Ауыз су мәселесін шешу – Маңғыстау өңіріндегі өзекті мәселе. Іргесіндегі толқыған теңіз суының тұздылық деңгейінің жоғары болуы себепті аталмыш айдын суын тек тазалап, тұшытып пайдалану қажет. Қазіргі таңда облыс тұрғындарының 56 пайызы тұшытылған теңіз суын, 56 пайызы Астрахань-Маңғышлақ құбырының суын және 8 пайызы жерасты су көздерін пайдаланып отыр.
Өңірде халық санының көбейгені, сондай-ақ егін шаруашылығының азды-көпті етек жайып, мал шаруашылығының маңыздылығы арта түскені су тұшыту көлемін арттырып, өнімділігін ұлғайтуды талап етуде. Бұл талаптар саладағы жұмыстарды жандандыра түсу керектігін ұқтырды. Осы тұрғыда теңіз суын ауыз су ретінде тұшытумен айналысатын «Каспий су тұшыту зауытын» жаңғырту жұмыстары алдыңғы кезекте қолға алынды. 2017 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 3,1 млрд теңгеге зауыттың қондырғылары жаңартылып, су тұшыту қуаты тәулігіне 30 мың текше метрге жетті. Бүгінде зауыт Мұнайлы ауданын толықтай, Қарақия ауданының Құрық ауылын ауыз сумен қамтамасыз етуде.
Теңіздің телегей суын толассыз тұшыту зор қажыр-қайратты қажет етеді. Бірақ зауыттың қуатын бірте-бірте арттыру – тұрмыс талап етіп отырған қажеттілік, ауыз су мұқтаждығын өтеудің төте жолы. Маңғыстау облысында бүгінде «Каспий су тұшыту зауыты» жұмыс өнімділігінің қуатын тәулігіне 40 мың текше метрге жеткізу мақсатындағы жұмысты қолға алған. Қазіргі таңда жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі жасалып, мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынды. Құны 10 млрд теңгеге есептелген жобаны биыл «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында қаржыландыру көзделген.
– Бұл жобаның жүзеге асырылуы Мұнайлы ауданын толықтай Түпқараған ауданының Ақшұқыр және Сайын Шапағатов атындағы ауылдарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бүгінде облыс бойынша 3 қалалық елді мекен 100 пайыз, 58 ауылдық елді мекеннің 40 немесе 69 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген, − дейді Маңғыстау облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысы Ж.Салимов.
Өңірдегі теңіз суын ауыз суға айналдырумен айналысатын екінші нысан ретінде Қарақия ауданының Құрық ауылында су тұшытатын зауыт құрылысы жүзеге аспақ. Мемлекет-жекешелік әріптестігі тетігі бойынша салынатын зауыт тәулігіне 50 мың текше метр су тұшытады деп шамаланған. Конкурстың бірінші кезеңі бойынша «Safbon Water Service Holding Inc Shanghai» компаниясы жеңімпаз болған зауыт құрылысы 2020 жылға дейін жүргізілуге тиіс. Маңғыстау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда алдын ала құны 37 млрд теңгеге есептелген жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі жасалуда. Сондай-ақ зауытта тұшытылған суды тарату үшін «Ақтау-Құрық-Жетібай-Шетпе» су таратқышын салу жоспарланған. Құны 29,9 млрд теңге тұратын бұл жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі жасалып, мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынған. Биыл жобалау жұмыстары басталады.
Бұл жобалардың жүзеге асырылуы Қарақия ауданының Құрық, Мұнайшы, Жетібай ауылдарын, Маңғыстау ауданының Шетпе ауылын ауыз сумен қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Сонымен қатар Ақтау қаласы, Қарақия және Маңғыстау аудандарында егін және мал шаруашылығын дамыту үшін де пайдаланылады.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Маңғыстау облысы