Республиканың қай өңірінде болмасын өткен жылы әлеуметтік-экономикалық сала мен білім, денсаулық сақтау жүйелерінде қол жеткен жетістіктер аз емес. Оның кейбір қорытындылары бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарында жария етілуде. Ал мәдениет саласы ше? Оның бары мен жоғын түгендеуге келгенде баяғы кездегідей салғырттық танытып, сол кездегідей қалдық қағидасын ұстанып жүрген жоқпыз ба? Жоқ, олай емес. Олай еместігіне қаңтардың қақаған аязды бір күндері Орал қаласында өткізілген Батыс Қазақстан облысындағы мәдениет қызметкерлерінің кеңейтілген кеңесі куә.
Алдымен айтарымыз, осынау алқалы басқосу бұған дейін тындырылған істерге терең талдаулар жасалып, алдағы атқарылатын іс-шаралардың нақты бағыт-бағдары белгіленуімен ерекшеленген. Осы ерекшелік Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының бастығы Айдар Батырхановтың баяндамасына басты желі болып тартылды. Кеңеске Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қатысып, алда тұрған міндеттерді тайға таңба басқандай жіліктеп, саралап берген кезде оған қатысушылар риза кейіппен “Е, бәсе” деп бір қозғалақтап қалды.
Кез келген облыс басшысы үшін сол өңірде екінші кезекке ысыратын шаруа болмауға тиіс. Алайда көп жағдайларда үлкенді-кішілі атқарушы органдардың жетекшілері әлеуметтік-экономикалық жәйттердің жетегінде кетіп қала беретіні жасырын емес. Ал бұл жолы негізгі мамандығы мұнайшы болып табылатын Бақтықожа Салахатдинұлының мәдениет мәселелері жөніндегі ой-өрісінің тереңдігі, оған шын жаны ашитыны айқын аңғарылып тұрды. Оның өңірде мәдениет пен өнердің дамуы үшін нақты қолдау көрсеткеніне 2007 жылмен салыстырғанда, өткен жылы 1 миллиард 98 миллион теңге артық бөлінгені де айқын дәлел.
Әрине, қол жеткен жетістік ешқайда қашпайды. Оның бәрі баяндамада да жан-жақты қамтылды. Мәдениет ауқымы өте кең ұғым. Оның үстіне бүгінгі күні оған жүктеліп отырған міндеттер де күрделі. Өйткені, мәдениеті жақсы дамыған ел ғана өркениетті мемлекеттер қатарынан орын алады. Осындай тұтас қазақстандық мәдениетті дамытуға республика аймақтарының қосатын орны айрықша. Соның бірі – Ақжайық жұрты. Ендеше, мәдениет мәйегіндегі жоғымыз бен олқы тұстарымызды түгендер болсақ ойға оралатын жәйттер төмендегідей.
Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов атап көрсеткендей, мұндағы бірінші мәселе мәдениет саласында қызмет жасауға лайықты кадрлар әзірлеу қажеттілігінен туындайды. Барлық жердегідей батысқазақстандық мәдениет қызметкерлері де республикалық мәдени саясат және өнертану институтында білім жетілдіру мен қайта даярлау курстарынан өтіп тұрады. Сондай-ақ олар орталықтағы өнер ордаларының қызметімен танысып, тәжірибе алмасады.
Өткен жылы Мәдениет және ақпарат министрлігі “Дипломмен – ауылға” атты жобаны бекіткені белгілі. Мәдениет саласы кадрларына қатысты алғанда Орал өңірінде оны іске асыру үшін кешенді шаралар шоғыры белгіленді. Соған сәйкес, Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлектері шалғай ауылдардағы мәдениет ошақтарына қызметке орналасты. Оларға бір жолғы көтерме ақы төленді. Биыл облыста “Дипломмен – ауылға” жобасы одан әрі жалғасуда. Жас мамандарды ауылда тұрақтандыру мақсатында бүгінде оларға үй сатып алу үшін несие беру жолдары қарастырылған.
Шындығын айтқанда республикада мәдениет қызметкерлерінің білім және денсаулық сақтау саласында істейтін қызметкерлердің жалақысымен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Айталық, мәдениет басқармасының бастығы Айдар Батырхановтың баяндамасында атап көрсетілгендей, қырық жыл еңбек өтілі бар, мүйізі қарағайдай Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының директоры Құжырғали Төлеуішевтың айлық жалақысы қырық мың теңгенің үстінде болса, мәдениет мекемелеріне орналасқан жас маманның табысы – он сегіз мың теңге көлемінде ғана.
Бұдан соң баяндамашы белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, мәдениеттің үлкен жанашыры, жоқтаушысы бола білген Ілияс Омаровтың: Мәдениет – халықтың ең қажетті рухани азығы . Оған көлденең көк аттыларды өткізе беруге, жібере беруге болмайды. Халыққа мәдени қызмет көрсететін маманның өзі де мәдениеттінің мәдениеттісі, сонымен бірге білімі терең, ой-өрісі кең, парасаты биік адам болуы керек деген ұлағатты сөзін мысалға келтірді. Ілекеңнің бұл қағидасы кеңеске қатысушыларға ой салғаны анық.
