Өңір жастары Елбасының “Жасыл қала – жасыл ауыл” жобасына қолдау көрсету ретінде биыл Петропавл қаласында және әрбір ауданда жастар саябақтарын ашуды белгілеп отыр.
Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Ирина Тухватулинаның айтуынша, биыл облыс орталығында алғашқы рет “Ivent” республикалық инновациялық жобасы, кибер-спорттан өңірлік турнир, жұмысшы мамандықтары бойынша байқаулар және “Жастар керуені” лагері өткізілмек. Соңғы шараның шалғай елді мекендерде еңбек етіп жатқан жас мамандар үшін маңызы зор көрінеді.
Ал ойы ұшқыр жастардың жаңашыл идеяларын қолдауға арналған “Zhasproject” жобасы одан әрі жалғасады. Өткен жылы бұл жоба бойынша 118 миллион теңге инвестиция бағытталыпты . 200-ден астам солтүстікқазақстандық өрен стартап-жобасын қорғаса, оның 67-сі шәкіртақымен және гранттармен қаржыландырылған. Қаржылық қолдаудың арқасында 16 спорт клубы, 12 білім беру және 9 демалыс орталығы, 7 ет және сүт өндірісі кәсіпорны, тігін шеберханасы, құс фабрикасы және шиншилла фермасы ашылыпты.
Енді “Жүз нақты қадам – жастарға” жол картасы жасалып, елді мекендерді абаттандыруға, жас көшеттер отырғызуға басымдық беріліп отыр.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы