Кеше Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келді. Онда кәсіпорындардағы еңбек ұжымдары мен тұрғылықты халықпен және жастармен кездесті.
Іс-шарада палата Төрағасы депутаттардың заң шығарушылық жұмысы туралы, соның ішінде, Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған заңдар туралы әңгімеледі.
Палата Спикері «Қазфосфат» зауытында болып, кәсіпорынның жұмысымен танысты. Қазақстандағы химия өнеркәсібі жағынан алғашқы қатарда тұрған кәсіпорынға биыл 20 жыл толады. Осы уақыт ішінде «Қазфосфат» тек елімізде ғана емес, басқа шет мемлекеттерге де фосфор өнімдерін шығарды. Сонымен бірге ТМД, Қытай, Шығыс және Батыс Еуропа елдеріне жол тауып, әлемдік деңгейдегі ірі өндіріс орнына айналды. Қазіргі уақытта еліміз бойынша 7 филиал ашылып, ол 6 мыңнан астам азаматты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
Еңбек ұжымымен кездесу барысында палата Спикері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік алған күннен бастап әрбір облыстың, әрбір ауданның, әрбір қаланың дамуына зор көңіл бөліп келе жатқанына, соның ішінде түрлі-түсті металдарға, баритке, фосфаттарға бай Жамбыл облысының орны өте маңызды екеніне тоқталды.
– Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында мемлекетіміздің өңдеу өнеркәсібі 9,5 трлн теңгеге дейін артып, отандық өнімдеріміз әлемнің 110 елінде сатылып келеді. Мемлекетімізде жүргізілген ірі реформалардың арқасында қазақстандықтардың тұрақты табыс табуына кең жол ашылды, – деді Н.Нығматулин.
Сонымен қатар палата Спикері еліміздегі әлеуметтік жағдайға тоқталып, тәуелсіздік алған жылдардан бастап еліміздегі жалақы көлемі 4 есеге дейін өскенін, 1 миллионнан астам қазақстандық тұрғын үймен қамтамасыз етілгенін, алдағы бес жылда Президентіміздің әлеуметтік бағдарламасы аясында 70 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салу жоспарланғанын, ол 2 миллионнан астам адамға баспаналы болуға мүмкіндік беретінін айтты.
Бүгінгі таңда еліміздің алға қойған мақсаты − дамыған 30 елдің қатарына жету. Осы жолда әлемдік нарыққа жол тапқан Жамбыл облысының да үлесі зор. Қазірдің өзінде де көптеген жетістіктерге қол жеткізген. Мысалы, облыс бойынша өндіріс көлемі өткен жылы 400 млрд теңгені құраса, жұмыс істеп тұрған шағын кәсіпорындар саны 63 мыңнан асқан.
Жамбыл облысының қарқынды дамуына назар аударған Мәжіліс Төрағасы: «Облыс жыл сайын жоғары деңгейде дамып келе жатыр. Сонымен бірге «Қазақстан − 2050» бағдарламасы біздің жарқын болашағымыздың басты бағдары болып табылады. Сондықтан сіздердің қажырлы еңбектеріңіз, біздің заң шығару жұмысымыз − барлығы да туған еліміздің өсіп-өркендеуі жолындағы игі қадамдарды жүзеге асыруға қызмет етеді. Алдағы уақытта да біз ортақ мақсат жолында бірлесе жұмыс істейтін боламыз. Осы орайдағы ең тиімді бағыттың бірі – депутаттардың сайлаушылармен кездесуі екені сөзсіз. Бұл кездесулер халқымыз үшін де, біздер үшін де өте маңызды», деді.
Мәжіліс Төрағасы Жамбыл облысының жастарымен кездесу барысында Жастар жылының ашылуындағы Мемлекет басшысының көрсеткен қолдауы туралы айтты. Ал кездесу көп жылдық тарихы бар, бүгінде еліміздегі ең іргелі оқу орындарының қатарына кіретін Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде өтті. Оған Жамбыл облысындағы жетекші оқу орындарының студенттері, жастар қозғалысының көшбасшылары және жас ғалымдар қатысты.
Н.Нығматулин жастармен кездесу барысында биылғы жыл жастар үшін ерекше кезең екеніне тоқталды.
− Президентіміз Жастар жылында жас қазақстандықтарды қолдаудың нақты жолдарын ұсынып отыр. Ол ең алдымен, жас отбасыларға арналған баспана мәселесі. Мемлекет басшысы ірі қалаларда жұмыс істейтін жастар үшін жылына 1 мың пәтерден кем емес құрылысты қамтамасыз етуді және барлық кәсіпорындарға жас қызметкерлер үшін баспана жағдайын жасауға белсене қатысуды тапсырды, − деді палата Спикері.
Мәжіліс Төрағасы Мемлекет басшысының жастарға көрсетіп отырған қамқорлығы туралы айта келіп, олардың еңбекке қабілеттілігімен қатар, денсаулық, рухани мәселелері де әрқашан басты назарда болатынына тоқталды.
− Осы орайда Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы өскелең ұрпақтың рухани байлығын, денсаулығын арттыруға ерекше ықпал ететіні сөзсіз. Бұл жұмыстардың барлығы сіздердің өмірлеріңізді жақсарту, қоғамдағы рөлдеріңізді нығайту, бәсекеге қабілеттіліктеріңізді күшейту үшін жасалып жатыр, − деді Н.Нығматулин.
Палата Спикері осы ауқымды шаралардың барлығын заң жағынан жан-жақты қолдау қажеттігін атап көрсетіп, Елбасының барлық бастамаларын сапалы заңдармен қамтамасыз ету – Парламент депутаттарының басты міндеті екеніне назар аударды. Сондай-ақ осы жолда «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» және «Волонтерлік қызмет туралы» заңдар қабылданғанын, Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі бағдарламасы бар екенін және жақын уақытта Мәжілісте «Педагог мәртебесі туралы» және басқа да білім саласына қатысты заң жобалары қаралатынын жеткізді. Жамбыл облысына сапарын қорытындылай келе, Н.Нығматулин: «Жамбыл облысында өткен кездесулер Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың барлық бастамалары жергілікті жерлерде табысты орындалып жатқанын көрсетті. Әсіресе әлеуметтік сала, цифрландыру, кәсіпорындарды жаңғыртуға арналған жобалар халқымыздың өмір сапасын жақсартып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беріп отыр. Алдағы уақытта да осы маңызды жұмыстар облыстың дамуына, сонымен бірге жастарды жан-жақты қолдауға серпін беретіні сөзсіз», деді.
Хамит ЕСАМАН,
«Egemen Qazaqstan»
Жамбыл облысы