• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
29 Қараша, 2012

Дәстүрлі қазақ медицинасы деген атаудан неге үркеміз?

3129 рет
көрсетілді

Дәстүрлі қазақ медицинасы деген атаудан неге үркеміз?

Бейсенбі, 29 қараша 2012 7:40

Жуырда бір жиынға қатысып, сонда дәрігерлер туралы айтылған мына бір ойды көкейге түйіп кетіп едік. «Бұл – әрбір қарапайым адам өз ауруының анықтамасын да, емін де интернеттен іздеп таба алатын заман. Сондықтан дәрігер болудың жауапкершілігі бұрынғыдан да күшейді». Оған қазіргі таңда еліміздің қайбір қаласында да жекеменшік емдеу мекемелері санының артып келе жатқанын қоссаңыз, расында халықтың қалай емделемін десе де таңдау құқы бар екенін байқайсыз.

Бейсенбі, 29 қараша 2012 7:40

Жуырда бір жиынға қатысып, сонда дәрігерлер туралы айтылған мына бір ойды көкейге түйіп кетіп едік. «Бұл – әрбір қарапайым адам өз ауруының анықтамасын да, емін де интернеттен іздеп таба алатын заман. Сондықтан дәрігер болудың жауапкершілігі бұрынғыдан да күшейді». Оған қазіргі таңда еліміздің қайбір қаласында да жекеменшік емдеу мекемелері санының артып келе жатқанын қоссаңыз, расында халықтың қалай емделемін десе де таңдау құқы бар екенін байқайсыз. Біз сондай жекеменшік емдеу мекемелерінің бірі – елордадағы «Қазақ шипагерлерінің ғылыми-зерттеу, оқыту және емдеу орталығы: «Нұр» шипажай қоғамдық бірлестігінің» жауапты дәрігері Амантай Әбиденұлымен әңгімелескен болатынбыз.

– Амантай аға, елордадағы «Нұр» шипажайын да, Қытайдан келген қандастар ашқан басқа орталықтар туралы да естуіміз бар. Сіздердің емдеу әдістеріңіз жергілікті жұртқа таңсық қой, сол үшін алдымен шипажай­ла­рыңыз несімен ерекше, қандай әдіс-тәсілдерді қолданасыздар деген тұрғы­да сауал қойғым келіп отыр.

– Шипажай ашылғалы екі жыл болды. Бізде укол, система, ота деген ұғымдар атымен жоқ. Науқасқа таблетка дәрілерді де бермейміз. Қазіргі ең бірінші қолданып жатқан еміміз – бұлау. Қазының майына денені орап тастап, осы арқылы нау­қастың денесіндегі суықты шы­ғарамыз. Уқалау (массаж) арқылы да түрлі ауру­ларға ем жасаймыз. Ел арасында «алтын ине» аталған инелерді де қолданамыз. Бұл со­зыл­малы аурулардың көбіне кө­мек­те­седі. Демікпе, асқазан аурулары, жартылай салдану, жүйке жү­йесіне қатысты сыр­қаттар, жұлын қысылуы сияқты ауру­ларға осы ине көмектеседі. Сондай-ақ, қара­пайым шаммен жылу өткізу ар­қылы емдейміз. Дәстүрлі медицинада мұны физиоемдеу деп атайды. Негізі бұл әдіс­тердің барлығы бір-бірімен жалғасты түрде іске асып жатады. Кез келген сыр­қат біздің орталықта он-он екі күн жатып кешенді түрде ем қабылдайды.

– «Алтын ине» салдырып, сол ар­қылы құлан-таза айығып кеткен бір­неше адамды білуші едік. Неге «алтын ине» деп аталады? Ол инелердің адам ағзасына қа­уіпсіздігі қан­шалықты?

– Қазіргі таңда тек алтыннан жасалған инелерді кездестіру қиын. Сондай-ақ, алтынның пайызы жо­ғары инелер де сирек қолданы­лады. Қолданыстағы ине­лер­дің көп­шілігінде шамалы ғана мөл­шер­де алтынның, қалған 70-80 пайы­зында кү­міс­тің, мыстың, болат­тың қоспалары бар. Қытай тари­хының ежелгі патшалық дә­уірінде осы инелер тек алтыннан жасал­ған екен. «Алтын ине» атауы содан қал­ған. Инемен емдеу Тибеттен, яғни Гималай халықтарынан кел­генімен, Қытай қолға алып, арнайы ғылыми академиялар ашып, дамытып, өзінің төл медицинасы сияқты тума тәсілі етіп алды.

Қауіпсіздігіне келер болсақ, бұл инелерден ешқандай да ағзаның зиян шек­пейтіні баяғыда дәлел­ден­ген. Қытайлар тіпті еш жері ауырмаса да жұмысқа ынтасын, өмір­ге құштарлығын ояту үшін жылына бір рет ине салдырып тұрады.

Жалпы, инемен емделудің нәтижесі баяу болуы мүмкін. Бірақ, өте жақсы нәтиже береді. Шығыста тұнық тәжірибе негі­зінде дәлел­деніп, емнің қайнар көзі ретін­де сақталған 700-ге жуық ем нүктесі бар. Бұл нүктелерді қан жүйесінің сыртындағы меридиандар арқылы іздеп тауып, ине­лерді дәл осы нүктелерге салу керек.

– Сонда сіздер Шығыс медицинасы мен қазақтың дәстүрлі ем-домын қатар қолданатын бол­дыңыздар ғой.

