды. Бұған қазақтың термесінің отаны Сыр бойы, терменің аталары Сырдың сүлейлері екенін ескерсек, тағы да оғыздық ортақ тағдырымыз қылаң беріп тұр.
– Сіздің осы айтып отырған әңгімелеріңіз Жалпытүркілік интеграцияныңқарқынды жүріп жатқанын көрсетеді ғой.
– Жалпытүркілік интеграция осыдан үш жыл бұрын Нахчыванда өткен Түркітектес елдердің басшыларының ІХ саммиті кезінде жаңа кезеңге өтті. Саммиттің қорытындылары бойынша Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан мен Түркияның президенттері Нахчыван Декларациясы мен келісіміне қол қойды. Келісім бойынша Түркітектес елдердің ынтымақтастық кеңесін құру қолға алынды. Бұл бастамалар Қазақстан басшылығы тарапынан жасалғанымен, оны жүзеге асыруға Әзербайжан жағы мейлінше қолдау көрсеткені белгілі. Нәтижесінде Түркі кеңесі құрылып, оның тұңғыш басшылығы тізгінін қолға алған еліміз бұл органды жалпытүркілік кірігу үдерісін үйлестіретін тетікке айналдыруға ұмтылды десек, аталмыш Кеңес қазірде Бакуде орналасқан Ассамблея жұмысын, Түркиядағы Ақсақалдар кеңесін, Университеттер одағы мен ТҮРКСОЙ ұйымдарының қызметтерін үйлестіруде. Келесі жылдан бастап халықаралық мәртебемен жұмыс істейтін Түркі академиясы мен Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының жұмыстары да осы Түркі кеңесінің қарауында болмақ. Бұл енді жалпытүркілік интеграция барысындағы ресми мәліметтер.
Осы тұрғыдан алғанда қазақ елінің Бакуде өткен мәдени күндері осы үдерістің бір бөлшегі сияқты әсер қалдырды. Өйткені, олар бұл мәдени күндердің бір рет қана өтіп, одан кейін тоқтап қалуын қаламайды, керісінше, осындай шаралардың көптеп өткізілуіне мүдделі. Бұны біз әзербайжан халқының шынайы ықылас-ниетінен байқадық. Жалпы алғанда, мен осы Жалпытүркілік интеграцияны әлемдегі ең бір шынайы, табиғи интеграция деп түсінем, солай бағалаймын. Мұнда тарихи тамыры бір, діні бір, тілі ұқсас халықтар бір одақ аясында жиналуда. Оларды қаржылық немесе саяси-әскери мүдделестік біріктіріп тұрған жоқ.
– Бакуде өткен мәдени күндер аясында біздің елімізден қандайөнерпаздар барды? Олар әзербайжан халқының жүрегіне қалай жолтапты? Осы туралы қысқаша айтып өтсеңіз.
– Өнерпаздардың ішінде біздің замандасымыз, КСРО-ның ең соңғы халық әртісі деп айтуға болатын Әлібек Дінішевтің болғанын өзіміз мақтан тұттық. Ол Мүсілім Магомаевтың әзербайжандар сүйіп тыңдайтын бірнеше әндерін орындады. Мәдени күндер аясында еліміздің «Гүлдер» ансамблі өнер көрсетті. Бұл жолғы бір ерекшелік ретінде, Мәдениет министрлігі ұйымдастырған «Ел іші – өнер кеніші» жобасы бойынша жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған бірнеше талантты ұл-қыздардың Бакуде өнер көрсетіп, әзербайжандардың сүйіспеншілігіне бөленгенін айтуға болады. Әзербайжандар өте сезімтал келеді екен. Жақсы өнер көрсеткен әртістер мен бишілеріміздің ешқайсысы да қошеметтен құр қалған жоқ. Әрине, елде жүргенде өнерпаздарымызды жеткілікті бағаламай жататынымыз бар ғой. Ал сыртқа шыққанда қазақтың рухын, мінезін, ділін танытатындай дәрежеде өнер көрсететін өнерпаздарға кәдімгідей ішің жылиды екен. Бұл тұрғыда біз өзіміздің өнерпаздарға риза болдық.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан».