• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
01 Ақпан, 2019

Трилогияның тұсаукесері

648 рет
көрсетілді

Ұлттық академиялық кітапханада Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты, жазушы Әнес Сарайдың «Еділ-Жайық» трилогиясының тұсаукесері өтті. Кітап Атырау облысының қолдауымен жарыққа шыққан. Жиынға Төлен Әбдік, Қойшығұл Жылқышиев, Сауытбек Абдрахманов, Алтыншаш Жағанова, Ғарифолла Есім, Қуаныш Жиенбай, Серік Негимов сияқты белгілі жазушылар мен журналистер қатысты. 

Әнес Сарай қазақ әдебиетінің көкжиегін тарихи-көркем баян­дарымен толықтырып, сөз өне­ріне ерекше әр берген жазушы. Алғашқы әңгімелерімен-ақ әдебиет әлеміне танылған жазушы кейінірек романдарымен де, тарихи шығармаларымен де қалың оқырманның ықыласына бөленді. Исатай, Махамбет, ноғай, қазақ руларының тарихына байланысты еңбектері бүгінгі күні өз оқырмандарының іздеп жүріп оқитын туындыларына айналған. Тарихи шындықтан, фак­тіден ауытқымай, эстети­калық көркем мәтінді сенімді жазатын жазушының өнімді еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланып келеді.

«Еділ-Жайық» романына түсінік берген академик Рымғали Нұрғали бұл шығарманы: «Еділ-Жайық» – бүгіндері тарих еншісіне айналып бара жатқан өткен ғасырдың басындағы ұлы дүрбелең кезіндегі Атырау өңі­рінің тыныс-тірлігіне арнал­ған кезеңдік шығарма. Ол Қазан төңкерісін мақтамайды да, даттамайды да, халық басынан өткен бір күрделі оқиға ретінде баян­дап қана қояды. Батыс идеологтары эволюциялық жолды қанша дәріптегенмен, қоғам іштей іріп-шірігенде, тазалану үшін революциялық төңкерістердің керек кездері болады. Бірақ ол сол қоғамның ішінде пісіп-же­тілуі керек.

Автор қазақ қауы­мында ұлттық қозғалыстың пісіп-жетілгенімен, таптық қоз­ғалыстың пісіп-жетілмегенін, сол себепті басты кейіпкерлер төң­керіс мақсаттарын шала ұғып, күмәнді ойларға жиі-жиі бе­рілетіндері арқылы – бұл әлемдік оқиғаға өзінің авторлық көзқарасын аңдатады» деп баға­лаған еді.

Жиында сөз алған жазушы Төлен Әбдік қаламдас-әріпте­сінің талмайтын ізденісіне, сар­қылмайтын қажырына сүйсініс білдірді. «Бұл роман өзінің баға­­сын алған, Мемлекеттік сый­лықты да еншіледі. Бірақ осы күнге дейін бұл шығарманы жан-жақты талдап, жүйелі, терең, ке­зеңдік тұрғыдан зерттеген бір­де-бір сыншының еңбе­гін оқы­ған жоқ­пын. Бұл өзі тал­дауға да оңай соқ­пайтын, рево­люция­ның ар жақ, бер жағын қамтитын күрделі шығарма. Қазір бағалау да өзгеріп бара жатыр.  Сондықтан бұл романға бүгінгі көзқарас тұрғысынан талдау қажет.

Ал енді Әнес Сарайды студент күнінен білемін. Біз өлең жазарымызды, не прозаға ауысарымызды білмей жүргенде, бұл бұлғақтамай бірден проза жанрын таңдады. Бұл да біздің әдебиетімізде сирек кездесетін жағдай. Сол кезде бас алмай әлем әдебиетінің классиктерін оқып жататын. Сол қалпынан танбай әлі күнге кітапқа салған көзін алмай келеді. Қағазы мен қаламы да үнемі дайын тұрады. Шығармашылық табысқа жете беруін тілеймін», деп ақжарма тілегін айтты.

Тұсаукесер шарасында қы­зық­ты естеліктер мен жазушы шы­ғармашылығы туралы ой-пікірлер айтылып, жыршы-термешілер ән-жырдан шашу шашты.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»