Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театры жасөспірімдерді актерлік шеберлікке баулитын болады.
Құрамында өнерге бейімі бар 40 бала бар театр студиясы өз жұмысын бастап кетті. Жертөледегі ескі дайындық залы күрделі жөндеуден өтіп, барлық бөлмелер жаңартылды. Сөз өнері мен сахнадағы еркіндікке орыс драма театрының актрисасы Ирина Пашкина үйретеді.
«Театр сахнасында жүргеніме ширек ғасырға жуық болды. Өмірден түйгенім де, тәжірибем де мол. Сахна мәдениеті, қимыл-қозғалыс мәнері, актерлік шеберлік, шешендік өнер жылдар бойы қалыптасады. Қазір 12 мен 18 жас аралығындағы жасөспірімдер келіп жүр», дейді студия жетекшісі.
Колледжде мұғалім мамандығына баулынып жүрген Мәдин Бакина бұрындары көпшілік алдында сөйлеуге қысылып, именсе, енді әжептәуір ысылып қалғаны байқалады. Оның ойынша, театр студиясында тәлім-тәрбие алу болашақ педагог үшін артықтық етпейді. Ал 11 жасар Дмитрий Прохоровтың арманы–актер болу. Осы себепті болар, театр студиясына алғашқылардың қатарында жазылыпты. Алғашқы әсері керемет.
Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының 130 жылдық тарихы бар. Мұнда сахналанатын қойылымдар өнерсүйер қауымның үлкен сұранысына ие. Ата-аналардың театр жанынан балаларға арналған үйірме ашу туралы тілегін қанағаттандыру мақсатымен мәдениет басқармасы қаражат бөлген.
«Балалар жарты жыл бойы дәріс алады. Сосын қойылым әзірлейді Соңынан сертификат табыс етіледі. Шығармашылық мамандықтарға оқуға түскенде көмегі тиері сөзсіз. Ең бастысы өзіміз үшін ізбасарлар даярлауға ықпалы зор болмақ», дейді театрдың көркемдік жетекшісі Елена Покрас.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы