2018 жылы елімізде 150 мың неке тіркелген, яғни 300 мың жан отау құрған. Қуантарлық жайт. Алайда аталған жылы 54 мың неке бұзылған. Сонда бір жылдың ішінде 108 мың адам ажырасқан. Бұдан туындаған мәселе тіпті күрделі. Шайқалған шаңырақтардың 80 пайызға жуығында балалары бар.
«Неке және отбасы» туралы заңның 2-бабы былай басталады: «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы, ана, әке және бала мемлекеттің қорғауында болады». Шынында солай ма? Қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің сарапшысы Іңкәр Ғибадатқызы «Отбасы мәселелерін мемлекеттік тұрғыда қарап, оны шешудің жолдарын жүйелі жолға қойып отыруды өз міндетіне алған мекеме бұған дейін болмады», дейді. Оның айтуынша, аталған комитетті құру – еліміздегі отбасылардың мемлекет қорғауында екенін айғақтайтын нақты қадам.
Былтыр шілдеде құрылған комитет біршама жұмыс атқарыпты. Соның бір парасы – отбасылардың шаңырағы ортасына түсуіне түрткі болған фактілерді айқындау. Бұл үшін ведомство түрлі әлеуметтік сауалдама жүргізген. Сарапшының сөзінше, отбасының жай-күйін объективті және субъективті, яғни сырттай әрі іштей бағалауға болады екен. Бұл мәселенің мәнісі одан да тереңде екенін көрсетеді, өйткені жоғарыда келтірген көр- сеткішке ілікпегенімен, іргесі іштей сөгілген отбасылар қаншама? Әлеуметтік сауалдама қорытындысы бойынша жас отбасылардың 71 пайызы тұрғын үй, ал 60 пайызы қаржылық жағдайдан қиналады. Міне, шаңырақтағы шаттықтың бұзылуына басты себеп. Алайда олар мұны некелесудің алдында да білді ғой, ерлі-зайыптылардың бір кесе қара су мен жарты нанды бөліп жегені жөніндегі әңгімелері әшейін құрғақ сөз болып қалғаны ма? Сөйтсек, тағы бір түйткіл бар екен, жоғарыдағы екі мәселенің алдын алу үшін отағасы да, отанасы да жұмыста, тіпті бір-біріне жылу бөлуге мүмкіндіктері жоқ. Мұны да сауалдама нәтижесі көрсетіп отыр, жас жұптардың 30 пайыздан астамы отбасына лайықты көңіл бөлуге уақыт жетпейтінін атап өткен.
Ажырасу оңай ма?
АХАЖ-дың тіркеуіне көңіліміз тоқ, бірақ соттың отбасына жаны аши ма? Айырылысудың аз-ақ алдында тұрған ерлі-зайыпты қайта қол ұстасуға қаншалықты қауқарлы? Тиісті орынға хабарластық. Жоғарғы соттың бастамасымен Астана қаласының Алматы аудандық сотында «Отбасылық сот» қанатқақты жобасы 2018 жылдың қыркүйек айынан жұмысын бастады. Аталған сотта 2 судья жұмыс істейді және олар ажырасу, алимент өндіру сынды тек неке-отбасылық істерді қарауға мамандандырылған. «Судья істі қарап қана қоймайды, басты ұстаным ретінде ерлі-зайыптыларды қайта табыстыруға күш салады. Яғни, міндетті түрде сотқа арнайы тартылған психологтың көмегіне жүгінуге кеңес береді. Ең бастысы, ерлі-зайыптыларды татуластырумен аяқталған істер саны күн санап артып келеді», дейді сот өкілі.
Астана қаласы Алматы аудандық сотының судьясы Мая Төлегенқызы қанатқақты жоба аясында ажырасуға қатысты 230 істің қаралғанын айтады. Соның 42 пайызы тұрмыстық зорлық-зомбылық себебінен ажырасуға бел байлаған. Ал арызданушылардың 28 пайызы сенімсіздік салдарын алға тартқан. 9 пайызы іс жүзінде бірге тұрмайтындар, соны құжат бойынша да біржақты еткісі келгендер. Кезінде қағаздағы неке қажет болған немесе басқа жаққа қоныс аударып ізін суытқандар мен некелі адамы барын ұмытып, өз жайына кеткендер. 7 пайызға жуығына ішімдік пен есірткіге тәуелділіктің кесірі тиген. 6 пайызы қаржылық жағдайдың себебінен айырылысқысы келген. Көбіне жалақыны, ортақ кірісті бөлісе алмайтындар мен несие алып төлемегендер. 5 пайызы әлеуметтік жағдайды алға тартқандар, әдетте тұрғын үй жағынан зардап шеккендер. 3 пайызы құмар ойындар мен букмекерлік кеңселерге кіріп кетіп, шыға алмай жүргендерден біржола басын арашалағысы келгендер.
Осы уақытқа дейінгі барлық қаралған істің 58 пайызы ажырасумен аяқталса, қалған 42 пайызында неке сақталған. М.Төлеуханқызы: «Біз барлық арыз берушілерге арнайы тегін психологиялық кеңес алу керектігін айтамыз. Жоба аясында психологтармен меморандумға отырып, тегін қызмет көрсетуді қолға алғанбыз. Көбі барады, бірақ бас тартатындар да бар. Психологқа барған ерлі-зайыптылардың 89 пайызы татуласқан», дейді. Осы жоба еліміздегі барлық сот жүйесіне енгізілсе, әжептәуір нәтижеге қол жеткіземіз деген үміт бар.
Неке бұзылғаннан кейін де бұзылатын талаптар бар
Отбасы мәселелері көбіне ажырасумен аяқталып қалмайды. Бұл ушыққан жағдайды әрі қарай жалғайды. Елімізде туу көрсеткіші төмендеген. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтар, неке бұзылғаннан кейін болатын кикілжіңдер мен әлеуметтік жағдайға қатысты өзекті жайттар күн тәртібінен түспей тұр. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2018 жылы 41 пайыз неке бұзылған. Ажырасудан Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары алдыңғы орында, ал 2009-2017 жылдардағы республикалық көрсеткіш төмен түспеген, жыл сайын өсіп отырған. Соған сай 2014-2017 жылдардағы бала туу көрсеткіші төмендеген.
Осындай нәтижелерді анықтаған Қоғамдық даму министрлігі жанындағы комитет Отбасын дамыту мен қолдаудың 2019-2024 жылдарға арналған жол картасы жобасын жасады. Құжатта бұзылған неке үлесін 2030 жылы 25 пайызға төмендету жоспарланған, соның нәтижесінде бала туу көрсеткіші жоғарылайды деп күтілуде. Бұдан бөлек, комитет ұлттық менталитетті ескере отырып, отбасы тәрбиесінің бірыңғай республикалық әдістемесі жобасын әзірлемек.
Астана қалалық «Қазақстан әйелдері қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің президенті Г.Аманжолқызы отбасы мәселелерінің алдын алуға және шешуге бағытталған заңнамалар бар екенін, Қазақстанда 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы қабылданғанын дегенмен, оның орындалу және жүзеге асырылу барысындағы тиімді тетіктердің тапшылығы көрініп тұрғанын айтты. «Некені бұзу кезінде және одан кейін кездесетін қиындықтар мен келеңсіздіктердің жылдан-жылға артуы – соның айғағы. Мәселен, сот ажырасқан жұптың ортақ баласын анасында қалдырғанымен, әкесіне көріп, кездесіп, тәрбиесіне араласып тұруына шешім шығарады. Бірақ бұл орындалмайды. Бүгінде әкелердің 30 пайызы анасында қалдырылған балаларымен қарым-қатынас жасай алмағандықтан сотқа қайта жүгінуге мәжбүр болған», дейді ол. Осыған орай қоғамдық ұйым ерлі-зайыптылар некесін бұзу кезінде баланың тұрғылықты жерін анықтау мен кездесу тәртібін белгілеу үшін балалар мен ата-аналарға әлеуметтік-психологиялық және психологиялық-педагогикалық зерттеулер жүргізу жөніндегі ереже жобасын дайындап, арнайы мамандар мен сарапшылардың талқысына ұсынды. Бұл бірқатар мәселені оңтайлы шешуге септігін тигізеді, деді Г.Аманжолқызы.
