Халықты құрғақ уәделерден гөрі шешімін таппай келе жатқан нақты мәселелер бірінші кезекте толғандыратынын кей билік өкілдері әлі жете ұғынбай жүр.
Елбасының Жарлығына сәйкес ауылдық және аудандық әкімдердің бір жыл ішінде атқарған жұмыстары жайлы тұрғындар алдында жасаған есептерін жинақтап, қорытып, не түйдік деген төңіректе әңгіме өрбіткенді жөн көріп отырмыз. Өйткені өзара ұқсас баяндамалардың қай-қайсысын ашып қалсаң да сықиған цифрлардан, алаулатқан-жалаулатқан рапорттық табыстардан, көтеріңкі, лепті сөздерден көз сүрінетіні белгілі. Әрине атқарылған шаруа жайлы хабардар ету қажеттігін жоққа шығармаймыз. Бірақ деректерді оңды-солды, жөнсіз тықпалай беру тыңдаушыны мезі етері анық. Өкінішке қарай, жыл сайын бас алмастан оқылатын таптаурын, жаттанды баяндамалар қордаланған шетін проблемаларды шешпей отыр. Өйткені, осындай алқалы басқосуларда жауыр болған мәселелер жыл сайын неге қайталана береді деген сауал алдымызды кес-кестей берді. Тіпті мәліметтер ғана жаңартылып, жұртшылық назарына ұсынылған ескі баяндамаларды да кезіктіргенбіз.
Өзіміз де осы мәселе бойынша қалам тартуға оқталып жүр едік. Тездетуге Архан ауылында тұратын газетіміздің тұрақты оқырманы Әлім Төлебаев ақсақалдың телефон соғуы түрткі болды. «Менің пікірімше, жергілікті жерлерде әкімдердің есепті кездесулерін ұйымдастырудағы мақсат – көпшілікті толғантқан әлеуметтік-экономикалық дамудың кенжелеп қалған тұстарын талқылау, ұғынықты ұсыныстар мен сын-пікірлердің шешімін табуына жәрдемдесу, ықпал жасау, бақылауға алу, жоғары атқарушы органдарға жеткізу, мәселе етіп қою», деген Әлекең жиынды ауыл әкімінің жауапкершілігі мен есеп беру міндеттілігіне ықпал жасайтын құрал ретінде сезіне алмағанын, ашық сұхбаттан гөрі санды қуалап кету, жағдайды жалпылама баяндау көлеңкесінен аса алмағанын айтады. – Округте жұмыс істейтін шаруа қожалықтары, серіктестіктер иелігіндегі қоғамдық малдан бруцеллез ауруы шығып оның ушыққаны соншалық, адамдарға жұққан ондаған факт тіркелді. Оның зардабын әлі күнге дейін тартып келеміз. Осындай соқталы мәселелердің орын алуына баға беріліп, бұдан былай болдырмаудың жолдары атап көрсетілуі керек еді. Жеке адамдардың малы шаруашылықтармен араласып бағылатындықтан, жұқпалы кесел таралмағанда қайтеді? Алда белгіленген міндеттер қоғамдық өмірдегі саяси-экономикалық жағдаймен, Елбасының талап-міндеттерімен сабақтастырыла қамтылса әлдеқайда нанымды әрі нақты болар еді деген үмітіміз әзірге ақталмай тұр, – деді ол.
Жылына бір мәрте өтетін дәстүрлі шараның маңызын, ауқымын ескермеудің тағы бір мысалына тоқтала кеткен артық етпес. Облыс орталығымен іргелес қонған Қызылжар ауданында 50 мыңға жуық адам тұрады. Қай жағынан алсақ та, ауданның әлеуеті зор болғанымен, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешудегі мүмкіндіктері ұтымды пайдаланылмай келеді. Прибрежное ауылдық округінде ұйымдастырылған кездесуге 3 мыңға жуық тұрғыннан 50-дейі ғана қатысса, жартысынан астамы аудан әкіміне ере келген лауазым иелері болып шықты. Осының өзінен адамдар дұрыс құлақтандырылмағанын немесе жергілікті билікке сенімсіздігін көруге болар деген қорытынды жасауға итермелейтін тәрізді. Себебі Петропавл қаласынан 15 шақырым ғана жердегі шақаулықтардың шұрқ-шұрқ тесік жолдың азабын көріп келе жатқанына бірнеше жыл. Әр кездесуде орындалмайтын уәде үйіп-төгіп берілсе де «баяғы жартас – бір жартастың» кебін киген. Ауылішілік жолдар да құрақ көрпе іспеттес. Баяндамадағы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы жас мамандардың елді мекендерге келіп, тұрақтануын қамтамасыз етіп жатыр деген сөз құлаққа жылы естілгенімен, көңілге күдік ұялататын тұстар жоқ емес. Жас маман Нартай Молдахметов 10 жылдан бері осы бағдарламаның игілігін көре алмай, салы суға кеткен. Жеңілдетілген несиеге баспана тұрғызып алайын деген үміттің оты өшкен. Бұл жолы да шығарыпсалма жауапты қанағат тұтты. «Арман» шаруа қожалығының жетекшісі Аманбай Сәдуов екінші топтағы мүгедектігіне қарамастан төрт түлік өсірумен айналысады. Жайылымға қолы енді жете бергенде басқа округ тұрғыны қағып әкеткен. Соның салдарынан 4 миллион теңгеге сатып алған техникасы, ауылдастарын жемшөппен қамтамасыз етемін деген уәдесі жайына қалған. Осындай бассыздыққа қатты күйініп, амалсыз сотқа қайырылған. Бір сөзбен айтқанда, оны алда әлі талай шырғалаң, әрлі-берлі сенделіс күтіп тұрған тәрізді.
1500-дей тұрғыны бар Прибрежное ауылының да ащы ішектей созылып келе жатқан проблемалары жетіп артылады. Мәселен, жастар жағы клуб үйін салып беру жөнінде ауыл, аудан әкімдігіне бірнеше рет барыпты. Биыл да бұл өтініш қанағаттандырылады дегенге сену қиын. Өйткені, жауап екіұшты. Сонда дейміз-ау, Елбасының бастамасымен биыл Жастар жылы жарияланғанын білмегендері ме? Күні бұрын қам жасап, «міне, иесіз нысан таптық, күрделі жөндеу жасап береміз десе, жастар мәз болып қалмаушы ма еді? Атқамінерлер әлі күнге дейін бос ғимарат сатып алу жайын «қарастырумен» жүр.
Көктемге салым елді мекен қар құрсауында қалып, оның соңы қарғын суға ұласып жатады. Жылда осылай. Былтыр бірқатар үйді қызыл су шайып, үлкен шығын келтірген. Биылғы жайымыз не болады, ескі дамба жарамсыз. Жаңасы қашан тұрғызылады? Бұл сұраққа да мардымды жауап алынбады.
Қызылжар ауданының орталығы Бескөл кентінде де шешімін күткен мәселелер аз емес. Оның бірсыпырасы қайтадан қозғалды. Әсіресе жол, қоғамдық көлік қатынасы, абаттандыру, жарықтандыру, тұрғын үй жайы өткір тұр. Татьяна Торгашева балалар үйінде тәрбиеленіпті. Ата-ананың қамқорлығынсыз өскен бойжеткен қазір аудан орталығындағы мектептердің бірінде мұғалім болып істейді. Әлі күнге дейін басыбайлы пәтері жоқ. Баспананың кезегінде тұрғанына он жылдан асты. Бірер ай бұрын халықтың әлжуаз санаты үшін 30 пәтерлік үй қолданысқа берілгенімен, ілікпей қалды. Ол өзі қатарлы құрбыларының қоныс тойын тойлағанын айтады, ал өзінің кезегі қашан жететініне күмәнді. Аудан әкімі Жанат Сәдуақасов 5 қабатты екі тұрғын үйдің жобасын әзірлеп жатқанын, үйлердің жеке инвестиция бойынша және жалдамалы баспана ретінде мемлекет қаражатына салынады деген жалпылама жауаппен ғана шектелді.
Зейнеткер Ермек Мұқанов отбасымен кенттің оңтүстік-шығыс шағын ауданында тұрады. Балалары мен немерелері облыс орталығынан атасы мен әжесіне қонаққа келу үшін №101 автобуспен қатынайды екен. Екі аралықты жалғастыратын жалғыз қоғамдық көлік бұл шағын ауданға бармайтын көрінеді. Қарияның тарапынан «Маршрутты ұзартып берсеңіздер, бұл жақта оқушылар көп, мектеп болса алыс. Балаларға жаяу қатынау өте қиын» деген ұсыныс айтылғанымен, аяқсыз қалған. Осы мәселені шешу жөнінде бұған дейін нақты тапсырма берілсе де, есепті кездесуге дейін орындалмай келгені салғырттықтың салдары деген тұжырым жасауға толық негіз бар.
Володар ауылдық округінің тұрғындары ауыз судың санитарлық-гигиеналық талаптарға сәйкес келмейтінін айтып, налиды. Бес жыл бұрын ауылда жергілікті су ұңғымасы қазылып, сапасы жақсарғанымен, су сүзгісі істен шыққандықтан су лайланып, дәмі кермек тартқан. Екі жылғы сергелдең жабдықты жаңалауға тіреліп тұрған жайы бар. Қандай қаражат көзі тартылары белгісіз. Ақан-Бұрлық елді мекенінің тұрғындары медицина қызметкерінің жоқтығынан көрші Құспек ауылына 3 мың теңгеге көлік жалдап баруға мәжбүр. 800-ге жуық адам тұратын Воскресеновка ауылы ауыз суға мұқтаж. Мамлют ауданы әкімінің міндетін атқарушы Рустам Ғаббасовтың «Су мәселесін қарастырып жатырмыз. Нақты шешім әлі жоқ» деген жауабы есепті кездесуге қатысушыларды қанағаттандыра қойған жоқ. Дәріхана ашу секілді қарапайым мәселе күн тәртібінен түспеуіне қарағанда әлі біраз уақыт күтуге тура келетін сықылды.
Ақжар ауданында өткен есептік кездесулерде айлық жалақының төмендігі, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу белсенділігінің төмендігі, мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің бәсеңдігі белгілі болды.
Ауылдықтарды ауыз сумен жабдықтау, кең жолақты интернетке, ұялы байланысқа қосу, жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлікті дамыту, жеңілдікті несие, жер телімін алу жайлары да қатты толғандыратыны есепті кездесулер барысында анық байқалды. Олай болса, әкім есебі жұртшылық үшін жасалатынын ұғынатын мезгіл жетті. Уәде берген екен, үдеден көріну – бұлжымас міндет.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
Солтүстік Қазақстан облысы