– Елордадан осындай орталық ашудағы негізгі мақсатымыз – ең алдымен қазақтың дәстүрлі ем-до­мын қазіргі заманмен ұштас­тырып, емдеу тәжірибемізде қолдану еді. Қазір соны жасап та жатырмыз. Енді арасында Шығыстың осы инемен емдеу тәсілін де қолданып тұрамыз. Қытайдағы қазақ медицинасын осында жаңғырту туралы ұсынысты айтып, орта­лықтың ашылуы үшін еңбек сіңірген біздің басшымыз Ерлан Мамытханұлы деген азамат.

– Ол жақта қазақ медицинасы деген ұғым бар ма?

– Аспан асты елінде қытай, тибет, моңғол, ұйғыр медицинасы деген медицина түрлері дамыған. Со­ның ішінде қазақ медицинасы ұғымының да шоқтығы биік деп ұялмай айтуға болады. Сондағы Қайрат Баймолла, Мүсілім Сүгір­бай, тағы да басқа қазақтың зиялы дәрігерлері ел ішіндегі сынықшы, емші, оташы, тәуіп­тердің ем-дом­дарын, ең бастысы, қазақ шипа­герлерінің атасы – Өтейбойдақ Ті­леуқабылұлының еңбегін нысанаға алып, 18 том кітап жазып шыққан. Бұл өткен ғасырдың 80-ші жыл­дарының орта шені. Содан алғаш рет Қытайда қазақ медици­насының абыройын көтеріп, қазақтың өз емдеу әдіс-тәсілдерінің де ешбір ұлт­тан кем болмағандығын дәлел­деу үшін 1985 жылы тұңғыш ынталы топ құрылды. Олар Алтай қала­сынан қазақ ауруханасының ашылуына ықпал етті. Міне, одан бері де отыз жылдай уақыт өтіп кетті. Іргетасы бекем қаланған, мұраты биік сол аурухана әлі де мүлтіксіз жұмыс жасап жатыр. Оған қоса Үрімжідегі медицина университе­тінде арнайы бір факультеттің қазақ медицина факультеті аталатынын да айта кеткім келеді. Алтайдағы медицина кол­леджінде де қазақ медицинасы маман­дығына арнайы мамандар даярлайды. Біз елордада орталық ашпақ ниетте болға­нымызда ең алдымен Алтай қаласындағы қазақ ауруханасының үлгісі есте болды. Осындай емдеу орнына айналдыра алсақ қой деп ниеттендік. «Мұсылмандық әсте-әсте» демекші, ол жоспарымыз да келе-келе іске асып қалар.

– Сіздер осы орталықты ашар­да нақты кедергілер болған жоқ па? Өйт­кені, өзіңіз білесіз, бізде қазіргі дәстүрлі медицинамен қазақ медицинасы емес, халықтық медицина атауы қатар аталады.

– Бізге құзырлы орындардан нақты кедергілер болған жоқ. Әділет министрлігі тіркеді. Қазір орталығымызда 7-8 дәрігер, екі медбике жұмыс істеп жатыр. Осын­дағы бір халал кешеннің 3-ші қаба­тында отырмыз. Айтайын дегенім, кешеннің иесі Жансая Даниярқызы деген кісі де біздің ісімізді қолдап, барынша көмектесуде. Әйтсе де мол қаражат болмағандықтан, бір­ден Алтайдағы үлкен аурухананың үлгісін жасау қиын. Одан кейін өзіңіз жоғарыда айтқандай, елдің санасына ха­лықтық медицина деген ұғым әбден қа­лыптасып қал­ғандықтан, қазақ медицинасы дегенге қарсы адамдар да бой көр­сетіп жатады. Олар егер қазақ медицинасы айтыла бастаса, Қазақ­стандағы басқа да этностар өз медициналарын дәріптей бас­тайды дегенді алға тартады. Біз оларға мұндағы негізгі халықтың қазақ ұлты екенін, оның өз медицинасы бар екенін, әсіресе, дәрілік шөп­термен емдеуде оқ бойы озық тұр­ғанын, бұған Өтейбой­дақтың «Ши­пагерлік баяны» анық дәлел болатынын айтып түсіндіре алмай жатамыз. Тіпті Қытайда қазақ медицинасы дамып келе жатқанда, қазақ­тың өз елінде неге жеке дара дамымауы тиіс деп таңырқайтынымыз бар.

– Сіз Алтайдағы аурухана туралы айттыңыз. Өздеріңіздің сол мекемемен байланыстарыңыз бар ма?

– Иә. Жуырда біздің басшымыз сол ауруханаға барып, келісім-шарт жасасып қайтты. Соның негізінде олар бізге әлгі 18 том кітапты ки­риллицаға аударып, жет­кізіп бере­тін болды. Оған қоса онда қол­да­нып жатқан емдеу әдістерін біздің мамандардың пайдалануына рұқсат берді.

– Осы орайда өзіңіз туралы да айта кетсеңіз.

– Арғы жақтан атамекенге орал­ғаныма 18 жыл болды. Маманды­ғым сүйек ауру­ларының дәрігері. 1978-1984 жылдар аралығында Үрім­жідегі медицина институтында емдеу мамандығы бойынша білім алдым. Он жыл Үрімжіде, бір жыл Бей­жіңде жұмыс істедім. Қазақстанға келген соң Алма­ты­дағы Дәрігерлердің білімін жетіл­діру институтының ординатурасында оқыдым. Қазір «Нұр» шипажай қо­ғамдық бірлестігінде мойын омыртқа, сүйекке қатысты кез келген ауруларды емдеуде жауапты дәрігермін.

– Әңгімеңізге рахмет. Істеріңіз жемісті болсын.

Әңгімелескен

Айгүл СЕЙІЛОВА,

«Егемен Қазақстан».

АСТАНА.