Ақтөбе шекара отрядының әскери қызметшісі, сержант Кенжеғұлов Азамат Оңдасынұлы қалта ұрысын қолға түсірді. Бұл туралы ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі хабарлады.
Ақтөбе шекара отрядының әскери қызметшісі, сержант Кенжеғұлов Азамат Оңдасынұлы кеше, сағат 20-лар шамасында кезекті жаттығудан шығып, қоғамдық көлікпен үйіне қайтып келе жатқан болатын. Автобустың артқы жағында отырған Азамат күдікті адамды байқап, жасырын түрде аңдып отырған.
Шекарашының күдігі дәлелденіп, әлгі адам кезекті «құрбандығының» қалтасынан, асқан «шеберлікпен», әмиянын суырып ала берген кезде оның қылмыс аспабына айналған қолы айғақ затымен бірге қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін жақсы меңгерген Азаматтың «темір құрсауына» түсіп, арқасына қарай қайырылды. Қылмыс үстінде ұсталған ұрыны сержант А. Кенжеғұлов өзі шақырып үлгерген полиция наряды келгенге дейін тырп еткізбей тізесімен басып отырып, қолдан-қолға өткізіп берді.
Кейін анықталғандай, ұсталған адам ішкі істер органдары тарапынан іздеуде жүрген екен.