60 мың жалғызілікті әке бар
Жоғарғы сот жанындағы Сот төрелігі академиясының проректоры Н.Раззак сот әділ шешім шығаруда психологтардың рөлі маңызды екенін айтқан. Өйткені сот некені бұзу кезінде арадағы баланы кімде қалдыратынын шешу үшін психологтар жүргізген сараптама нәтижесіне сүйенеді. Ал сарапшы-психолог Н.Красникова аталған ереже жобасының психологтар үшін қажетті әдістемелік көмекші құрал бола алатынын айтады. Маман мұндай мәселелерден әлемдегі дамыған елдердің қалай жол тапқанын зерттепті. Осы тақырып төңірегінде шетелдік тәжірибелерді тізіп өткен ол Қазақстанда өзге елдермен салыстырғанда «Әке беделінің» бар екенін және оның жыл сайын жоғарылап келе жатқанын жеткізді. Кәмелетке толмаған балалар көбіне ажырасу кезінде әкесімен қалуды қалайды екен. Осы тұста тағы бір проблема қылаң береді. Мамандардың мәліметінше, бүгінде 60 мыңға жуық жалғызілікті әке бар. Сонымен қатар сарапшы әкелерге көрсетілген әлеуметтік көмектің бірі ретінде ерлердің де декреттік демалысқа шыға алатынын алға тартты. Алғаш Швецияда пайда болған бұл заңнама бізде де кең таралып келеді. Мәселен, 2017 жылы 23054 әке бала күтіміне байланысты демалысқа шықты, соған сәйкес лайықты жәрдемақы тағайындалды. Бұл тұрғыда аналар мен әкелердің құқығы тең. Алайда мұндай ақпараттан әлі де хабарсыз әкелер қатары көп көрінеді.
«Ата-анамды қалай қоса аламын?»
Біздің менталитетте психологтан көмек сұрау – көпшілікке бүгінге дейін жат. Осы орайда, мұқтаж жанның маманнан қаншалықты көмек сұрайтынын білмекке бел будық. «111 сенім телефоны» қызметінің психолог-кеңесшісі А.Матаева: «Мен күніне 10-15 адамға кеңес беремін. Отбасындағы қарым-қатынас мәселесімен хабарласатындар көп. Басым бөлігі – өзіміздің бауырлар», дейді. Маманның мәліметінше, балалар да жиі хабарласады. Олардың әңгімесінің ішіндегі ең жүректі ауыртатыны – өз-өзіне қол салатынын айтатыны. Психолог-кеңесшіге өз тәжірибесінен ең кіші қабылдаушысын айтуды өтіндік. Екі күн бұрын 7 жасар қыз бала қоңырау соққан. Ата-анасы екі ай бұрын ажырасып кетіпті. Оны мазалайтын мәселе: «Әкемді сағынамын. Алайда анам рұқсат бермейді. Оларды қалай қоса аламын?» Ал жасөспірімдер көбіне алғашқы махаббаттан жолы болмағанда 111 нөмірін тереді екен.
2016 жылдың қарашасында іске қосылған қызмет барлық отандастарымызға тәулік бойы демалыссыз құқықтық және психологиялық көмек көрсетеді. Негізгі бағыты – отбасылық, оның ішінде балаларға қатысты құқықтар туралы консультация беру. Желі күніне 700-800 қоңырау қабылдайды, оның 75-80-і нәтижелі қоңыраулар. Өткен жылы 270530 қоңырау түскен, оның 9 029-ымен сапалы байланыс орнатылып, лайықты жұмыс жүргізілген.
Сөз соңында мына бір түйінді ойды қоса кеткіміз келеді, украин педагогі Сухомлинский: «Отбасыны жасайтын және нығайтатын күш – махаббат. Әке мен шешенің, әке мен балалардың, ана мен балалардың өзара, сенімді, адал, шын берілген махаббаты. Алайда махаббат басқа бір жақтан, сырттан келетін шабыт немесе таң шапағы емес. Махаббат дегеніміз – орасан зор еңбек» деген екен.
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»