Жетісудың қарт тұрғынының бірі Сұлухан әже Райымбек ауданының Қарасаз ауылында тұрады. Жалпы, әйгілі Мұқағали жырлаған өлкеде ұзақ жасаған адамдардың қарасы бір шоғыр. Солардың арасындағы егделеуі осы – Сұлухан әже.
Кейуана сегіз құрсақ көтерген екен. Қазір ұрпағы бір қауым елге айналып, 23 немере 13 шөбере сүйіп отыр. Кенже ұлы Төлегеннің қолында. Қарт апаның келіні, ауылдағы мектептің мұғалімі Гүлнар Қасқарауова енесінің қылығын жыр ғып айтады.
– Апамыздың сүйегі асыл ғой. Құжат бойынша 112 жасқа шығады. Өзінің есептеуі бойынша нақ жасы 102 шамасында. Қуаты кеміген жоқ. Әлі де шаруаға қолғабыс жасап отыр. Қолынан инесі түспейді. Осы әулеттен ұзатылған қыздардың жасауына қосатын көрпені өзі көктеп, қолымен жасап береді. Ол ол ма, біздің отағасының даладағы жұмысына кірісіп кететіні бар. Қысқа дайындықты, малдың жем-шөбінің жеткілікті болуын көзімен көріп, тексеріп келмесе тыным таппайды, – дейді Гүлнар.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
Алматы облысы