Кеңесте облыстық театрлар мен филармонияның репертуарларын байыту жөнінде құнды ұсыныс- пікірлер айтылды. Орал қаласындағы А.Н.Островский атындағы орыс драма театры өз дәстүрі мен тарихы, кәсіби деңгейі қалыптасқан республикадағы байырғы театрлардың бірі. Оның құрылғанына 150 жыл толып отыр. Айтайын дегеніміз, осы театр бір күннің тірлігін қамтыған өзегі тар дүниелерді сахналаудан бойларын аулақ салуы арқылы өз көрермендерінің ризашылығына бөленіп жүр. Дегенмен, ендігі жерде осынау өнер шаңырағы халқымыздың бітім-болмысын, қайғы-қасіреті мен қуаныш, махаббатын, арман- тілегін, бүгінгі күні қол жеткен бақытын бейнелейтін сахналық туындыларға да орын беруі керек. Бұл бүгінгі уақыт талабы.
Оның басты жолы – театр репертуарын қазақ драматургтері шығармаларымен және ұлттық рухтағы өзге де драмалық дүниелермен толықтыру. Кез келген театр тұтастай алғанда адамдар проблемаларымен айналысады. Сондықтан да мұндағы сахнаға жол тартатын туындылар да заманмен үндесе алатын деңгейде болуы қажет. Сонымен бірге классикалық тұрпаттағы туындылардың орны қашанда бөлек. Өйткені, уақыт қанша алға жылжығанымен, тарих дөңгелегі ұршықша айналғанымен кез келген қоғамға тән астары терең адами проблемаларды өз репертуарларына өзек ете білген өнер ұжымдарының мерейі қашанда биік. Осы орайда Оралдағы орыс драма театрының шығармашылық ұжымы осы деңгейден шыға алады деп сенгіміз келеді.
Республиканың батыс өңірі ежелден төкпе күйдің отаны саналады. Рухты асқақтатып, намыстарды жанитын осындай асқақ та өр өнердің бастауы – күй атасы Құрманғазыдан, күй анасы – Динадан, Баламайсаннан, Мәменнен, Оқаптан, Сейтектен, Түркештен және Қалидан тамыр тартады. Алайда, өңірде соңғы кезде осы төкпе күй дәстүрінің арқауы босап бара жатқандай көрінеді. “Мәдени мұра” бағдарламасының бір міндеті – халқымыздың тағдырымен тоғысып жатқан осы күй өнерін алдағы ғасырларға жалғау болған еді. Осынау рухани талап алдағы кезде де маңызын жоймақ емес. Бұл істе бүгінгі күй өнерінің корифейлері мен жанашырларына артылар салмақ та, қойылар міндет те жоғары. Осы мақсатта күй фестивальдарын өткізудің де берері мол. Оралда өткізілген мәдениет қызметкерлерінің кеңесінде жасалған бір түйін осындай.
Сонымен бірге бұл басқосуда жоғарыда айтылғандай, шешімін күтіп тұрған мәселелерді шешу жолдары да белгіленді. Бүгінгі күні облыс бойынша 43 мәдениет мекемесі ғимараты күрделі жөндеуді керек етеді. Оның жетеуі кітапхана, отыз жетісі ауылдық мәдениет үйлері. Ең бір күрделісі Теректі, Казталов, Қаратөбе және Тасқала аудандарының кейбір ауылдарында жаңа мәдениет үйі ғимараттарын салу болып отыр.
Бүгінгі экономикалық-қаржы дағдарысы жағдайында жаңа құрылыс салу мүмкіндігі азайып кетті. Бұл тек бір өңір ғана емес, бүкіл республикаға тән жағдай. Дегенмен, ол уақытша құбылыс екені де белгілі. Уақыттың осындай сыни сәтін өз ұпайымызға пайдаланып қалу ниетінен аулақпыз. Қазір шұғыл тактикалық шаралар белгілеп, жергілікті жерде ыңғайға келетін нысандарды сатып алып, оған күрделі жөндеулер жүргізуді көздеп отырмыз. Оған арналған тиісті қаражат көздері де бар. Осы мақсатта аудан әкімдерімен келісімдер жасалуда, – деді газет тілшісіне алдыңғы ойды одан әрі шегелей түскен Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының бастығы Айдар Батырханов.
Сөздің қысқасы, бүгінгі күні Ақжайық өңірінде мәдени қызметтің деңгейін көтеріп, оның өрісін кеңейтуде қол жеткен жетістіктер жеткілікті. Бұл бағытта іс пен сөздің бірлігі үйлесім табуда. Алайда бүгінгі жетістік ертеңге өлшем бола алмайды. Осы қағиданы мәдениеттің басы-қасында жүрген батысқазақстандық басшы азаматтар берік ұстанған. Олардың өткенге талдау жасап, алдағы уақытқа жаңа міндеттер белгілеуі, сөз жоқ, құптауға, өзге әріптестеріне үлгі-өнеге етіп ұсынуға әбден лайықты. Сондықтан да оның ұзын-ырғасын оқырмандар назарына бергенді жөн көрдік.
Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы.