«Қазақ даласына бір зобалаңнан соң бір зобалаң тап болып, айрықша қысастықтан көз аша алмаған қытымыр заманда дүниеге келіп, көз ашқан осы бір ұрпақ қандай қайсар еді?! Аштықтың орнын арманмен, жоқтықтың орнын таудай талаппен, жетімдіктің орнын жасымас жігермен толтырып, ошақтың орнындағы сояудай айбынын жықпай, айылын жимай андыздап өсе берген. Өрт жіберсең де, желегін жалынға күйдіргенмен, өзегіне от дарытпай, қайтадан өніп, қайтадан өрбіген, алшындай азуға іліксе де, ажалға бой алдырмаған. Соның арқасында оталған орман қайта көгеріп, қуарған тақыр қайта құлпырған. Өздері туғанда өртеңге шалдыққан айтулы ұрпақтың орнын басып, ізін жалғастырып, тұяқтың орнына тұяқ болып қосылып, толымды өтеу бола алған. Абыройлы ұрпақ. Өз бақытын өзі сомдаған жасампаз ұрпақ. Ұлттық намысымыздың жығылмас туындай тәкаппар ұрпақ».
Әбіш абыздың бұл сөзі Қаратай Тұрысов туралы жазған «Өз бақытын өзі сомдаған» атты мақаласынан алынып отыр. Айтса айтқандай-ақ. Қалай «қайсар ұрпақ» демесін, егер кейіпкері алты жасқа да толмаған шағында өзінен екі жас ересек балалармен жағаласып, мектепке барса, мұғалімнің «Әлі жасың толған жоқ» дегеніне қарамай, класта тапжылмай отырып алса; анасы: «Қой, қалқам, буының бекіп, бұғанаң қатқан жоқ» десе де, «Немене, бұғанамды тексеріп, оқу деген төбелес пе екен, оқу деген оқу емес пе?» деп, бетінен қайтпаған сол бала келесі жылы бірінші кластың үздік оқушысы атанса; соғыс жылдарында тылдағы ерен еңбегі үшін медальді бір алған, оқудағы үздіктігі үшін медальді екі алған сол бала он алтыға да жасы жетпей жатып, талқанын дорбаға түйіп, жер түбіндегі Мәскеуге аттанса; жұрт аңыз етіп айта бастаған Қаныш ағасының мамандығын таңдап, сондағы Геологиялық барлау институтына түсіп, геолог болып бір-ақ шықса, жылдар өте келе өзінің тірмізік тірлігіне де, әкесінің еті тірілігіне де өзі таңданып, «Сонда әлі 16-ға да толмаған мені қияндағы Мәскеуге қорықпай жіберген әкем батыр екен деп ойлаймын» деп ойласа... Қалай «абыройлы ұрпақ» демесін, егер кейіпкері геолог қайласын қолға ұстап, Сарыарқаның сайын даласын кезіп жүрген романтикаға толы жас шағында Көктасжал деген жерден аумағы орташа деп танылған, құрамында алтыны бар мыс кен орнын ашса; сол еңбегі еленіп, жалын атып тұрған жігіт партиялық жұмысқа шақырылса, онда тез өсіп, ақыры отызға жаңа толған тұсында Қаражал деген қаланың партия комитетінің бірінші хатшысы болса; ол қызметті алты жыл бойы абыроймен атқарып, Мәскеуге тағы аттанса, Кеңес Одағы Коммунистік партиясы Орталық комитетінің жанындағы Жоғары партия мектебінен ысылып шығып, Торғай төсінде жаңа құрылып жатқан облыстың өнеркәсіп жөніндегі хатшылығына кіріссе; Арқа жұртының алғысын арқалап, абыройға бөленіп жүрген жерінен Мәскеуге тағы аттанса, КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Халық шаруашылығы академиясында оқып, экономика ғылымдарының кандидаты дәрежесін алып шықса...
Осы арада бір дамылдайық. Қазірге дейін-ақ Мәскеуді үш рет ауызға алып үлгердік. Бұл қаланың Тұрысов тағдырындағы орны үлкен. Геологиялық барлау институтында, Жоғары партия мектебінде, Халық шаруашылығы академиясында оқыған жылдары – Қаратай Тұрысов өмірінің ерекше белестері. «Мені өмір бойы оқып өту керектігіне осы жер үйретті», деп жазды ол өзіне берік білім қорын жасап, кісілік қасиет қалыптап берген оқу, ғылым, мәдениет ордасына деген шәкірттік сезімін, адамдық алғысын алғаусыз ақтарған «Мәскеу менің өмірімде» атты эссесінде. Экономист қаламынан шыққан дүниені «эссе» дегенге таңданбай-ақ қойыңыз, ол шынында да нағыз эссе. Басқа жағын былай қойғанда, тілінің өзіне талай қаламгер қызығарлықтай. «Москва – днем суетная, шумная, совсем не чинная, как положено быть всем столицам, ночью спокойная, шуршащая шинами пролетающих по умытым улицам машин, величавая, державная...», деп жазады автор. Түнгі тыныштықты жуылған көшемен жүріп өткен мәшине доңғалағының су шашыратқандағы шуылы ғана бұзып тұрғанын естігендей емессіз бе? Елуінші, алпысыншы, жетпісінші, сексенінші жылдарда Мәскеу күні расында да аласапыран болатын. Күні аласапыран болмай да қайтсін, анау да дефицит, мынау да дефицит, қайда барсаң ұзақ-шұбақ кезек, дүкеннен дүкен қоймай безектеп бара жатқан қалалықтар мен қонақтар... Түні тыныш болмай да қайтсін, сағат сегізден кейін дүкендер жабылса, сағат он бірден кейін ресторандар жабылса, ең бастысы – жұрттың бойында қазіргі кешкі сенделістің, түнгі сандалыстың әдеті атымен болмаса, уақыты келгенде адамдардың бәрі дерлік ертеңгі жұмысын, сабағын ойлаумен ұйқыға бас қойса...
Мәскеуді қадалыңқырап айтып отырғанымыздың мәні мынада – Қаратай Тұрысов тындырған ірі істердің түп-тамырында ол кісінің іргелі білімнің иесі екендігі тұрады. Мұншама мол білімнің бәрін Қарекең Мәскеудің ең үздік оқу орындарынан алған. Соның ішінде КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Халық шаруашылығы академиясында оқыған кезеңін бөле айтқан жөн. Бұл оқу орны өз заманы үшін үлкен экономикалық реформалар жасауға ұмтылған аса көрнекті мемлекет қайраткері, Үкімет басшысы А.Н.Косыгиннің жеке бастамашылығымен, жоғары буынды кадрлар дайындау мақсатымен құрылған еді. Сонан да ауызекі сөзде Академияны «министрлер мектебі» деп те атай беретін. Оны алғашқы бітіргендердің тобынан үш бірдей одақтық министр шыққан екен, ал республикалық министрлер көп шығатыны болса-болмаса белгілі ғой. Бұл оқу орнында жоспар мен нарықты үйлестіруге алғаш рет әрекет жасалған-ды. Бүкіл Одақтың ауқымды ғылыми және кадрлық әлеуеті жұмылдырылған Академияда Л.И.Абалкин, А.Аганбегян, Н.Мельников, Н.А.Некрасов, Н.П.Федоренко сияқты елдің ең ірі ғалымдары лекция оқитын, тыңдаушылар алдында барлық одақтық министрлер, КСРО Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасарлары ұдайы сөйлеп тұратын. Алдыңғы қатарлы шетелдік фирмалардың жетекшілері де шақырылатын. Қ.Тұрысов бір мақаласында: «Академия біздің алдымыздан әлемдік шаруашылық байланыстарына кең есік ашты. Тыңдаушылар экономикасы дамыған елдерге баруға, олардың тәжірибесін зерттеуге, салыстыруға, бағалауға, білгентүйгенін өздерінің ойына сіңіруге мүмкіндік алды. Бұл жаңаша құбылыс еді. Әсіресе, біздегінің бәрінің есігі тарс жабық тұрған сол кез үшін! АНХ-да оқуымыздың тағы бір ерекшелігі болды. Біз барлық билік құрылымдарына, министрліктер мен ведомстволарға, Орталық статистика басқармасына, Мемлекеттік жоспарлау комитетіне, басқа да ведомстволарға емін-еркін кіріп, етене сіңісуге жолы ашылған алғашқы тыңдаушылар едік. Біз олардың қызметінің ішек-қарнын ақтара зерттей алдық. Мұның бәрі оқуымыздың сипатын бөлекше, қайталанбастай дара ете түсетін», деп жазады.
Ұстаздарының бірі – академик Л.И.Абалкин кейіннен: «Қаратай Тұрысұлымен араласу мен үшін қашанда өте қызғылықты әрі жеңіл еді. Ол кәсіби біліктілігі жоғары экономист болатын, біздің өзара түсіністігіміз Қаратай ВЦСПС хатшысы ретінде Шаруашылық механизмін жетілдіру жөніндегі комиссияның жұмысына қатысқан кезден басталды, ол комиссияны КСРО Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары ретінде мен басқаратынмын. Ол шаруашылық механизмін қайтадан құру, экономиканы басқарудың тиімді де икемді жүйесін жасау, одақтас республикаларды ілгерілете дамыту жөнінде көптеген құнды ұсыныстар енгізді. Мен Қаратай Тұрысұлына ерекше құрметпен қарайтынмын. Ол менің жүрегімде дана, терең ойлы саясаткер және жомарт жүректі, жарқын жанды адам ретінде әрдайым сақталады», деп еске алды. Бұл сөздер сілтеме келтіре салуға ғана оңай. Одақ Премьерінің орынбасарын, азуын айға білеген академикті бұлайша мойындату үшін қаншама білім, білік, адамдық айбын, кісілік келбет керектігін сол заманда қызметке араласқан адамдар ғана айқын сезіне алатын шығар.
Қаратай Тұрысовтың бүкіл Одақ көлемінде абыройлы болғанының даусыз дәлелі – Бүкілодақтық кәсіптік одақтар кеңесінің (ВЦСПС) хатшысы қызметін атқарғандығы. Бұл оның Мәскеуге төртінші рет баруы. Алдыңғы үшеуінде оқуға барса, бұл жолы қызметке барды. Қызмет болғанда қандай десеңізші! Оған дейін Мәскеуде мұндай биік лауазымға тек Тұрар Рысқұловтың қолы жеткен еді. Республикалық кәсіптік одақтар кеңесін басқарып, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің өнеркәсіп саласы бойынша хатшысы болып (1984 жылы Министрлер Кеңесінің Төрағасы қызметіне тағайындалған Нұрсұлтан Назарбаевтың орнына барған), қай жағынан да мол тәжірибе жинаған қайраткер тұлғаның бұл лауазымды 1986-1990 жылдарда атқарғанын екпін түсіре айту жөн. Неге десеңіз, бұл кезең қоғамды қайта құрамыз деп жүргенде қолда барды қайтадан құртып, енді бұрынғыға да қол жете алмай қалған, демократияны демагогия алмастырып, әлеуметтік қақтығыстар бой көрсетіп, ел еліріп тұрған бір кер кезең болатын. Беделден айырыла бастаған компартия басшылығы бірде олай, бірде былай сөйлеп, қажыған халықтың қитығына тиіп қалатын, онсыз да жүйкесі жұқарып жүрген жұртты ауық-ауық желіктіріп, желпілдетіп жіберетін. Әлгіндей әумесерлеу әңгіменің бірін КОКП Орталық комитетінің хатшысы Н.Никонов Владивостоктағы балықшылар конференциясында айтып қалады. Сол-ақ екен залдағы балықшы біткен ысқырып, еден тепкілеп отырып алады. Артынша-ақ балықшылар ереуілі басталады. Ол жерге ВЦСПС хатшысы Қаратай Тұрысов барады. Өмір көрген, елдің жағдайын жақсы білетін адам ретінде ашынған азаматтармен абайлап сөйлесіп, аңысын аңдып жүрген алғашқы күндерінде ереуіл комитетінің мүшелері Мәскеуде, Бүкілодақтық кәсіптік одақтар кеңесінің ғимаратында жиналады. Сол отырысты жүргізіп жатқан Қ.Тұрысовқа көмек ретінде Үкімет басшысы Н.Рыжков өзінің орынбасары Бирюкованы, қаржы министрі Павловты, ВЦСПС төрағасы Шалаевты жібереді. Бирюкова мен Павлов барысымен ереуіл комитетінің мүшелеріне артық-ауыс ақылдарын айта бастайды. Балықшылар ашу-ызаға қайта булығады. Сонда ғой біздің Қарекеңнің: «Бирюкова, Павлов, Шалаев жолдастар! Комитет жұмысын сіздерсіз жалғастырамыз, қабылданған шешім жөнінде хабардар етеміз. Залдан шығып кете берулеріңізге болады!» дейтіні... Аналар аңырған күйі залдан жылыстай жөнелген. Сол заман үшін бомбы жарғандай естілетін ондай сөздің сол заматта бүкіл елге тарап кететіні өзінен өзі түсінікті. Жиын тізгінін өзі қайта қолға алған Тұрысов сағаттар бойы ырғасып-ырғасып, ақыры ереуілшілерді келеге келтіреді. Сол отырыстан кейін Шалаев: «Каратай Турысович, однако вы нахал. Но одобряю. Вы совершенно правильно поступили», деп разылығын айтады.
Халық депутаттарының I съезінде Анатолий Собчак кооперативтерді салықтан босату туралы ұсыныс енгізіп, ол ұсынысқа қарсылық танытқан кәсіподақтарды қосымша саяси капитал жинағалы жүр деп айыптағанда залдан: «Господин Собчак, вы зарабатываете не только политический капитал, но и иной капитал!» деген дауыс саңқ ете түскенін съезд жұмысын тікелей трансляция арқылы көріп отырған бүкіл Кеңес Одағы естіген. Ол дауыстың иесі Қаратай Тұрысов болатын. Қ.Тұрысовтың Кузбастағы, Сахалиндегі, Воркутадағы айлар бойы созылған жұмысшылар ереуілдері кезіндегі ерен қайраты, қағидатты мәселелерде қатып қалатын табандылығы оны бүкіл Одақ көлемінде абыройға бөледі. Біздің Қарекеңнің сол тұста атағы қалай аспандағанын бір кездегі өзінің тікелей бастығы, ВЦСПС төрағасы С.А.Шалаевтың: «О его авторитете свидетельствует и тот факт, что К.Турысов, являясь депутатом Верховного Совета СССР, в 1987 году возглавил делегацию союзной страны на 42-й Сессии Генеральной Ассамблеи ООН, где выступил с речью» деген сөзінен-ақ шамалай беріңіз. Шынында да, КСРО-дай алып елдің БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясындағы ресми делегациясын кәсіподақ басшысының орынбасары бастап барғаны, ел атынан әлемнің ең биік мінберінен сөз сөйлегені Қаратай Тұрысовтың халықаралық деңгейде де танылуының белгісі. Бұл оқиға кезінде Қазақстанның да абыройын асырған. Қарекеңнің КСРО мен АҚШ арасындағы телекөпірге елден қатысқан екі адамның бірі (бірі – Жоғарғы Кеңестегі Ұлттар Кеңесінің төрағасы, «Известия» газетінің бас редакторы Иван Лаптев) болуы да көп жайды аңғартады. Тікелей эфирден берілген сол телекөпірде Қаратай ағамыз қай тақырыпқа тартқанда да тауып айтқан, керек жерінде айылын жимай айтысқан, тіпті елдегі демократия деңгейі сыналған тұста да бой бермеген, олардың да осал тұсын тапқан. АҚШ-та социалистік елдер кәсіподақтарымен байланыс орнатуға тыйым салатын заң барын айтып қалғанында қарсыластары тығырыққа тіреліп, әңгімеге арғы жақтан қатысқан конгрессмендердің бірі: «Бұдан екі жыл бұрын сол заңның күшін жояйық дегенімде сіздер көнбей қойып едіңіздер» деп жанындағыларды жазғырып, өзара кінәласып кеткен... Осының бәріне мына жақтан біздің айызымыз қанып отыратын. Иә, Қарекеңнің сол телекөпірге қатысуы кезінде бар қазақтың мерейін тасытқан болатын. Бұл жайында Қуаныш Сұлтанов «Тұрысов» атты мақаласында «Қазақтың кім, қандай екенін дәлелдеп, танытты. Қазақтың ұлттық «реномесін» көтеруге еңбек етті» деп айшықты айтқан. Қаратай Тұрысов – кешегі кеңестік кезеңде, ұлттар арасында тұлғаларды іштей салыстыратын, намысқа шауып таластыратын тұста халқының жақсы атын шығарған асылдарымыздың бірі.
Егемендіктің елең-алаңында, 1990 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қаратай Тұрысовты елге шақырды. Президент шақыруын қуана қабыл алған азаматтың Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары қызметінде Елбасы тапсырмасымен атқарған алғашқы ірі шаруасы – Экономикалық реформалар жөніндегі комиссияға жетекшілік етуі. Бұл жайында енді экономист ғалымның сөзін тыңдайық. «Нарық экономикасына бет алған алғашқы сәттер. Оның қыры мен сырын түсінгенімізден түсінбегеніміз, білгенімізден білмегеніміз көп жылдар. Іс басындағы азаматтарға жаңа заман талабына сай дайындықты, қайраткерлікті талап еткен жылдар. Міне, осы кезеңде еліміздегі игі өзгерістерге барынша атсалысып, Президент тапсырмасымен экономика саласындағы реформаторлар командасын басқарған абзал азамат – Қаратай Тұрысов еді. Осы команда тиянақты іс-қимылдарға мұрындық бола білді, сондықтан да бүгінгі жетістіктерде Қаратай Тұрысовтың да дербес үлесі бар», «Нәтижесінде Қазақстан көп ұзамай әлеуметтік-экономикалық реформалардың қарқыны, нәтижесі жағынан бұрынғы Одақта болған әріптестерінің алдына шықты», «Осы жылдарда Қарекеңнің іскерлігі, қайраткерлігі, тек мемлекет мүддесін назарда ұстайтын ел перзенті екені анық көрінді» – академик Кенжеғали Сағадиев осылай дейді. Экономист ғалымдар, әр жылдардағы Парламент депутаттары Қ.Тұрысовтың Мәжілістің Бюджет және қаржы комитетін басқарған кезіндегі қажырлы ісін де ерекше бағалайды. Әсіресе, салық жүйесін жетілдіруде, әлеуметтік саланың қаржыландырылуының заңды тетіктерін жасауда тындырған ісі бір төбе еді дейді. Ол кісінің депутаттар арасындағы беделі тіпті бөлекше болатын. Қандай талас-тартыс та Қарекең араласқаннан кейін сабасына түсетінін талай көргенбіз. Жан дүниеңдегі қай құбылысты да алғырлықпен аңдайтын. Ақпарат министрі кезімде бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңның жобасымен депутаттар алдына талай бардым. Кейбір депутаттар талқылауды жаяу көкпарға айналдырғысы келіп, неше түрлі қиямпұрыс, тіпті арандатқыш сұрақтарға дейін қойып, жүйкені жұқартатын. Сондай бір тұста қайтарған жауаптарымда сәл қиястана сөйлеп, біраз жұртты ашықтан ашық қарсы қойып алғаным да бар. Үзіліс кезінде Қарекең жаныма келіп: «Неменеге таусыласың?» деді. «Көріп тұрсыз ғой, қарадан қарап ұрынып жатқанын», дедім. Қарекең: «Сабыр сақта. Сыр берме» деп, сәл ойланды да, «Саған бір ақыл айтайын ба?» деді. «Айтыңыз». Сондағы айтқан ақылының түрі: «Қиыс сұраққа жауап берердің алдында сол сұрақты қойған депутатты ішіңнен бір сыбап ал»... Кез келген жайды юмормен жеткізе алатын. Терещенко Үкіметінің тұсында министрлер «Волгадан» «Вольвоға» ауыса бастады. Ол кезде Қаратай Тұрысов Туризм, дене тәрбиесі және спорт министрі еді. Алғашқы «Вольвоның» бірі Қарекеңе тигенін естігенмін. Бір күні жұмыстың жанында Қарекеңнің көліктен түсіп жатқанын көрдім. «Құтты болсын! Мәшинеңіз мықты екен!» десем, «Өй, мәшине емес екен...» дейді. «Мәшине емесі қалай?». «Солай. Мына тұрған Талдықорғанға жиі барамын. Кеше де барып келдім. «Волгамен» жүргенде Алматыға жеткенше ішкен-жегенімнің бәрі бойыма сіңіп кететін... Кеше мынамен жүргенде олай болмады... Мәшине емес демегенде не дейін енді?»... Республикалық кәсіптік одақтар төрағасы қызметінде жүргенінде «Сарыағаш» санаторийіне барыпты. Кәсіподақтың мекемесі ғой. Әбден аралайды, бәрін көреді. Ештеңе демейді. Кетерінде мәшинесіне отырып жатып, бетіне үміттене қарап тұрған санаторий басшыларына бір ауыз ғана айтты дейді: «Сарыағаш» Қазақстандағы нашар санаторийлердің ішіндегі тәуірлеуі екен»... Қалай ұқсаңыз да өзіңіз білесіз. Депутат кезінде Қарекең айтты деген қайқы қылыштай сөздер әлі күнге Парламенттегілердің аузында жүр. «На общественных началах можно только водку пить», «С должностью ума не дают!», «Продолговато!», «Ну зачем из голенища вытаскивать проблему!», «Нужно идти до конца, нельзя быть «немножко беременной» дегендерінің атақты айтқыш Черномырдиннің сөздерінен несі кем? Қарекең осындай жеңіл юморы арқылы-ақ аса салмақты мәселелерге өз көзқарасын шымыр да жұмыр жеткізе салатын.
Жақында, туғанына 85 жыл толуының қарсаңында «Аңыз адам» журналының Қаратай Тұрысовқа арналған саны шығыпты. Пайдаланылған әдебиеттер тізімінде «Сауытбек Абдрахманов. «Азамат», Астана, «Елорда» баспасы, 2009» деген жолдар тұр. Соған қарап, осы мақала авторы кезінде Қарекең туралы арнаулы кітап жазған екен ғой деп ойлап қалатындар болмауы үшін басын ашып айтайық: біз «Азамат» атты ол кітаптың құрастырушысы ғанамыз. Әскеркүл жеңгеміздің кітап соңындағы «Жүректе жанған жұлдызым» атты естелігінде: «Бір ауыз сөзім үшін осы кітапты жинап-теріп, құрастырып, бастыртып берген Сауытбектей қадірлі ініме, редактор ретінде еңбек еткен Мәриядай асыл келініме Қарекең әулетінің атынан басымды иіп рақметімді айтамын» дегені біз үшін үлкен баға. Сол кітапты құрастыру барысында Қарекеңнің архивімен таныса алдым. Ұқыптылығына қайран қалдым. Сонау Қаражалда жүрген кезінде жасаған баяндамаларына дейін сақталыпты. Жазғыштығы айтқыштығынан артық болмаса кем емес екен. «Доклад первого секретаря Каражалского городского комитета партии...» деп бастағаннан «Спасибо за внимание» дегенге дейінгі 18 бет қағазды мөлдіретіп отырып өзі қолдан жазып шыққанын көргеннен кейін бұл кісі докторлық монографиясын бас-аяғы бес айда бітірген деген сөзге сенбеске лажың да қалмайды. Қ.Тұрысовтың 2003 жылы шыққан «Казахстан: становление рыночной экономики» атты кітабы – Қазақстандағы нарықтық экономиканың қалыптасуын тұжырымдаған іргелі, терең еңбек.
Ардақты ағаның кластас досы Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүние» дегеніндей, амал қанша, елдің жүгін қара нардай қайыспай көтерген тау тұлғаны перзент қайғысы шөктіріп жіберді. Жалғыз ұлының тапа-тал түсте жауыздар қолынан оққа ұшқаны асыл ағаның жанын жеді, еңсесін езді, айықпас ауруға ұшыратты. Қарекеңдей қайратты ер қайғыны жеңе алатын шығар деген үмітіміз ақталмады. Жетпістің жотасына шыға берген шағында Қаратай Тұрысов атты алып бәйтерек опырылып түсті. Дегенмен, дәтке қуат ететін жай да жеткілікті. Айналасы аман. Ұрпағы өсіп, елдік іске араласып жатыр. Есімі ел есінде, айтқаны халықтың аузында, істеген игі істерінің ірі іздері даламыздан да, қаламыздан да табылады. Қазір де жұрт «Қарекең» дегенде «Қай Қарекең?» демейді. Әңгіме қазақтың Қаратайы, Алаштың ардақтысы Қаратай Тұрысов туралы екенін көзі қарақты кісінің бәрі де біледі.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
Мәжіліс депутаты